Білім мен тәрбиенің тірегі

Тереңөзек кентіне қарасты «Айгөлек» балабақшасының тарихы 1967 жылдан басталады. Сол жылдары О.Мәлібаев ауылы атанған елді мекендегі балабақшаны Б.Сәдуова басқарған. Содан соң Ж.Оспанова, Ш.Ибрашова балабақша жұмысына жетекшілік еткен. 1985 жылы балабақша ғимараты совхоздың кеңсесіне көшіріледі. Басшылық тізгінді Қ.Байжанова алып, тәрбиешілер М.Жүнісова, З.Ермашова, Д.Байжүнісова, Б.Сәдуова қызмет атқарады. Нарықтық экономикаға төтеп бере алмаған балабақша 1999 жылы жабылады. Арада 3 жыл өткен соң 2002-2005 жылдары №131 орта мектеп жанынан «Айгөлек» мектепалды тобы болып қайта құрылымданады. 2005 жылы мектептің жаңа ғимаратқа көшуіне орай, балабақша өз алдына мекеме болып қалыптасады. Елді мекен бүлдіршіндерін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етіп келе жатқан балабақшаны ұзақ жыл А.Шоқанова басқарса, соңғы 4 жылдан бері тәжірибелі педагог К.Жолдасова балабақшаға басшылық жасауда.
«Айгөлек» бөбекжай балабақшасы 2005 жылдан бастап жобалық қуаттылыққа сәйкес жұмыс жасайды. Балабақшадағы 21 қызметкер балақайларға жақсы жағдай жасап, денсаулығын жақсартып, тәрбие мен білім беруде.
– Балабақшада екі топ бар. «Ботақан» және «Балапан» тобы. 50 бүлдіршінге 8 педагог, оның 1-сарапшы, 4-модератор мамандары мен 13 кіші буын қызметкері тәрбие мен білім береді. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылы 14 қазанда «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын» бекітті. Қазіргі таңда барлық мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдары осы бағдарлама негізінде өз жұмыстарын іске асыруда. Бағдарламаның мақсаты – әр баланың қызығушылығын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мен әлеуетін ашу. Сонымен қатар балаларды қазақ халқының ұлттық құндылығына, отаншылдыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке, мәдени-әлеуметтік нормаларға баулиды. Балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш-жігерін біріктіру – негізгі міндеттің бірі. «Айгөлек» бөбекжай балабақшасының педагогтері осы бағытта жұмыс жасап, тәрбиеленушілердің ой-өрісін дамытып, жасына сәйкес дағдыларын меңгертіп, жеке тұлға етіп тәрбиелеуде, – дейді балабақша меңгерушісі К.Жолдасова.
Балабақша жұмысы ондағы тәжірибелі мамандардың ізденісіне, шығармашылықпен жұмыс жасау дағдысына байланысты. Бүлдіршін күн сайын тәрбиешісінен айналаны танып-білуді, өнерді т.б. үйренеді. Осындай өз ісінің нағыз маманы, 35 жыл үздіксіз педагогикалық стажы бар музыка жетекшісі Айымкүл Жолжанова әріптестерінің арасында құрметке ие. Бүгінде құрметті еңбек демалысына шықса да бала бақшамен тығыз байланыста. Сондай-ақ көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан әдіскер Р.Көшербаева, педагог-психолог А.Жарылқасынова, тәрбиешілер К.Сәтбай, М.Шоханова, Ш.Ниязбай, А.Құрақбаева, музыка жетекшісі А.Әлімбетованың еңбегін ерекше атап өту керек.
Бөбекжай балабақша тәрбиешілері өткен оқу жылында жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, тәрбиеші М.Шоханова «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы» атты аудандық байқауда ІІ орынды иеленді. Ал тәрбиеші Ш.Ниязбай қашықтан өткізілген «Ең үздік тәрбиеші – 2021» байқауының І орын иегері атанды.
«Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік», – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Оның нәтижесі бүлдіршіндердің түрлі сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүргені.
Мәселен, республикалық деңгейдегі қашықтан сурет салу байқауында тәрбиеленуші Расул Жүніс «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты сурет салу номинациясы бойынша І орын иеленді. Аянұр Заммадин, Әдемі Ерлан, Алдияр Тобағабыл, Мақсат Нұрашов, Рабил Жүніс «Жазғы көңіл күй» атты сурет салу байқауында жүлделі орынмен марапатталды. Айжан Әлімбетова ұйымдастырған «Шашу» би тобы аудандық «Балалық шағымның шуақты биі» атты сайыстың І орын иегерлері атанды. «Тіл болашағы бала бақшадан» атты аудандық байқаудан Жанель Нұрхан, Рамазан Берікболов марапатталды. Жанельдің республикалық қашықтан ұйымдастырылған «Достық бекеті» бейнеролик байқауында, «Біз жеңістің ізбасарларымыз» сайысында, «Алаш стар» өнер байқауында жүлдегер атанып, жетістікке жеткені бала бақша мәртебесін асырды. Раяна Олжасқызы республикалық қашықтан өткізілген «Кел балалар оқылық!» атты байқаудан І орын, «Бала тілі – бал» бейнеролик байқауынан «Алғыс хатпен» марапатталуы жетістікті еселей түскен. Сондай-ақ Мұхит Ерболұлы «Қысқы ертегі» сурет байқауынан І орын, «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты байқаудан ІІ орынды иеленді. Ернұр Әлібек пен Нұрайым Мұстафа «Көк тудың желбірегені» атты байқаудан ІІ орынды жеңіп алып, тәрбиешілердің мерейін үстем етті.
– Балабақшаның материалдық-техникалық базасына келер болсақ, балабақша ғимараты 1972 жылы салынған көне болғанымен жылумен жақсы қамтылды. Биыл көгілдір отынға қосылып, үздіксіз жылумен қамтамасыз етілуде. Балаларға қажетті құрал-жабдықтар мен ойыншықтар жеткілікті. Әр топ балаларына арналған жеке-жеке оқу, ұйықтау, ойын бөлмелері мен асхана, медициналық кабинет бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнайы кабинет жасақталып, толық құрал-жабдықтарымен жабдықталды. 2020 жылы бөбекжай балабақша ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қабырғалары жаңадан сыланды. Кәріз жүйесі іске қосылып, балалардың әжетханасы ішке орналастырылды. Бөбекжайға «Қызылдихан» шаруа қожалығы демеушілік жасап, қажетті құрал-жабдықтарға қаржы бергенін айта кету керек. Қаржыға интерактивті тақта, педагогтер пайдаланатын ноутбук, балаларға арналған төсеніш, кір жуатын машина, мұздатқыш т.б құрал-жабдықтар алынды. Жыл сайын шаруа қожалық төрағасы мен «Жарбол» шаруа қожалығы балаларға мерекелік сыйлық үлестіруді дәстүрге айналдырды. Сондықтан шаруашылық басшыларына зор алғысымызды білдіреміз, – дейді тәжірибелі басшы.
«Балалар жылында» зор жетістіктерге жетіп, бала тәрбиесінде үздіктер қатарында келе жатқан балабақша ұжымына шығармашылық табыс тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ