Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздық жолда – отыз бес жыл

Ұстаздық жолда – отыз бес жыл

Кейіпкеріміз Жанаткүл апай отыз бес жылдан бері ұстаздық жолды жанына серік етіп, талай шәкіртті түлетіп ұшырған. «Мұғалімдік – мамандықтың төресі. Осы жолды таңдаға­ныма еш өкінбеймін» деген кейіпкеріміз – ағылшын тілі пә­нінің мұғалімі.

Оның үстіне жаһандану дәуірінде шет тілді білу аса маңызды. Осы ретте №130 Абай атындағы мектепте табан аудармастан қызмет етіп келе жатқан ұстаз қаншама баланың тіл үйреніп, үлкен өмірге қадам басуына себепкер болған.

Жанаткүл Ізмағанбетқызы 1963 жылдың тумасы, кентке қарасты бұрынғы Ильич совхозында дүниеге келген. Алғаш ауыл мектебінің бірінші сыныбына қадам басқан алғыр оқушы болашақта осы мектептің ұлағатты ұстазы боларын, сірә, сезбеген де болар. Ол кезде заман солай, мектеп бітіре салып оқуға түсу екінің біріне бұйыра бермеген. Кейіпкеріміз де мектеп бітірісімен совхоз өміріне белсене араласып, бір жыл тәжірибе жинаған. Келесі жылы ғана Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа тапсырып, оқуға түскен. Жоғарғы оқу орнының ағылшын тілі факультетін 1987 жылы бітіргеннен кейін кәсіби маман ретінде қызметке кіріскен. Ұстаз ретіндегі алғашқы еңбек жолын өзі білім алған мектептен бастап, қазіргі таңда аға буын, ардақты ұстаз, ақылшы әріптес болып отырған жайы бар.

– Оқу оқып жүргенде тұрмысқа шықтым. Жолдасым Нұрсейіт Достияров ұзақ жылдан бері сов­хозда механизатор қызметін абыроймен атқарып келеді. Екеуіміз екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірдік. Үлкен қызым анасының жолын қуды. Қазір ол да ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Екінші қызым бала күтіміне байланысты демалыста. Одан кейінгі ұлым – қолымда. Келінім бар. Шаңырағымыздың шаттығына айналған немерелерім өсіп келеді, – деп жауап берді ардақты ана жеке өмірі туралы сұрағанымызда.

Бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған асыл ана, аяулы әже шаңырақтың қамқоршысы әрі ардақтысы. Халықтың баласын өз баласынан кем көрмей, бар білгенін үйреткен білікті маман.

– Қызмет бабындағы жетістіктерді айтсақ, отыз бес жыл еңбек еткенде биік белестерді бағындырдық. Еңбегім ескеріліп, мектепішілік, аудандық, облыстық кәсіподақ «Құрмет грамотасымен», халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ аудандық филиалының «Алғыс хатымен», Қорқыт ата университетінің арнайы төсбелгісімен марапатталдым. Мектеп жанынан құрылған ағылшын тілі бірлестігінің жетекшісі ретінде қоғамдық жұмысты атқарып келемін. Ұстаздың мерейі шәкіртімен көрінеді ғой. Еңбек жолымда бақандай бес сыныпты жоғары сыныптарда оқытып, үлкен өмірге қанаттандырған екенмін. Шәкірттерімнің алды қазір тұрмыста, балалы-шағалы. Ұстаздық жолды таңдағандары да жетерлік. Әлі күнге байланыс орнатып, жетістіктеріне сырттай тілеулес болып жүремін, – дейді Ж.Берікболова.

Әңгіменің тиегін ағытып, апай бізге бір қызықты жайтты айтып берді.

– 2002 жылы ауылға Голландиядан ерлі-зайыпты қонақтар келді. Жұбайы агроном екен, тәжірибе алмасу мақсатында Ақжарма ауылына бір айға келген. Ал әйелі Элиза педагог маман екен. Ол мектепке келіп, өз еркімен мектеп өмірімен танысып, тәжірибе жинақтағысы келетінін айтты. Біз онымен танысып, жақсы қарым-қатынас орнаттық. Бір аптадан соң ол балаларға сабақ бере бастады. Шетелдік құдайы қонақтарды жатырқамай, құшақ жая қарсы алып, тәжірибе алмастық. Бір ай уақыт ішінде шетелдік мұғалімге қазақ тілін де үйреттік. Ол өз кезегінде біз білмеген ақпараттармен бөліс­ті. Солай бір айдай бірге жүрдік. Кейін ол шетелге кеткен соң да біраз уақыт бойы байланысымызды үзбедік. Не дегенмен, таза ағылшын тілінде сөйлейтін шетелдікпен сөйлескен қызықты болды. Бұл менің тәжірибемді дамытуыма көп ықпал етті, – деді ол.

Қанша жылдық еңбек өтілінде көп нәрсені жадына тоқи білген білікті ұстаз ізденуді еш уақытта тоқтатқан емес. Ұдайы біліктілік курстарына қа­тысып, жас мамандарға білгенін үйретіп, олардан жаңашылдықты үйреніп те отырады екен. Бұл – ұстаздың бала күнінен армандаған мамандығына деген сүйіспеншілігінен болса керек. Айтпақшы, Жанат апай ұстаз болуды кішкентай кезінен армандаған. Тіпті балалармен ойын ойнағанда ұстаздың рөлін жиі орындайтын ол арманының нағыз өміріне айналғанына разы. Бүгінде зейнет жасына жақындаған ұстаз кейінгі жас мамандарға білгенін, тәжірибесін айтып, үйретіп отырады.

«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер – білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», – деп данышпан әл-Фараби жақсы ұстаздың қасиеттерін айшықтайды. Өнеге толы өмірін білім беру саласына арнап келе жатқан Жанаткүл Берікболованың бойынан аталған ізгіліктің бәрі де табылады десек, артық айтқандық емес.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 қараша 2022 ж. 348 0