Жаңашыл ұстаздардың жарқын жұмысы
Бүгінде білім сапасын жақсарту мақсатында тиісті салаға реформа жасау жалғасын табуда. Әркез педагогтердің жұмысын ұтымды ұйымдастыра білген жөн. Әрине, өз саласының білікті маманы атану үшін әрбір менеджерге тәжірибе жинақтау керек. Бұл ретте, Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Мектеп командасы: тиімді басқару және білім сапасы» тақырыбында мектеп басшылары мен ұстаздардың біліктілігін арттыру курсы өткізілді.
Облыстық деңгейде жүзеге асқан іс-шараның мақсаты – ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттырып, жан-жақты тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру. Осы негізде аудиториялық курс аясында мұғалімнің басты қызметіндегі басым бағыттар сараланды. Ал әдістемелік кезеңде «Ата-ана» серіктестігін тренд арқылы күшейту» жобасы алынып, 4-сынып бойынша бағдарлы әдіс-тәсілдер қолданылды. Өз кезегінде ата-ана, бала, ұстаз арасындағы байланысты нығайту үшін арнайы курс жүргізілді. Сонымен бірге «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде жиналған көпшілік өзара пікір алмасты. Шығармашыл ұстаздар семинар-тренингте баланың білім алуына ата-ананың көмегі зор екенін айқындай түсті.
Айта кетейік, ерекше жоба шеңберінде ұстаздар қауымы «Мектептегі бір күн» тақырыбында ашық сабақтар өткізді. Бала мен ата-ананың қатысуымен болған сабақтар көпшілік көңілінен шықты. Қазақ халқының ертегілерінен көрініс қойған олар оқушыны жан-жақты тәрбиелей білуге барынша көңіл бөлді. Өз кезігінде «Сынып жетекшілердің сыныпты басқарудағы көшбасшылығы», «Мен өз тәжірибиемде нені өзгерттім?», «Сынып жетекшісінің рөлі – тәрбие жұмысының негізгі тетігі» бойынша ұстаздардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы жоғары деңгейде өтті.
– №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей ұжымы педагогикалық шеберлік орталығының бастамасын қолдап, ұстаздардың тәжірибе алмасу курсын сәтті ұйымдастыра білді. Бірқатар білім ошағынан келген ұстаздар өз саласының білікті мамандары екендіктерін танытты. Ата-аналар белсенділігін көрсетіп, өз перзентінің білімнің қайнар бұлағын игеруде ескерілетін барлық басым бағытты тереңнен ұғына алды. Әрине, баламен жұмыс жасауда білімділік, біліктілік маңызды рөл атқарады. Әрбір ұстаз жаңашылдыққа бейім болып, оны баланың бойына сіңіре белгені дұрыс. Алға ұмтыла білген жандар зор жетістікке қол жеткізеді. Тынымсыз еңбектің өтеуі көпшіліктің берген алғаусыз алғысы деп білемін. Қызмет бабында ескеріле бермейтін ұсақ-түйек мәселе көп. Бұл жолы – күрмеуі шешілмеген дүниелерге анық жауап таба алдық деп ойлаймын, – деді мектеп-лицей директоры Зейнұр Жаманқұлов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ