Көңілді өткен демалыс

Бізді алып шаһарға үш мұғалім, бір медбике жеткізіп салды. Олар бізге анамыздай қамқор болды. Алматыға дейін бір күн пойызбен жол жүрдік. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, достармен және жетекшілерімізбен қызықты ойын ойнап, алыс қалаға қалай жеткенімізді аңғармай қалдық.
«Балдәурен – Қапшағай» оқу-сауықтыру орталығына Қазақстанның көптеген қалаларынан оқушылар жиналды. Барлығы «сен тұр, мен атайын» деген үздіктер. Барған күннен өзге балалармен танысып, тіл табысып кеттік. Демалыс орнында барлығымыз бір үйдің баласындай көңілді демалдық. Күндіз сабақ оқып, қыдырып, көңілді іс-шараларға қатыссақ, түнде жайлы демалуымызға да жағдай жасалған екен. Жатын бөлмелеріміз үлкен әрі жарық болды. Ал аспазшы апайлардың тіл үйірер дәмді тағамдары алты мезгіл берілді.
Демалыстың қызықты өткені сондай, жиырма бір күн бір күндей болып өте шықты. Онда біз сахнада қойылымдар қойдық, бассейнде шомылдық, су жағасында доп тептік, бірге ән шырқап, би биледік, спорттық секцияларға қатыстық. Пәндік сабақтарды да ұмыт қалдырмадық. Бір өзгешелігі, демалыс орнында сабақтар да көңілді өтті. Бізге бекітілген топ жетекшілері бізбен әзілдесіп, бізбен бірдей ойын ойнап, сабақты да қызықты өткізді. Нәтижесінде ауылға қайтар уақыттың қалай келіп қалғанын да аңғармай қалдық. Топ жетекшілеріміз бізді қимай шығарып салды. Алматы сапарынан көптеген дос таптық. Олармен ұялы телефон арқылы қазір де сөйлесіп тұрамыз. Үш апта уақыт бойына бірге тұрып, бір жүрген достарымызбен де қимай қоштастық. Солай «Қызылорда, қайдасың?!» деп тартып отырдық. Қайтар уақытта достарымызбен естелікке суретке түстік. Әрине ұзақ уақытқа үйден алыстаған соң, бала көңілде үйге деген сағыныш та болды. Мен үйге көтеріңкі көңіл-күймен оралдым.
Ержігіт ЖАППАРБЕК,
№36 мектеп-лицей оқушысы
№36 мектеп-лицей оқушысы