Еңбегімен елге сыйлы
Күлбибі Есенәліқызы – білікті маман, өз саласының білгірі. Ол отыз екі жылдан бері білім беру саласында абыройлы қызмет етіп, бала тәрбиесімен айналысып келеді. Есеп-қисапқа негізделген күрмеуі көп саланы жетік меңгеріп, кейінгі ұрпақ бойына білім нәрін құйып жүр. Ардақты ана, қарапайым жан кейде өз балаларынан халықтың баласына көбірек көңіл бөлетінін айтады.
Кейіпкеріміз Күлбибі Жүсіповамен бас редактордың тапсырмасы бойынша байланыс орнатып, сұхбат құрдық. Аудан орталығынан шалғайда жатқан Айдарлы ауылындағы №139 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін ұстаз бізге жылы шырай танытып, өзінің қарапайымдылығын көрсетті. Күлбибі апай – 1970 жылдың тумасы. Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында алған ол жастайынан арман еткен мұғалімдік мамандықтың қыры мен сырына осы оқу ордасында қаныққан. Ұстаздар ұстаханасына айналған оқу ордасында жары Базарбек Накиповпен кездесіп, Айдарлы ауылына келін болып түскен. Осылайша шымкенттік ару қызылордалық азаматпен отау құрып, шаңырақ көтерген. Осы тұста Бауыржан Момышұлының бір сөзі ойға оралып тұр. «Жер бетіндегі ең батыр адам – қыз. Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп, ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» деген екен. Бір ел болғанымен, салты мен дәстүрінде айырмашылық көп Оңтүстік облыстан келген жас келінге алғашқыда біздің жақтың салтына үйренісу оңай болмапты. Күлбибі апай тәтті бір естеліктерді еске алып, бүгінде сол күндердің бәрі көрген түстей артта қалғанын айтады. Жазушы, Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлы айтқандай, Күлбибі апай бүгінде келін болып түскен жұртына әбден сіңісіп, ұрпағын көбейтіп, әулеттің ақылшы анасына айналған.
Қарапайымдылығымен ел-жұртқа сыйлы болып, адалдығымен тура жолдан таймаған ұстаз-ана өмірде үлкен жетістіктерге жеткен. Ең үлкен байлығы – береке мен бақыт ұялаған биік шаңырағы. Шаңырақтың құты болған, көзінің ағы мен қарасы болған қызы мен ұлы және олардан тараған немере, жиендер, көсегесі көгеріп, керегесі кеңіген жанұясы – бақыттың үлкені. Күлбибі апай мен Базарбек аға 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелердің қызығына тоймай жүрген бақытты ата мен әже. Өмірлік жолдасы Базарбек Ермаханұлы да қазіргі таңда білім беру саласында, мектеп директорының ғылыми-бейіндік орынбасары болып қызмет етеді. Ұлы мен келіні де осы саланың білікті мамандары, ал қызы – қаржы саласында.
Ұлағатты ұстаздың білім беру саласындағы еңбегі де елеусіз қалмаған. Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі – «ұстаздан озған» шәкірттері деуге негіз бар. Сабақ үрдісін жаңартылған технологияларға негіздей өтіп, тақырыпты оқушы санасына түгел игерте білетін маманның тәрбиелеген шәкірттерінің алды бүгінде үлкен қызметте. Олар жоғары білім мекемелерінде, шаруашылықтарда, басқа да түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Ұстазы үмітті ақтаған шәкірттерімен мақтанса, шәкірт те білім алған ыстық ұясын, тәлім берген аяулы ұстаздарын еш уақытта естен шығарған емес.
Сондай-ақ Күлбибі апай қазіргі таңда тоғызыншы сыныпқа жетекшілік етеді. Сынып жетекшісі болу деген оқушыға өз анасындай болып, жауапкершілік жүгін арқалауды білдіреді. Осындай күрделі қызметтерді үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген аяулы жан түрлі олимпиадаларға қатысып жүлдегер атанып жүр. Сондай-ақ әр жылдары аудандық білім бөлімінің, аудандық мәслихат депутатының, ауыл әкімінің арнайы «Алғыс хатына» ие болған. Және түрлі байқаулар мен олипиадалардан жүлделі орын алып, ұстаз мерейін арттырып жүрген Інжу Қырықпа, Ақжүніс Ардабек сияқты талапты оқушыларын мақтан тұтады.
– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демей ме?! Отыз екі жылдан бері білім беру саласында қызмет етіп келемін. Небір шәкірт, небір маман тәрбиеледік деп айтуға негіз бар. Қызметпен қатар отбасылық өмір, бала тәрбиесін де қатар алып жүрдік. Ұстаздық – ұлы қызмет. Кей кезде өз сыныбымның, оқушыларымның іс-шарасы, дайындығы, сабақ үлгерімі деп жүріп өз балаларыма уақыт таппайтын кездер де болады. Үлкен жауапкершілік болғандықтан, жан-жақты болып, бәріне үлгеруге тура келеді. Еңбегіміздің жемісі қайтып, түлеп ұшырған шәкірттерім үлкен қызметтерге араласып жүр. Бәйтішев Қанат есімді алғашқы түлегім Түркістан облысында бір мектептің директоры қызметін атқарып келеді. Ақбота Әбсапаева деген оқушым Тараз қаласында тұрады, білікті дәрігер. Одан басқа да шәкірттерім денсаулық, қаржы, білім беру салаларында абыройлы қызмет етуде. Осындай сәттерді көргенде өзімді бақытты ана, мамандығын адаспай тапқан бақытты ұстазбын деп санаймын. «Асықпай жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» демей ме. Адал еңбектің нәтижесі қашан да анық, – дейді К.Жүсіпова.
Күлбибі апайдың бойында түрлі өнер тоғысқан. Математика саласының білгірі шығармашылыққа да жақын. Киім тігіп, сурет салғанды жаны сүйеді. Арнайы білімі де бар. Және бір-біріне аса жақын келмейтін қос саланы бірдей меңгерген. Ұжымдастарына, ауылдастарына сәнді көйлек тігіп беріп, түрлі іс-шаралардың көрнекіліктерін өз қолымен дайындайды. Және онысын кәсіпке айналдырмай, көпшілікке көмек ретінде ұсынып та жатады. Еңбегін ақшамен ғана бағаламайтын ол «адамдардың шын ниетімен айтқан алғысы маған жеткілікті» дейді. Жақында Айдарлы ауылындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Сұлу-ай» өнер орталығының ұйымдастыруымен «Кім патша?» театрландырылған қойылымы өткен еді. Ұтымды ұйымдастырылған өнер кешіне аудандық газет ақпараттық қолдау көрсеткен болатын. Сол қойылымдағы барлық аңдар мен кейіпкерлердің киімін біздің бүгінгі кейіпкеріміз Күлбибі апай өз қолымен тігіп шыққан екен.
Иә, «жақсылық қылсаң, қайырын өзің көресің» деген рас. Өзінің жан-жақты өнері мен талантын халық игілігі жолында жұмсап жүрген жан қарапайымдылығымен ортасына сыйлы. Нағыз ұстаз осындай болса керек! Жан-жақтылығымен жалпыға жақсылығын аямаған, білімімен келешек ұрпақты сусындатып, ісімен үлгі болған осындай қарапаймы жандар бар арамызда! Ұрпағымен мақтанып, шәкіртімен шырайлы, жібек мінезімен көпке сыйлы болған жанға шығармашылық шабыт, қызметіне сәттілік тілейміз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ