Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Толағайдағы» тағылым

«Толағайдағы» тағылым

Негізінен, балалармен жұмыс жасайтын маман­дардың тұжырымына сүйенсек, балабақшаға бал­ғындарды 2-4 жас аралығында беру керек екен. Себебі, осы жастағы балалар өз-өзіне бас-көз болуды, көпшілікпен араласуды меңгереді. Шындығында, бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарының қызметі сан тарапқа бөлінеді. Бұл ретте, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Айдарлы ауы­лындағы №139 орта мектебінің жанынан ашылған «То­ла­ғай» шағын орталығы әрбір бүлдіршінге сапалы білім беруді көздейді.

Осыдан 11 жыл бұрын республикалық бюджет есебінен ашылған «Толағай» шағын орталығында бүгінгі таңда 1 топ жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта шағын орталықта 20 бүлдіршін білім нәрімен сусындауда. Осыған дейін бір­неше топ балғындарын үлкен өмірге қанаттандырған 4 педагогтың еңбегі зор. «Балбөбек» тобына жауапты тәр­биешілер әр баланың қалыпты дамуы­­на, дұрыс өсуіне айрықша көңіл бөледі. Балаларды ынталандыру, өнерге баулу, сөйлеу дағдысын жетілдіру, ой-өрісін кеңейту, жүріс-тұрысын дұрыстау секілді көптеген әдіс-тәсіл сабақ барысында қол­­дануға машықтанған.

– Қай кезде де «Өнегелі болса – бала көрікті» екені мәлім. Қашанда баланың тәрбиесімен айналысу – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Әрбір үйдің үкілеген үмітіне тағылымды жол көрсете білу маңызды рөл ойнайды. Бұл ретте, «Толағай» шағын орталығы айқын ба­ғыт-бағдарынан еш ай­ныған емес. Заман талабына сай, бүл­діршінге білім беруге біз мүдделіміз. Шағын орталықта жергілікті бюджет есебінен үшінші топ ашылғанымен, бала санының толмауы­­на байланысты 2017 жылы жабылып қалды. Ал өткен жылы тағы бір тобымыз қысқарды. Білім беру ережесіне сай, шағын орталықтың күн тәртібі бекітілген. Таңертең әр топтағы баланың жас айыр­машылығына байланысты жаттығу жасалады. Ал күннің бірінші жартысында тәрбиешілер балаларға оқу-әдістемелік жоспар бойынша сабақ береді. Қалған уақытта педагог мамандар вариативтік сабақ және дидактикалық ойын ұйым­дастырады. Айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық «Үздік – тәрбиеші» байқауынан ұжым мақтанышы Гүлмира Алиева І орынды жеңіп алды. Өнерлі балғындарымыз да республикалық, об­лыстық, аудандық түрлі байқауларда топ жарып жүр, – дейді «Толағай» ша­ғын орталығының директоры Гүлбану Жақсылыққызы.

Бүгінде жаңашылдыққа бет бұрған кез келген тәрбиеші балаға тағылымды тәр­­бие беріп қана қоймай, кәсіби біліктілігін жүйелі түрде жетілдіріп оты­­руы тиіс. Педагогикалық құрамға әдіс­кер А.Исмайлова жан-жақты қыз­мет көрсетуге көмектеседі. «Зерек ба­­ла», «Біз мектепке барамыз» бағ­дар­­ламасы шеңберінде шағын орта­лық­­тың балғындарды өнерге баулуы жол­ға қойылған. Ұстаз бен шәкірт үз­діктер қатарынан көріне білген шағын орта­­лықта ата-анамен байланыс берік орнаған. «Толағай» шағын орталығында тәрбие­ленетін бүлдіршіндердің мектепке дейінгі біліммен қамтылуына айдар­лылық ата-аналардың көңілі толады жә­не ұжымға алғысын білдіруде.

Қашанда жетістік жолында ұстаздар қауымы қажыр-қайратымен еңбек ете бермек. Әрине, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар баланың болашағына бейжай қарамайтыны анық.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 қазан 2022 ж. 359 0