Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «БАЛДӘУРЕНДЕГІ» ҚЫЗЫҚТЫ КҮНДЕР

«БАЛДӘУРЕНДЕГІ» ҚЫЗЫҚТЫ КҮНДЕР

Күнделікті қарапайымдылығынан ай­ны­­майтын келесі күнге қадам ба­сып, таң атысымен мектепке жө­нелдік. Сынып жаңадан келген оқу­шыны қарсы алудан басталып кетті. Онымен танысып, сы­нып­тың ішінара тәртібін түсіндіріп жа­тыр­мыз. Екінші сабақ басталды. Жа­ңа оқушымен бірге жақсы жа­ңа­лық та келіп жетті. Сынып же­текшім маған «Балдәуренге жол­дама» ал­ғанымды сыныптастар ал­дында ха­барлады. Та­биғаты та­маша Көк­шетауға бар­мақпын, Қазақ­стандағы ең әдемі жерге бару менің көңіл түпкірінде жат­қан арманым еді... Көңілім алып-ұшып тұр.
Уақыттың кемесіне ілесіп, 23 ақ­панда сапарға да аттандық. Алда талай қызықтар күтіп тұрғаны бел­гілі. Жаңа достар, жаңа орта, жаңа ме­кен. Поезда болған 2 күн жан-жақ­тан жиналған балаларды жа­қын таныс­тырып, достастыруға сеп­тігін тигізді. Жол бойына бір-бі­рімізбен түрлі білім сайыстарын ұйым­дастырып, қызықты өткізудің нәтижесінде екі күн тез өтіп кетті. Қызылорда вокзалынан түтінін бу­дақтатқан поезд Көкшетауға ке­ліп тоқтады.
Көкшенің табиғаты сұлулығымен бізді баурап алғандай. Аппақ тонға оранған түп-түзу шыршалар мен қарағайлар, бала арманы секілді биікке ұмтылып тұр. Одан бөлек, «Балдәурендегі» ағайлар мен апайлардың жылы жүз­дері күннің суық­тығын, ауылдың алыстығын білдіртпей, өздеріне тар­тып әкетті. Үлкен жер телімін алып жатқан «Балдәурен» ғимараттарында түр­лі үйірмелер әр баланың көңілін табуға арналған. Әр бала өз көңіл қалауына қарай спорт, қол­өнер үйірмелеріне қатысты. Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінен келген өзім сияқты құрбыларды бір шаңыраққа жинаған «Балдәурен» әрбір күнді ерекше етіп, балалық шақтың қы­зығына батырып, ду-думанға айнал­дырды.
Демалыс орнына бара салы­сымен «өзімді жақсы жағынан көр­сетемін» деп жүріп абайсызда шкаф сөресін сындырып алдым. Шынында, бірнеше минуттан соң «тәлімгердің айқайын ес­тимін» деп күттім. Алайда, оның жүзінен мен күткен ашу да, реніш те байқалмады. Мені жаңа ортаға үйренсін дегені ме, әлде шкафты мен абайсыз сындырғанымды түсінді ме артық сөз айтпады. Өз ісіме ұялсам да мұндағы әрбір адамның жанашыр екенін ұқтым. Мұнда өткен күндерде айта берсе қызық көп болды. Спорт түрлерінен Олим­пиада ойындары өткізіліп, балалар өздерінің шебер­ліктерін көрсетті. Демалыс қы­зықты өтіп, ауылға ерекше әсер­мен оралдым. Білім алуға деген құштар­лығым артты.

Ұлықбек ЖОМАРТОВ,
№131 Т.Қозыбаев атындағы
орта мектебінің
9-сынып оқушысы
09 сәуір 2019 ж. 657 0