Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығармашыл мұғалімдер бас қосты

Шығармашыл мұғалімдер бас қосты

Кеше№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында «Жаңа формация мұғалімі – шығармашыл тұлға» тақырыбында «Үздік педагог» конкурсының резервтегі шығармашыл мұғалімдерімен кездесу өткізілді. Кездесуді білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков ашып, «Үздік педагог» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» конкурсының Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығына және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 9 тамыздағы №355 бұйрығымен енгізілген өзгерістерге тоқталды.

«Үздік мұғалім-2022» аудандық байқауының жеңімпазы №37 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Р.А.Сейтасқарова, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі, «Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері» Ү.Ж.Батишева, Республикалық «Үздік авторлық бағдарлама-2020» байқауының ІІІ орын жүлдегері №210 О.Абдулпаттаев атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі А.Ә.Тәжібаева өздерінің педагогикалық іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Әдістемелік кабинет меңгерушісі Ж.Ш.Төреқұлова педагогтарға оқу-әдістемелік проблемаларды танып, талдама жасап, әдістемелік көмек жұмыстары жайлы және «Үздік педагог-2022» атағын алу барысында жинақталатын құжаттарға тоқтала отырып, алдағы жұмыстарға бағыт-бағдар берді.

Кездесу барысында педагогтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, ой бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.

Кездесу қорытындысымен қалыптасқан шығармашылық топ мүшелеріне білім бөлімі басшысы Б.Жәнібеков алдағы уақытта да мұғалімдердің педагогикалық шеберліктерін арттыра отырып, олардың шығармашылық ізденістері арқылы білім сапасын арттыру, оқушының қабілетін арттыруды қамтамасыз ететін әр ұстаздың қазіргі заман талап етіп отырған жаңашылдық әрекеттерге дайын болуы қажет екендігін атап көрсете отырып, шығармашыл мұғалімдердің жұмыстарына толағай табыстар мен сәттілік тіледі.
09 желтоқсан 2022 ж. 236 0