Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Киелі қарашаңырақ

Киелі қарашаңырақ

Ұстаздық өмірдің қызықты кезеңдері мен қиындығы қатар жүреді. Біз ең алғашқы жылдары ұстаздық жолын бастағанда мектеп директоры Оқас Дәрібаев ағай, оқу ісінің меңгерушісі Пірназар Көзейбаев ағай болды. Бұл кісілер бізді білім шаңырағынан қанат қақтырған аяулы ұстаздарымыз еді. Еңбек еткен жылдарда да олар жол көрсетіп, тәжірибе жинақтап, ұлы мамандық иесі атануымызға көп септігін тигізді.

Мектеп қабырғасында еңбек етіп жүргенде білім мен еңбекті қатар алып жүретінбіз. Ұжым болған соң түрлі қызықты жағдайлар орын алады. Ол кездері біз, ұстаздар, сондай-ақ оқушылар совхозға көмек көрсететінбіз. Күріш ору, отақ, қырман, одан қалды пішен орып, келілеп совхозда өткіземіз.

Бірде Оқас ағай кешкі 9-дар шамасында «Урал» мотоциклымен үйдің жанына келіп, безектетіп сигнал берді. Далаға жүгіріп шығып: «Ағай, не болды?» десем, «Тез шық, қырманда күріш тазалайтын адам аз» деді. Сөз қайтару жоқ, тез-тез жиналып, ағайдың мотоцикліне отырып қырманға келдік. Оқас ағай «мектеп директорымын» деп шіренбейді. Біз «мұғалімбіз» деп әңгіме айтпаймыз. Еліміз, туған ауылымыздың егінін уақытында жинап-теріп алу үшін бәріміз бір кісідей еңбек етеміз. Оқас ағай Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс салған жарадан аяғы мотоциклды жүргізуге икемсіз болса да мұғалімдерді жинап, қырманға бастайтын. Сөйтіп, ұстаздар оқушыларды біліммен қатар еңбеккеш болуға баулитын.

№131 мектеп қабырғасында еңбек ете жүріп көптеген мектеп директорларымен қызметтес болдым. Олар Оқас Дәрібаев, Мираш Бәйменова, Сражадин Балмағанбетов, Темірхан Әбішев, Жұмабек Асанов, Әділхан Таңсықбаев, Мұрат Төлегенов, Гүлнұр Божанова, Ләззат Палымбетовалар өздерінің ұйымдастырушылық қабілеттерімен, балаларға саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында өзіндің қолтаңбаларын қалдыра білді.

Сондай-ақ, ұстаздық жолымда қаншама ұлағатты ұстаздармен қызметтес болғанымда ерекше қуанышпен айта аламын. Олар Патыма Күшікбаева, Фания Файзуллина, Сания Тоқсейітова, Сейсенкүл Байманова, Ағипа Абуғалиева, Ибрагим Танабаев, Баршагүл Әбушахманова, Сәуле Құрманаева, Мейрамкүл Серікбаева, Сәуле Ахметова, Гүлсім Қожахметова, Ұлбосын Ералиева, Жұмаш Мұханова, Күләйхан Маханова, Бисенкүл Төлегенова, Манат Қонысбекова, Алтын Нұртаева, Ұмсынай Әбжібекова, Ұлжан Ахметовалармен бірге осы мектептен көптеген шәкірттерді түлеттік. Бұл ұстаздар оқушылардың шамшырағын жаға білді.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық қатынастарды меңгеріп, жұмысты алға апару оңайға соқпады. Осы тұста, білім мекемесі материалдық-техникалық базамен толықтырылып, бүгінде заман талабына сай біліммен қамтамасыз етілуде. Бұл ретте, жас ұрпақтың білім алуына ардақты азамат Алданберген Бодыбайұлының көрсетіп келе жатқан көмегі көп. Осындай қолдау барда мектеп түлектерінің білім бәсекесіндегі бәсі биік болмақ.
Жұмакүл  КӨШЕРБАЕВА,
ардагер-ұстаз
07 желтоқсан 2022 ж. 188 0