Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі күнге шүкіршілік етеді

Бүгінгі күнге шүкіршілік етеді

Құрманкүл Шаңбайқызы – бүгін­де ұл-қыздарын қияға қондырып, не­мере, шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Құрманкүл десе көбісі біле бермейтін шығар, ал Құрмаш әжені көпшілік жақсы таниды.
– Мен 1932 жылы дүниеге келген екенмін. Біздің балалық шағымыз сол жылдардағы ашаршылықпен тура келді. Жастайымнан небір қиын күндерді басымыздан өткердік. Ол заман тарих беттерінде зұлмат, адам жаны түршігерлік қасірет болғаны ақиқат. Біздің жадымызда сол жылдар ерекше есте қалды. Шыны керек, қанша адамның жанын қиды, көптеген адамдарды мүгедек қылды, небір ауыр қасіретті жағдай болды. Сол кезде халқымыздың басым бөлігі қасаң да қатаң мемлекеттік саясаттың құрбанына айналды. Миллиондаған азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Еске түсіру қандай қиын десеңізші?! Еріксіз жанарыңа жас ұялатады, – дейді Құрмаш әже.
Қалай дегенде де бұл кезең бір мемлекеттің өз азаматтарын қырып-жоюға арналып, оны ең алдыңғы қатарлы өкілдерінен айыруға бағытталған кең ауқымды қанды қасап болды.
Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 31 мамыр деп белгіленген. Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Бірақ ешкімнің сағы сынбады, жігері жасымады. Көптеген ұлт өкілдерінің тізе қосқан бірлігі мен ерлігі жүрекке болашаққа деген үлкен сенім орнатты.
– Құдайға мың шүкіршілік, сеніміміз ақ­та­лып, бейбітшілік орнаған мекенде бақытты өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Осы өлкеде тұрмысқа шығып балалы-шағалы болдық. Азаматым Құндызды ауылдық кеңесте хатшы болды. Ұстаздық қызмет атқарып, СПТУ-88 училищеде сабақ берді. Өзім де №131 орта мектепте қызмет еттім. Сол бейнетіммен зейнетке шығып отырған жайым бар. Осы елді мекеннің байырғы тұрғынымын. Ер азаматым екеуміз 8 ұл-қызды тәрбиелеп, өсірдік. Біздің басымыздан өткен нәубет жылдарды енді көрсетпесе екен. Сол жылдардың жаңғырығы бізбен бірге тарих беттерінде қалса деймін. Біздің еліміз, ұрпағымыз бейбіт күнде, бейбіт өмір сүріп, бақытқа кенеле берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сол жылдар өз заманымен артта қала берсін, – деді Құрмаш әже ақ тілегін жаудырып.


Фатима МАРАТҚЫЗЫ

30 мамыр 2020 ж. 426 0