Кәсібін дөңгелеткен Шыңғысхан
Кешқұрым уақытта серуенге шығатын отбасылар орталық алаңды демалыс аймағына айналдырған. Тәп-тәтті балғынға ерекше көңіл-күй сыйлайтын электронды ойыншық көлікті де осы жерден таба аласыз. Қазіргі уақытта керемет ойыншық түрі жалдамалы қызмет ретінде тұрғындарға ұсынылуда. Мұндай ерекше кәсіпті жандандырған жас кәсіпкер Шыңғысхан Болатов. Әркез тұрғындарға қуаныш сыйлауды мақсат тұтқан талапты жаспен әңгімелескен едік.
Ең алғаш бизнесін 17 жасында бастаған Шыңғысхан Болатов Тереңөзек кентінің тумасы. Үнемі бизнестің сан түрлі тетігін зерттеп жүретін жас кәсіпкер балалар ойнайтын электронды ойыншық көліктер керек екенін аңғарады. Сондықтан өткен жылы жаңа кәсіпті меңгере бастады. Бірнеше электронды ойыншық көлікті сатып алуға 1 миллион теңге қаражат жұмсаған. Бүгінде тұрғындар 10 минутқа жалға алу үшін 500 теңгесін жұмсайды. Сонымен бірге жүйткіген өзгеде электронды техникалар бар. Мұндай ойын-сауық аймағы көпшіліктің бос уақытын тиімді пайдалануға таптырмас мүмкіндік болып табылады.
– Тереңөзек кентінің тұрғындары мен қонақтары біздің қызметімізге жоғары баға беруде. Өткен жылы Аманкелді Иманов көшесінің бойынан құйылмалы балмұздақ сататын дүңгіршек ашқан болатынбыз. Қай кезде де аудан тұрғындары біздің өнімімізді таңдайды. Өз кезегінде орталық алаңда серуен құрып жүрген тұрғындар үшін ерекше дүние қажет екенін білдім. Бір отбасында 3-4 бала болса, олардың жақсы демалуына барлық мүмкіндік қарастырылуы тиіс. Осылайша, өткен жылы электронды ойыншық көліктер әкелген едік. Міне, тұрғындар кешкілік ұл-қыздарымен бірге, осы қызмет түрін пайдаланады. Күнделікті көліктерге сұраныс жоғары. Шындығында, жергілікті халыққа сапалы қызмет етуге барымызды саламыз, – деді Шыңғысхан Болатов.
Әркез жаңашылдыққа бейім жас кәсіпкер бір жылдары жүк тасымалдау қызметін атқарған. Сонымен бірге мал шаруашылығына ден қойып, төрт-түлікті бордақылау ісімен айналысқан. Негізінен, Шыңғысхан Болатұлы отбасында 5 ағайынды. Отбасылық кәсіпті игеру үшін әкесі Болат, анасы Жеңіскүл және бауырлары жәрдемдесуде. Жігерлі жас кәсіпкер Шыңғысхан №36 Әбділда Тәжібаев мектеп-лицейден білім алған. Одан кейін Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде «Дене шынықтыру пәні» мамандығын алған.
Айта кетейік, жас кәсіпкер жақында аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен Қызылорда қаласынан «Baby shoy» аниматорлық орталығының мамандарын шақырған еді. Орталық алаңда аниматор мамандары аудан тұрғындарына айрықша концерттік бағдарлама ұсынды. 600-ге жуық тұрғын қатысқан іс-шараға бағалы сыйлық таратылды. Алдағы уақытта мұндай шоу бағдарламалар жалғасын таба бермек.
Балтабай ОРДАБЕКОВ