Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Айгөлек» балабақшасының жұмысында серпін бар

«Айгөлек» балабақшасының жұмысында серпін бар

Ел болашағы жастар болса, олардың жарқын өмірге ең алғашқы қадам-дары балабақшадан басталады. Ауылдағы «Айгөлек» балабақша бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда. Негізінен, балабақша 1967 жылы «Қызылдихан» балабақшасы болып ашылған. Бұл жылдары балабақшаны Балтабай Садуова басқарды. Одан кейінгі 1975-1976 жылдары Жамал Оспанова меңгеруші болса, 1976-1986 жылдар аралғында Шырынкүл Ибрашова басқарған. Ал 1985 жылы балабақша ескі ғимараттан совхоз кеңсесіне көшіріліп, 1986 жылдан  Құрманкүл Байжанова меңгеруші болды. Осы кезеңде Маржан Жүнісова, Зағипа Ермашова, Дәрікүл Байжүнісова, Балтабай Садуовалар тәрбиеші болып еңбек етіп, балғындарға тәрбие берді.

Өткен ғасырдың аяғында, нақтырақ айтқанда, 1999 жылдың қаңтар айынан бастап нарықтық кезеңге байланысты балабақша жабылып қалды. Ал жаңа ғасырдың бас кезінде, яғни 2002-2005 жылдары №131 орта мектеп жанынан «Айгөлек» мектепалды даярлық тобы ашылды. Мектепалды даярлық тобы 2005 жылы №131 мектептің ескі ғимаратына көшіріліп, «Айгөлек» балабақшасы МКҚК болып өз алдына дербес мекеме болып қалыптасты. 2014 жылдың шілде айынан бастап «Тереңөзек кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Айгөлек» балабақшасы МКҚК болып  жұмыс жасайды. Балабақшаны 2005-2018 жыл аралығында Ақанай Шоханова басқарса, 2018 жылдан Күлжамал Жолдасова меңгеруші болып, балабақша жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.

Балаға тиісті дәрежеде жағдай жасап, саналы тәрбие мен сапалы білім беруді бағыт еткен «Айгөлек» балабақшасында бүгінде екі топта 50 бала тәрбиеленеді. Балабақшада 21 қызметкер болса, оның 8-і педагог мамандар. Балабақша ұжымының әрбір қызметкерінің міндеті – күнделікті бүлдіршіндерге бақыт сыйлау. Бұл ретте, Айымкүл Жолжанова, Рсалды Көшербаева, Алмагүл Жарылқасынова, Шұға Ниязбай, Манат Әубәкір, Ақайым Нұрғалиева,  Күлзихан Сәтбай, Мейрамкүл Шоханова, Индира Сырғабаева, Мереке Жұрымбетова және басқа да қызметкерлердің бүлдіршін тәрбиелеудегі атқарып жүрген қызметі елеулі.

Балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Білікті мамандар тәрбиелейтін балдырғандар түрлі бағыттағы байқау, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

«Айгөлек» бөбекжай балабақшасы қажетті құрал-жабдықтармен, ойыншықтармен қамтылған. Балғындар үйінде оқу, ұйықтау, ойын бөлмелері мен асхана және дәрігерлік кабинет бар.
07 желтоқсан 2022 ж. 204 0