Келеңсіз жағдай қайталанбасын
Бейбіт күннің қадірін біліп, тыныштықтың мәнін түсіну үшін аса көп ақылдың қажеті жоқ. Халқымызға керегі – ел-жұрттың амандығы. Бірақ төтеннен келетін қайғы-қасірет кейде тұтас бір ұлттың басына бұлт үйіретіні өкінішті. Талай сындарлы сәттен өткен халқымыздың басынан тағы да ұмытылмас сәт өткені мәлім. Мұны тарих өз қойнауына алып кеткенімен, көптеген отбасы өз жақынынан айырылып, қара жамылды.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы болып, тарихтың қатпарына сіңіп бара жатқан елімізде болған дүрбелеңге бір жыл толып тұр. Өткен жылғы айтулы оқиға кезінде біздің жастарымыз арандап қалды. Ол – ақиқат.
Осы оқиға тұсында біз көптеген нәрсені басқаша ұғындық. Біз, мәңгілік құндылықтар мен өмірлік маңызға ие көптеген дүниені басқа қырынан көрдік. Азанғы ұйқыдан мылтықтың дауысынан оянбауды үміт еттік. Мемлекетіміздің жат пиғылдылардың қолдарына өтіп кетпеуі үшін Жаратқанға жалбарындық. Жаппай тәртіпсіздіктің салдарына бойламай, дүрбелеңге араласып, өмір сабақтары ерте қиылған боздақтар үшін қайғырдық. Міне, сол қайғылы оқиғаның ақиқатын ашу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қыруар іс тындырылуда. Көптеген жайттың басы ашылуда. Ақпарат көздерінен осы дүрбелеңді тудыру үшін талай уақыт әзірлік жүргендігі туралы айтылды. Тіпті, сырт мемлекеттерден де қатысушылар тобы болғандығы анықталған. Дегенмен ел бірлігі мен татулығы бәрінен қымбат. Шынайы көзқарас пен биліктің дер кезінде қолға алған шешімінің арқасында елде тыныштық орнады. Көптің тілегі қабыл болып, қорқыныш сейілді. Қалыпты өмірге көп ұзамай оралып, бүлінген мүлік қалпына келді.
Алдағы уақыттарда мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмай, еліміз дамудың даңғылына түсіп, өсіп-өркендей берсін!
Марат ЕСПЕНБЕТОВ,
аудандық қоғамдық
кеңес төрағасы
аудандық қоғамдық
кеңес төрағасы