Ғибратты ғұмыр кешкен
Өмірде жақын адамыңның көретін жарығы, тататын дәм-тұзы таусылып, бақилық болғанын естігенде көңіл алабұртып, терең ойға бататынымыз анық. Ал өзіңмен жылдар бойы қызметтес болып, сыйласып, сырласып, бірге жүрген аяулы досың дүниеден озғанда, бойыңды ерекше қимастық сезім билеп, дәрменсіз күйге түседі екенсің. Елу жылдан астам қадірлі де ардақты інім Хайролла Әбеновтің қайтыс болғанын естігенде ауыр жағдайды бастан кешірдім. Оны сөзбен айтып жеткізу де мүмкін емес, сірә.
1967 жыл. Мен аудандық партия комитетінде партстатистика және бірыңғай партия секторының меңгерушісі болып жұмыс жасап жүрген кезім. Бірде менің кабинетіме ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Төлеген Әбілдаев пен үгіт-насихат бөлімінің басшысы Абызбай Маханбетов келіп, КПСС мүшесі Хайролла Әбенұлының есеп карточкасын көрсетуімді сұрады. Олар есеп карточкасымен танысқаннан кейін Хайролланы үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы етіп қабылдауға лайық деп ұсыныс әзірледі. Көп ұзамай Хайролла нұсқаушылық қызметке бекітілді. Және оған аудандық партия комитетінің аппарат қызметкерлері тұратын үйден пәтер беріліп, бізбен көрші болып орналасты.
Жай оғындай зымырап өткен уақыт десеңізші! Сол сегіз пәтерлі тұрғын үйде тұрған көршілердің бәрі бір анадан туғандай тату-тәтті өмір кешкеніміз күні кешегідей ойға оралады. Жас жұбайлар Хайролла мен Алтынның жарасымды отбасы болып қалыптасып келе жатқанына қызыға қарап, сүйсінетін едік. Кейін бұл отбасының тамыр жайып, өсіп-өніп, ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырғанына да куә болдық. Хайролла аудан коммунистерінің штабы болған аппаратта екі жыл қызмет атқарған кезде де оның білікті маман екені аңғарылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев Хайролланы ауданымыздағы ірі шаруашылықтардың бірі Ильич атындағы совхозға партком хатшысы етіп жіберіп, оған зор сенім білдірді. Ол да сенімді толық ақтап, бұл қызметті 22 жыл бойы адал атқарды. Өзінің көркем мінезі, әділдігі мен шыншылдығы, парасаттылығы мен қарапайымдылығы тәрізді адамгершілік касиеттерімен қашан да сыйлы бола білді. Сөзге шебер, ойға ұсталығымен халық алдында беделі артып, ел адамдарын ұйымдастыра білді. Талай жыл басшылық қызмет жасап, зор абыройға ие болды. Үлкенге ізет, кішіге қамқорлық жасап, халықтың құрметті, сыйлы азаматы атанды.
22 жыл өз ауылында қызмет еткен Хайролланы ақжармалықтардың осы күнге дейін ерекше ардақтап, құрметтейтініне өзім куә болдым. Бірде ақжармалық құдам Шадаев Әбсаматтың жазым болып, төсек тартып жатып қалғанын естіп, көңілін сұрауға сол ауылға бардым. Үйге кіріп, құдаммен сөйлесіп отырғанымда маған Хайролла телефон соқты. Мен Хайроллаға Ақжарма ауылында отырғанымды айтып телефонды қойғанымда Әбсамат құда: «Әлгі сөйлескен Хайроллаң, қай Хайролла?» деп сұрады. Мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы екенін айттым. Әбсамат құдам өзінің көп жыл бойы Хайролламен қызметтес болып, қатар-құрбы ретінде сыйласып жүргенін, адал дос болғанын ерекше ынтамен әңгімелеп берді. Және өзінің тағы да бір рет болса да онымен кездесіп, сұхбаттасқысы келетінін айтып, өзін Хайролламен жолықтыруды маған бұйымтай етті. Ол Хайролламен кездесуді асыға күтетінін қайталап, оны өз үйіне қонаққа алып келуді тапсырды. Сонда арада 30 жыл уақыт өтсе де, ақжармалықтардың Хайролланы ұмытпай, қатты қадірлейтініне риза болып, таңырқаған едім. Аудан орталығына оралғаннан кейін Хайроллаға Әбсамат құдамның айтқан сәлемін толық жеткіздім. Кейін екеуіміз құданың үйіне барып сәлемдестік. Екеуі ұзақ отырып сұхбаттасқан еді. Бірақ ол кездесудің Хайролланың ақжармалық досымен соңғы кездесуі екенін сол уақытта ешкім де білмеген еді...
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ардақты азамат №10 кәсіптік техникалық училищеде оқытушы болып жұмыс жасады. Білікті мамандарды дайындауға өз үлесін қосып, 1997 жылы зейнет демалысына шықты. Саналы өмірінің өн бойында көппен бірге қоғамдық өмірдің бел ортасында белсене еңбек ете білген ол еңбек демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Тектілік болмысымен аузы дуалы, сөзі уәлі, елге сыйлы құрметті қария ретінде замандастары мен өскелең жастарға да үлгі-өнеге бола білді. Ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, жастарды жақсы істерге жігерлендіріп, еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарауға шақырып, ел бірлігін нығайтуға атсалысты. Іскер, білікті, парасатты азамат ретінде көпшіліктің қалауымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Хайролла сенімді ақтап, аз уақыт ішінде кеңес жұмысын жандандырып, жақсартты. Оның көрнекті істері облыс, республика көлемінде белгілі болды. Ол күн сайын өзінің қызметтік кабинетінде түрлі мекемелер мен ауылдық округ басшыларымен, ірі кәсіп егелерімен өзінің алдын ала жасап алған жоспары бойынша хабарласып, хал-жағдай білісетін. Содан кейін мекемеде бұрын қызмет етіп, бүгінде зейнеткер болған кісілердің ұмыт қалмауы керектігін естеріне салатын. Өз кәсіптерін оң жолға қойып, зор табысқа қол жеткізген кәсіпкерлермен де хабарласып, мұқтаж жандарға жәрдем беру жөнінде кеңесіп отыратын. Осындай келелі ойлардың, жағымды істердің тек сөз жүзінде қалмай, іске асуын табандылықпен талап ететін. Ұсынысты іске асыруға әртүрлі сылтау айтып, барынша орындамауға тырысатындар да болатын. Хайролла мұндай кісілерге іштей ренжіп қалатын. Бірде осындай күйде жабырқап отырғанын біліп, әзілдеп мына өлең шумақтарын жазып, өзіне оқуға берген едім:
Хайролла қызметке өте ыңғайлы
Қарттарға қарасып, күні-түні тынбайды
Әділдікті ту еткенмен, кейде айтқаны болмайды.
Ықыласына ырза боп, халқым оны сыйлайды.
Сонда ол кейбір болдым-толдым деп жүрген кәсіпкер «мырзалар» мұқтаж жандарға көмектесуден қашқақтап жүретінін айтып мұңаятын еді.
Ғибратты ғұмыр кешкен азамат өзінен өзгелердің, елдің, қоғамның мүддесін жоғары қойып, аудандық ардагерлер кеңесін өмірден озғанша, абыроймен 15 жыл басқарған еді. Қай адамның да өмірі өткінші. Ең бастысы – артында ұрпағы мен өмірде ізіңнің қалуы. Хайролла ел басқару ісіне араласып, аудан халқының мүддесін бірнеше рет мемлекет басшыларының алдында баяндап, көпшілікті риза етіп, алғысын алып еді. Оның ғибратқа толы өмірі – кейінгі ұрпаққа өнеге. Ардақты азаматтың жарқын бейнесі халық жадында сақталып, ешқашан ұмытылмайтыны анық.
Рақымжан БӘЙМЕНОВ,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы