Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар жетістігі жаңашылдыққа үндейді

Жастар жетістігі жаңашылдыққа үндейді

Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Жас маман жаңашылдыққа ұмтылып, қоғамның жетекші күші ретінде ел дамуына үлес қосады. Бүгінгі кейіпкеріміз жас та болса болашақ ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп, ауданның білім саласын дамытуға ықпал жасау­да. Әсел Көшербаеваның төрт жылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ.

Осы күнге дейін талай белесті бағындырып, түрлі марапатқа лайық деп танылған Әсел өткен жылды да табысты қорытындылады. Аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының білім және ғылым саласы бойынша иегері атанып, мерейі артты.

Қалжан ахун ауылында дүниеге келіп, ауыл мектебінен білім алған Әсел кішкентай бала күнінен мұғалім болуды армандаған. №126 орта мектепті тәмамдағаннан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түскен. Мамандығы – химия пәнінің мұғалімі. Қиын әрі қауіпті саланы меңгере жүріп, қоғамдық өмірде белсенділік танытқан ол «Президенттік шәкіртақыға» да ие болған. Үздік білімі мен талабы үшін жоғарғы оқу орны Әселдің ата-анасына арнайы «Алғыс хат» жіберген екен. «Жақсы бала ата-анасын мақтатар» деген осындайда айтылса керек.

– Бала күнімізде өзге қыздар қуыршақпен яки басқа ойын ойнаса, біз мұғалім болып ойнаушы едік. Басқа балаларды түгел жинап, мектептегі мұғалімнен көргенімізді қайта­лай­мыз. Мұғалімдік салаға, ұстаздық жолға деген қызығушылық пен талаптың алғашқы қадамы және мықты іргетасы сол тұстан бас­тап қаланған сияқты. Жақсы ұстаз балаға үлгі бола алады. Осы салаға келуімнің бірден бір себебі де сол. Мектепте Ерлан Әбілдаев деген ағай химия пәнінен сабақ берген еді. Ол кісінің өзін ұстауы, сабырлы қалпы, сабақты түсіндіруіне қатты қызығатынмын. Еліктеп, сол кісіге қарап бой түзеуге тырысатынмын. Ерлан ағаймен бірге химия пәнінен түрлі олимпиадаларға қатысып, жобалар жасадық. Осылай химия пәніне деген қызығушылығым арта түсті, – дейді өз ісінің маманы Әсел Көшербаева.

Өзінің еңбек жолын аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей­ден бастаған. Бүгінде талай шәкірт тәрбиелеп үлгерген жас маман кезінде алдыңғы буынға қарап бет түзесе, енді өзінен кейінгілер Әселді үлгі етеді. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, жаңашыл идеяларды алдыңғы орынға қоятын ұстаз алдындағы шәкіртпен бала ретінде емес, дос ретінде тіл табысатынын айтады. Қызметтік кезеңнің алғашқы жылдарында 10 сыныпқа жетекшілік етіп, оқушыларын 11 сыныптан абыроймен түлетіп ұшырған. Қандай жетістікке жетсе де, ата-анасының арқасы деп білетін ибалы қыз қазіргі таңда бір әулеттің инабатты келіні. Жаңа отбасы да Әселдің жұмысына, әр бастамасына қолдау білдіріп отырады. Ал жары Данияр екеуі Дәрия есімді кішкентай бүлдіршінді дүниеге әкеліп, өсіруде.

Әселдің өмірде жеткен жетістігімен қатар қызметтегі жетістіктері де көп. Атап айтар болсақ, 2019 жылы білім қызметкерлерінің аудандық, облыстық «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінде лауреат атанса, «Жалындаған жастық – жаңа белес» жас педагогтер лагерінде кәсіподақ алғысына бөленген. Сондай ақ қоғамдағы келелі тақырыптарға орай ұсынылған ғылыми мақалалары басылым беттерінде жарық көріп, «Үздік автор» атанған. Сондай-ақ, 2020 жылы аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, дәл сол жылы «Қазақстан жыл мұғалімі» төсбелгісіне ие болған. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, мұғалім мәртебесі шәкірт мерейімен де өлшенері анық. Осы ретте, бәгеге қосқан оқушылары да оза шауып, жүлдемен оралып жүргенін айта кету орынды. Әсем Кенжебекова, Аяужан Болатбек, Інжу Қайыржанқызы, Еркежан Әскербекқызы есімді талапты оқушылар химия пәнінен түрлі деңгейдегі олимпиадалардан үздік шығып, ұстаз үмітін ақтап келеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 қаңтар 2023 ж. 374 0