Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас мемлекеттік қызметші

Жас мемлекеттік қызметші

Жастар – еліміздің ең белсенді қозғаушы күші, қоғамның бір бөлігі. Олар жас мемлекетті өз білімімен, жасампаз еңбегімен, күш-жігерімен қалыптастыруға септігін тигізіп, дамыған, бәсе­кеге қабілетті және әлемге атын әйгілеуге тер төгуде. Жас өрендер биылғы «Жастар жылында» өздеріне артылған се­нім­ді зор жауапкершілікпен ұғы­нып, үлкен сенім үдесінен шыға білді. Мемлекеттің өрлеуі­не өзіндік үлестерін қосып, сол арқылы биік белестерді бағындырды.
Өңірдің өркендеуіне өлке жас­тары да ерекше атсалысты. Оның ішінде сырдариялық жас толқын айтулы жылда белсенділік танытты. Соның нәтижесінде жыл қорытындысында әр салада жемісті еңбек етіп жүргендер аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығымен марапатталды. Олардың қатарында «Жас мемлекеттік қызметші» номинациясын иеленген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әйгерім Мешітбаева бар.
Әйгерім – аудандағы белсенді жастардың бірі. Аудан спортының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып, саладағы жұмысты тыңғылықты іске асырып келе жатқан жас мемлекеттік қызметші. Ауданның спорт саласында саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы іс-шаралардың үнемі басы-қасында жүреді. Одан бөлек өзге де қоғамдық-мәдени шараларға ұйытқы болады. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Мұндай қасиетімен мектеп қабырғасында жүргенде де ерекшелене білген. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі мектепішілік шараларда белсенді болып, үздіктер қатарынан көріне білді.
Орта мектепті бітірген соң Ә.Мешітбаева Қызылордадағы «Экономика және құқық» кол­леджінің «Құқықтану» мамандығын иге­ріп шығады. Сонымен бірге Қарағанды қала­сындағы «ҚазТұтынуОдағы» экономикалық университетінде жоғары білімін жетілдірген. Жас маман 2009 жылдан бері аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде жемісті еңбек етуде. Алғашында бөлімге инспектор болып қызметке қабылданса, биылғы жылдың басынан бөлімде бас маман. Осы саладағы қызметті жандандыру үшін Қызылордадағы «Болашақ» университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім шыңдаған.
Спорт саласындағы жемісті жұмыс үшін Әйгерім Мешітбаева көптеген марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, облыс, аудан әкімінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ сырдариялық жас биылғы жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні» кәсіби мерекесі қарсаңында өткен «Мемлекеттік қызмет аруы» облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан жас мемлекеттік қызметші аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығына ие болды.
– Мұндай сыйлық біз секілді жастарды биік мақсаттарға ұмтылдырып, істеп жат­қан жұмысымызды сапалы жүзеге асыруға жігер­лендіреді, жоғары жетістіктерге жетуге ынталандырады. Сондықтан бізге деген жауап­кершілік еселей түсті. Сол сенім үдесінен аудан жастары шыға білуі керек, – дейді Әйгерім Нұрланқызы.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
31 желтоқсан 2019 ж. 725 0