Еңбегімен елеулі, шәкіртімен шырайлы
Қызмет пен қоғамдық өмірді қатар алып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген нәзік жандылар бар. Солардың бірі – Әйгерім Жұмабекова.
Әйгерім 1988 жылы дүниеге келген. Кішкентай бала күнінен ән мен биге икемді, сөзге шешен болған ол өмірлік мамандығын да осы саламен байланыстырған. Іңкәрдария ауылындағы орта мектепті тәмамдаған соң үлкен қалаға арман қуып аттанған өнерлі қызды арманы адастырмаған. Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық университетін филология мамандығы бойынша бітіріп, «тіл маманы» атанып шыққан.
Әйгерімнің ең алғашқы қызмет жолы да осы алып шаһардан басталған. Қаладағы үлкен мектептердің бірінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып орналасқан. Қоғамдық жұмыстарда белсенді екенін байқаған мектеп әкімшілігі Әйгерімнің аға әдіскерлік қызметті қоса атқаруын құп көріпті. Осылайша ұстаздық ұлы жолдан алғашқы еңбек жолын бастап тәжірибе жинаған.
Кейін туған жерге оралып, Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде мәдени-ескерткіштерді басқару инспекторы болып жұмыс жасаған. Еңбек жолында түрлі ортамен тәжірибе алмасып үлгерген ол қазіргі таңда Іңкәрдария ауылдық клуб үйінде әдіскер болып жұмыс жасайды.
Әріптестері Әйгерімнің білікті әрі тиянақты маман екенін айтады. Мерекелік кештерді нақышына келтіре жүргізіп, түрлі байқауларда топ жарып жүрген ол бүгінде шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алған. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Әйгерімнің үкілеп дайындап, топқа қосқан шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларда оза шауып, ұстаз мерейін үстем етіп жүр.
«Қайырымдылық қылсаң, қайырын көресің» деген ойды өмірлік ұстанымына айналдырған кейіпкеріміз қайырымдылық іс-шараларында да белсенді. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әркез көмек қолын созудан аянып қалған емес. Оның үстіне, осындай игі істерді өзі ұйымдастырып, атсалысып жүреді.
– Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған еді. Сол кезде еріктілер тобын құрып, жетекшілік еттім. Топ атауын «Мейірім» деп атадық. Қайырымды жандардан құрылған тобымыз қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созу, ардагерлер мен жалғыз басты қарттарға көмек көрсету сияқты бағыттар бойынша жұмыс жасады. Расында, әлемді сақтап тұрған – мейірім, – дейді жомарт жүрек иесі.
Әйгерім Жұмабекова 2021 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында «Праймериз» іріктеуіне қатысып, Іңкәрдария ауылының атынан аудандық депутаттыққа үміткер ретінде қатысқанын да айта кеткеніміз орынды.
Әйгерім біліктілігін арттыру курстарына қатысып, ұдайы тәжірибесін толықтырып отырады. Алған білімін болашақ ұрпақ ойына құйып, бала тәрбиелеп жүр. Клуб үйі жанынан құрылған «Бестің шайы», «Ертегілер еліне саяхат» атты айдарларға жетекшілік етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген өнерпаздың еңбегі еленіп, түрлі деңгейдегі марапаттарға да ие болып жүр. Атап айтар болсақ, Алматы қаласында өткен «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчествалық Бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған Әйгерім Бірлестік Президентінің «Мәдениет майталманы» төсбелгісіне ие болған. 2021 жылы «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы С.Иманқұлованың «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2022 жылы Алматы қаласында өткен «Аналар – асыл жандар» атты республикалық шығармашылық байқауында шәкірті топ жарып, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мейіргүл Нұрмұханбетованың «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сондай-ақ, 2022 жылы «Балбұлақ» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының жетекшісі Б.Шареннің «Құрмет грамотасына» ие болған. Биылғы жыл Әйгерім үшін табысты болып, «Жеті өнер» шығармашылық орталығының «Құрмет грамотасына» да лайық деп танылды. «Үздік тәлімгер» дипломымен марапатталып, өскелең ұрпақты өнерге баулығаны үшін «Үздік көшбасшы» төсбелгісімен марапатталған. Және биыл «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда үздік атанған Әйгерім «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» атанып, «Жылдың үздік маманы» төсбелгісімен марапатталған. Бүгінде Іңкәрдария ауылдық клуб үйі жанынан құрылған «Көркем сөз» үйірмесінің жетекшісі Ә.Жұмабекованың алты шәкірті биылдың өзінде халықаралық шыңды бағындырса, алты бірдей оқушысы республикалық байқауда үздік атанған.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ