Үміт пен үрейдің тепе-теңдігі қандай?
Күнә жасау — о бастан адам табиғатына тән құбылыс. Адам баласы «күнә жасап қойдым, енді мен адамдықтан сол күйі кеттім» деуі — Алланың Рахман, Рахим, Ғафур (тым кешірімді) сияқты сипаттарын жоққа шығару деген сөз.
Әлемге рақымдылық әкелген адамзаттың мақтанышы хазірет Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын) те көптеген хадистерінде Алланың аса мейірімді, тым жарылқаушы екенін үмбетіне үйретуден жалықпаған. Қараңғылықтың қапасынан шыға алмай, ғұмырын жамандықпен өткізгендерге үміт шоғын сыйламаса, олар болашақтан қалай үміттенбек?! Сол себепті ғаламға рақымдылық әкелген соңғы елші айналасындағыларға үнемі үміт отын жағып, адамдардың өмірге деген құлшыныстарын арттырып отырды. Солай болғанда ғана адамдардың көкірегінде тумысынан бар адамгершілік сезімдері қайта оянып, исламның мейірім толы құшағын паналайды.
Үміт — Құдіреті шексіз Алла тағаланың рақымдылық пен кешірімінің кеңдігіне сену. Алла тағала Құранда: «Менің рақымым барлығын сыйдыратын өте кең» дейді. Ал Пайғамбарымыз бір құдси хадисте Алла тағаланың мейірімі азабынан үстем екендігін айтады. Тіпті, шайтанның өзінің ақыретте үміт етерліктей кең рақымынан үміт үзу — Алланың рақымдылығын жоққа шығарып, үміт сәулесін сөндіріп, үмітсіздікке түсу кешірілмейтін күнә болса керек.
Үміт — Алла жайлы жақсы ойда болуды білдіреді. Бұл жайлы екі жаһан сардары бір құдси хадисінде: «Құлым мен жайлы қалай ойласа, Мен оған солай қараймын», — деген. Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Қиямет күні Алла тағала ешкімнің ойына келмеген жалпыға тән кешірімін жариялайды, тіпті, шайтанның өзі осы кешірімнен маған да үлес тиер ме екен деп үміттенеді» дейді, — дейді.
Адамдар түстерінде тақуалығымен аты шыққан ғалым Әбу Сәһілді ерекше нығметке бөленгенін көріп, мұның мәнісін сұрағанда: «Раббым жайлы жақсы пікірде болғанның жемісі» деген екен. Демек, үміт — Алланың рақымдылығын төгу үшін бір себеп болса, жақсы-жаман қай жағдайда болмасын бұл себептен қол үзбеу керек.
Әнастан жеткен бір хадисте: «Алланың елшісі өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?», — деп сұрады. Ол: «Уа, Расулалла! Алланың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын», — деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Алла үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды», — деген.
Хазірет Бара: «Алла Расулы былай деді: «Жатар кезде мына дұғаны оқы: «Алла тағалам, нәпсімді өзіңе тапсырдым, бетімді саған бұрдым, істерімді саған аманат еттім, сені сүйеніш еттім. Сенің рақымыңнан үміт етемін, азабыңнан қорқамын. Сенің берер жазаңа қарсы тұрар Өзіңнен басқа жар болушы әрі құтқарушы ешкім жоқ. Түсірген Кітабыңа, жіберген пайғамбарыңа иман келтірдім». Егер осы дұғаны оқып жатқан күні өлер болсаң, онда мұсылман болып өлесің, егер келесі таңға аман-есен жетсең, жақсылық табасың».
Имам Ғазали өз кітабында үміт етуге байланысты көптеген риуаяттар келтіреді:
Алла тағала Дәуіт пайғамбарға:
— Ей, Дәуіт! Мені сүй. Мені сүйгендерді сүй және құлдарыма мені сүйдір, құлдарым мені жақсы көрсін, — деп әмір бергенде, Дәуіт пайғамбар:
— Бұны қалай жүзеге асырайын? — деп сұрайды. Алла:
— Сен Мені жақсылап зікір ет. Менің нығметтерім мен жақсылықтарымды олардың есіне сал. Олар менен тек жақсылық күтсін, — деген екен.
Яхия ибн Әксәм деген кісі қайтыс болғаннан кейін оны бір кісі түсінде көреді. Ол кісі Яхиядан:
— Алла тағала сені қалай қарсы алды? — деп сұрағанда, ол:
— Алла тағаланың құзырына барғанда Алла: «Ей, күнәкар адам, неге мынаны-мынаны жасадың?» — деді. Сол кезде мені керемет бір қорқыныш биледі. Мен:
— О, Раббым, Сені маған бұлай деп танытпаған еді, — дедім. Алла:
— Қалай танытқан еді? — деп сұрады.
— Әбдурраззақ Әнәстан жеткізген бір хадисінде, Алла елшісінің Жәбірейілден алған бір хабарында Сен: «Құлым мені қалай деп ойласа мен оған сондай қатынас жасаймын» деген едің. Сен жайлы мені азаптамайды деп үміт еткен болатынмын,— дедім. Бұны естіген Алла тағала:
— Жәбірейіл, пайғамбар және бұл хадисті жеткізген басқа рауилар (хадисті жеткізушілер) дұрыс айтты. Сен де дұрыс айтасың», — деді.
Отқа табынушы бір кісі Ибраһимге қонақ болуды қалайды. Ибраһим пайғамбар оған, егер де исламды қабылдайтын болса, қонақ қылатынын айтады. Отқа табынушы бұл шартқа келіспей, ренжіп кетіп қалады. Алла тағала Ибраһим пайғамбарға:
— Ей, Ибраһим! Бір құлым дінін өзгертпейді екен деп неге оны қонақ етпедің? Алайда, жетпіс жыл бойы ол мені танымаса да оған ризығын үзбей беріп келемін. Бір түн оны қонақ етсең өзің үшін қайырлы болар еді, — деп уахи етті. Бұны естіген Ибраһим отқа табынушыны іздестіріп тауып, қонақ қылады. Әлгі отқа табынушы одан: «Көзқарасыңды өзгертуге не себеп болды?» — деп сұрағанда, Ибраһим мән-жайды баяндайды. Бұған таңғалған отқа табынушы: «Шынында, Алла тағала маған осылай қарай ма? (Қандай мейірімді Жаратушы. Өзіне дұшпан болсам да досына мен үшін ескерту жасайды?!) Олай болса, маған исламды үйрет» — деп мұсылман болған екен.
Алайда үміт пен үрейдің арасында да тепе-теңдік сақтау керек. Тек құлшылықпен Алланың рақымдылығынан үміттену қалайша дұрыс емес болса, «Алла кешірмейді» деп жұрттың берекесін алып, бала-шағаны, күнделікті тіршіліктің бәрін ысырып қойып, тек құлшылықпен айналысу да қате. Үрейге шектен тыс салынбау қажет. (Алау Әділбаевтің «Кемелдік кілті» кітабынан алынған үзінді)
Дайындаған — Мирас Кесебаев
https://elana.kz/