Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үңілейік өмірдің мазмұнына...

Үңілейік өмірдің мазмұнына...

Тәнімді көп ауыртып, қинай берме

Қина мені, ей тағдыр, қина мені,
Қиындықты жықсам егер, сыйла мені.
Жаратқаным құлағыма сыбырлады,
«Бар күшіңді бойыңа жина» деді.

Жұлдызым мен жалт етіп сөнгенімше,
Өлеңім тауға шығар өргенімше.
Бойымдағы Алла берген қажыр-қайрат,
Шыға берер шың басына өлгенімше.

Жеңіл емес бұл жалған қиын маған,
Сынақ сағат бір сәтке тыйылмаған.
Сұрақ болып өмірге келгеннен соң,
Сынап болып балқытып сыйымды алам.

Жүр ғой пендең жүгіріп, сыймай жерге,
Денсаулықты қадірсізге сыйлай берме.
«Тәубе» деген ерекше құлың менмін,
Тәнімді көп ауыртып, қинай берме.

Балаларыма


Байланбадым тағдырдың қазығына,
Қарамадым көңілдің наз-мұңына.
Айналмайық адамның азғынына.
Үңілейік өмірдің мазмұнына!

Адасқандар жолын таппай қаңғырар,
Қасқыр аузын ашыққанда қан қалар.
Арыстанмын айға қолды сермеген,
Бұл жалғанда үнім жарқын жаңғырар.
Шүкір айтып шын ниетпен тілесе,
Шебер Алла, жоқтан өзі бар қылар.

Тағдырыма жығылып сынып жатпадым,
Бақытымды тапқанша тыным таппадым.
Махамбеттей елінің жоғын жоқтайтын,
Қылышыма ақиқаттың қынын қаптадым.
Жан сырымды ұғатын сырлас болмаса,
Көңілімнің шаң басқан мұңын шақпадым.
Бұл жалғанға айтатын уəжім де қалмас.
Көз алдымда ойнақтаса Құлыншақтарым!

Алла артық көрмесін күлгенімді

Тағдырым теріс маска киіп келді.
Абыройым ар-намыспен биіктеді.
Тəңірдің тартуына таңғалмайық,
Жарым менің бағымды сүйіп келді.
Құс жолына айрықша із қалдырар,
Бұл жалғанның менде бір кейіпкері.

Тәңір барда жалғанда алданбаспын,
Төрткіл дүние ғажабына таңғалмаспын.
Мен жүрмесем, жүрмей-ақ өтейінші,
Қалқаман мен Қарақатым қадам бассын.

Жалаң аяқ шыдаймын қар бастырса,
Жанымды қиям құлға да алмастырса.
Бес күндіктің бар азабын елемеймін,
Құлындарым әке жолын жалғастырса.

Білмегенге айтамын білгенімді,
Өмір кешкім келеді үлгерімді.
Жылағаным өзіме мәлім ғана,
Алла артық көрмесін күлгенімді.
Жантайсамда намыспен жығылмадым,
Дүйім жұртқа дәлелдеймін жүргенімді.

Батпан мұңға бала кезден батқан шыдар,
Шын төзімді тау басынан тапқан шынар.
Намысты ұл «Ұлы жолды» жалғады деп,
Баба әруағы шын қолдап жатқан шығар.

Аман болсын

Қарақат пен Қалқаманым!

Шөлдегенде қанып ішер суым бар,
Жыр дегенде биік ұстар туым бар.
Сендер үшін мен сарқылтып тер төктім,
Сендер енді менен асып туыңдар.

Әділдіктің төріне төрлетейін,
Ақиқатты тұлпардай терлетейін.
Көзімізді сағым бұлты торлаған мен,
Жалған көрпе жаба алмас ер көкейін.
Тәңірім мына маған сый ғып берген,
Бақытымның бесігін тербетейін.

Сеніміме бір жаратқан себептес,
Сынақ ғұмыр маңдайыңнан тек өтпес,
Қарақтарым азамат боп өссеңдер,
Қиналғанға қолдан келсе көмектес.

Өзімнен кішілерге бата бердім,
Артық айтқан сөздерді қате көрдім.
40 жасқа келгенде Алла қолдап,
Қос сәбиге мен кенет әке болдым.

Тәңір барда тәубем қолдап тозбадым,
Түйсігіммен түйінді ой қозғадым.
Ақиқатты айту керек ақынға,
Бойдағымда жетім нардай боздадым.
Талай жұртты тәнті етті еріксіз,
Алынбастай арманға қол созғаным.
Қос құлыным қатар шапса ойнақтап,
Бұл жалғанда мен бәйгеден озғаным!

Алмас қылыш секілді жалаңдаймын,
Сиясы таусылмайтын қаламдаймын.
Өлең мені теппеді өзегінен,
Өлеңмен қабат туған балаңдаймын.
Қиялы көп мен шексіз ғаламдаймын.
Ойымды қырық пішіп шамамдаймын.
Мен енді өзіме де өзгеде емес,
Балаларымның ертеңіне алаңдаймын.

Жүре алмадым, себебі тар табаным,
Балаларым бассын еркін бал қадамын.
Мен жүрмеген жерлерді солар кезсін,
Аман болсын Қарақат пен Қалқаманым!

Мен мен едім...

Мен мен едім, мен едім,
Талай жаннан кем едім.
Алла берген қуатпен,
Жан жағымды теңедім.
Сүрінгенге сүйеу боп,
Жығылғанды демедім.
Ақұдайға күйеу боп,
Бойымда барды беремін.
Жүрегінен жыр ескен,
Асау тұлпар мен едім.
Ит тағдырмен күрескен,
Жаяу әскер мен едім.
Құмы бөлек құнарлы,
Егінсіз жатқан жер едім.
Көңілім күннің нұрындай,
Көк аспандай кең едім.
Тоғыз ұлға татитын,
Қайназардың ұлындай,
Алланың сүйген құлындай,
Бар шығар менің керегім.

Жастарға

Бұл жалғанда бір тарыдай құным бар,
Ақыл айтса үлкен тілін ұғыңдар.
Әке арманын қыран құстай іліп ап,
Біз шықпаған биік шыңға шығыңдар.

Ерте тұрдым небір ойлар мазалай,
Түйсігіммен өз-өзімді тазалай.
Алла берсе шыдам менен күш-қуат,
Бауырларың жалынды жыр жазады-ай.

Өз-өзімді тәубемен аластаймын,
Жағымпаз, жалқауменен жараспаймын.
Жолым ауыр, тау тас пен қалың орман,
Тәңір тартқан компасым бар адаспаймын.

Асығамын, жалғанда кідірмеймін,
Несібеңді қу пенде жүгір деймін.
Асау тағдыр атынан құлата алмад(ы),
Өміріме ешқашан түңілмеймін.

Көкірегім сайрап тұр көзім жарық,
Ой санамды қайрауда сезім шарық.
Ақыл, қайрат жүрекке көне білсе,
Тау басына жетелер төзім барып.

Сол сапарда қар жауар, жаңбыр жауар,
Бет қаратпас күтпеген дауыл да бар.
Сынақ бітпес тіріңде еселеніп,
Жүрген сайын жүгің де ауырланар.
Отқа күймей, теңізге тұншықпайтын,
Іздесеңіз, ақын жігіт ауылда бар.
Қиялменен мінемін қасқа атыма,
Жұқпаса деймін қара күйе жақсы атыма.
Жаратқан шын ниетімді қабыл алып,
Ел алдында жетермін мақсатыма.

Өзім туралы
Жалыққаннан жаза алмас жыр ешкім,
Мұхитта жалғыз мұңайған қайық шын естім.
Жығылып жатсам сыйлайды маған
үлес кім?
Шалдырмай байқап, шамамнан
артық күрестім.
Алланың берген сынына сынбай шүкір деп,
Ұрпақты жалғап ұлы көшке де ілестім.

Жалған дүние жүйріктерді жарыстырар,
Арманыңда асқақтап алыс тұрар.
Талантың мен талабың таудай болса,
Алла өзі тілегіңмен табыстырар.

Жалыны бар жанады дер ем,
Қиялдыға қанат берем.
Өтіп жатқан бұл өмірді,
Сырғып жатқан сағат дер ем.
Мерген едім сөз жебемді,
Нысанаға қадап көрем.

Түйір нанмен ішер су жолда керек,
Маңдай термен келетін олжа бөлек.
Алланың әр ісіне шүкір деймін,
Қалам ұстап жазатын қолда бермед(і).

Терең ойға батқанда азып кетем,
Өміріммен өзгені нәзікті етем.
Құлағыма Жаратқан сыбырласа,
Қолымсыз ақ халқыма жазып кетем.

Жан мен тәннен тектісі – ар,
Бәрін де Алла кеп қысар.
Ауыздықпен алыстым,
Мен емес тұлпар көп тұсар.
Дәм, тұзым кенет біткенде,
Тереңге тәнім кеткенде,
Жырыммен, арым асқақтап,
Шыбындай жаным көкке ұшар.

Нұрмұхамед ӘБІЛҚАСЫМОВ,
ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы»
06 желтоқсан 2022 ж. 192 0