Жаңашылдыққа бейім жас ұстаз
Бүгінде білім беру жүйесінде тың жаңалыққа иек артатын ұстаздар қауымы жеткілікті. Оқушыны тек бір сарында оқыту заман талабына сай емес. Сондықтан, жаңашылдыққа бетбұрыс жасаған педагогтарды барынша қолдау керек. Мәселен, жас ұстаз Гүлнар Серікболова өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, «Тикток» әлеуметтік желісінде баламен жұмыс жасау, сабақ өту барысы жөнінде белсенді түрде заманауи бейне көріністер жүктеп келеді.
«Тикток» әлеуметтік желісінде 5 мыңнан аса оқырманы бар жас ұстаздың ұстаздық қызметте 6 жылға жуық тәжірибесі қалыптасқан. Қашанда жан-жақты ізденуге машықтанған Гүлнар Серікболова – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде «Орыс тілі және әдебиеті» пәні мамандығын меңгерген. Қазіргі уақытта №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде өз мамандығы бойынша оқушыларға сабақ береді.
– Елімізде білім саласы бойынша біршама реформалар жүргізіліп келеді. Өткен жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Тикток» платформасы #ҚазақстанМұғалімдері байқауын жариялаған болатын. Байқау барысында аталған платформаға еліміздің түкпір-түкпірінен қатысып жатқан ұстаздар өз пәні бойынша танымдық сабақ жариялап отырады. Сонымен бірге бейнекөріністер 30 секундқа созылуы – маңызды рөл ойнайды. Осылайша, «Тикток» платформасынан ұстаздарға және оқушыларға арналған екі акаунт ашып, бейнекөріністі жүктей бастадым. Шығармашыл ұстаздарды ынталандыруға арналған байқауда баланы оқытудағы бірнеше әдіс-тәсілді ойлап таптым. Тілді меңгеруге арналған жаттығулар көпшіліктің қызығушылығын тудыра бастады. Негізінен, мұндай тың бастаманы 2 жыл бұрын қолға алуды ойлаған болатынмын. Дегенмен, озық жобаны жүзеге асырудың сәті жаңа оқу жылында түсті. Өз басым инклюзивті білім беру саласына ерекше назар аудардым, – дейді жас ұстаз.
Республика көлемінде шығармашыл ұстаздармен тығыз байланыс орнататын Гүлнар Серікболова баланың алдындағы қатал ұстаз бейнесін жоюға тырысады. Әрбір оқушымен еркін пікір алмасып, ойымен санасуға бекінеді. Осылайша, білім алушымен кері байланыс орнату, оларды қабілетіне сай топқа бөлуді ұйымдастырады. Жалпы, жас педагог кез келген сабағын оқушыларға ойын мен қызықты тапсырманы орындату арқылы өткізеді. Ұстаздарға пайдасы зор сабақ берудегі көптеген ерекшелікті «Тикток» платформасынан ұстаздар тамашалай алады. Осы күні ізденімпаз ұстаздың аталған платформаға жүктеген бейнекөрінісін 2 миллион 800 мың адамға дейін тамашалаған.
Ақпараттық технология саласында тәжірибе жинақтап жүрген жас ұстаз бірнеше облыстық байқауға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген. Сонымен бірге кәсіби маманның оқушылары да, білім бәсекелерінде мықтылық танытып келеді. Баланың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында күн сайын нәтижелі сабақ әлеуметтік желіге жүктеліп отыратыны тағы бар.
– Күнделікті балалармен пікір алмасып отырамыз. Үнемі балалар өз ойларын ортаға салады. #ҚазақстанМұғалімдері байқауына қатысқаныма қуаныштымын. Шығармашыл ұстаз ретінде айрықша мотивация алдым. Осы байқау арқылы жұмыс істеу барысы қалыптасты. Бейнекөрініс түсіру барысында орыс тілі сабағында ескерілетін ережелер назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта осы бағыт бойынша жұмыстарды жетілдіріп отырамын, – дейді шығармашыл ұстаз.
Әрине, білім саласында еңбек ету барысында ұстаздарға өзіндік деңгейін жетілдіріп отыру артық етпейді. Қазіргі уақытта «Тикток» платформасына қосымша «Ютуб» каналын жүргізетін Гүлнар Серікболова жаңашыл ұстаз ретінде өзге мемлекеттің педагогтарымен берік байланыс орнатқан. Өз кезегінде әркез оқушылары үшін тың жобаларды жүзеге асыратын жас ұстаздың алдағы қызметіне табыс тілейміз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ