Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке алдындағы парыз

Әке алдындағы парыз

Әке дегенде толқымайтын көңіл, тебіренбейтін жүрек жоқ шығар. Біз де асқар тау, арқасүйер әкеміз туралы ойласақ, үлкен сезімге берілеміз. Ардақты әкемізбен сыйлас, замандас, әріптес болған аға буын өкілдерімен кездесе қалсақ, ерекше жылылықты, шынайы ілтипатты, құрмет пен қолдауды байқаймыз. Арада қанша жыл өтсе де, әкеміздің бақилық сапарға аттанып, келместің кемесіне мінгеніне 25 жыл болса да сағынышымыз басылған емес. Бір сөзбен айтқанда, әкеміз – жүрегімізде, анамыз – тілегімізде. Жүректегі тілекті, сезімді қағаз бетіне түсіру үшін бүгін де қолға қалам алдық.

Саналы ғұмыры ел-халықпен бірге өткен, жас болса да жақсы істердің басы-қасынан табылып, өзіндік абыройға кенелген әкеміз Ибрагимов Бақытбек Қарсақбайұлы 1956 жылы 22 қаңтарда Қызылорда облысы  Тереңөзек ауданы С.Сейфуллин аулында дүниеге келген. Ол кісі жастайынан жалынды, ізденіске құштар азамат болып өскен. Ісі мен сөзі үйлескен жан ерте есейіп, еңбекке де ерте араласқан. Көшбасшылық қабілетінің арқасында, қарапайым болмысының негізінде жауапты қызметтерді де абыроймен атқарған. Қай талапта, қай тарапта жүрсе де азаматтық танытып, кішілік пен кісіліктің үлгісі бола білген. Қазір ойлап қарасақ, әкеміздің өмірбаяны «отызында орда бұзды» деген теңеуге сай келетінін аңғарамыз.

Әкеміз Бақытбек Қарсақбайұлы 1973 жылы Тереңөзек ауданындағы Калинин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1977 жылы бітірді. Еңбек жолын сол жылы «1-Май» орта мектебінде өз мамандығы бойынша ұстаз болудан бастайды. Жұмысына жауапты, тапсырылған істі тиянақты орындай білетін азамат 1981 жылы №126 «Чапаев» атындығы мектепте директор болып тағайындалды. Шәкірт жүрегіне жол тауып, өзіндік орнын қалыптастырды деген осы шығар.

Білім беру және қоғамдық белсенділік көрсеткен жалынды жас Бақытбек Ибрагимов 1981 жылдың қазан айында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. Жастарды еңбеккештік, Отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде, жетекшілік, ұйымдастырушылық үлкен жұмыстар атқара біледі. Нәтижесінде еңбегі еленіп, көзге көзіп, 1985 жылы «Тереңөзек» кеңшары партия ұйымының хатшылығына сайланды. Ол қызмет пен қоғамдық істердің қай саласында да іскерлігімен, тындырымдылығымен, білімділігімен ерекшеленді. Жақсы қырынан танылады.

Білімі мен біліктілігі ұштасқан әкеміз Б.Ибрагимов көзкөргендердің және әріптестерінің айтуынша, бірнеше рет аудандық, облыстық партия конференцияларына делегат болып қатысқан. Нақтырақ айтқанда, 1982 жылы наурызда Қазақстан комсомолының ХVсъезінің делегаты болған. 1983-1988 жылдарда аудандық партия комитетінің және оның бюросының мүшесі болып та ауданның қоғамдық-саяси дамуына өз үлесін қосқан. 1982-1985 жылдардааудандық  Кеңесінің депутаты болып, жұртшылық сенімін арқалаған.

Біздің көңілімізден, көкейімізде бейнесі мәңгіге сақталған әкеміз болашағынан үміт күттірген, сезімтал, адамгершілігі мол, жанарынан жылылық лебі есіп тұратын, үлкенге ізетті, кішіге қамқор, кең пейілді азамат еді. Тағдырға амал не, ғұмыры келте болды, 40 жасқа толған шағында ауыр науқастан қайтыс болды. Артында аяулы жары, біздің асыл анамыз Гүлназ, бауырлары Қожабек, Мұратбек, балалары біз қалдық. Қазір әкемнің ұрпақтары өстік, жетілдік, азамат болдық. Бәріміз әр салада қызмет атқарып, егемен еліміздің дамуына, өңіріміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосып келеміз. Өзім ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің  басшысы болсам, қарындастарым Айгүл – география пәнінің, ал  Нұргүл – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Дәуіржан бауырым – Қызылода калалық қосымша білім беру орталығында еңбек етеді.

«Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетін үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілеті бола тұра кімде-кім орындамаса айыпты» – деген екен педагог жан Жак Руссо. Міне, біздің әкеміз Бақытбек те шаңырағында өз орны бар ардақты әке, қоғамда сыйлы жан болған абыройлы азамат. Сол әкеміздің құрметіне, ардақты тұлғаны еске ала отырып, осы дүниеге келумізге себепші болған аяулы да қадірлі жанға осы еңбегімізді арнаймыз. Кітап құрастыру, жинақтау барысында біздің ұсынысымызды қабыл алып, әкеміз туралы естелік жазуға келісім берген аға буын өкілдеріне әулетіміздің атынан алғыс айтамыз.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі –баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының ынтымақ-берекесі мен ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстанымды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі зор. Осы ретте Б.Ибрагимов өз заманының идеологиясына сай коммунистік партия мүшесі, жетекшісі болып, партиялық қағидаларды өзінің жаратылысымен сабақтастырып, кісінің ала жібін аттамайтын шыншыл және әділетті ізгі жан болды.

Ұстаздық жолында да шәкірт дайындауда да қажырлы еңбек етіп, шәкірттерінің терең білім алуына ықпал етті, жанашар ұстазы бола білді. Кезінде комсомол жастарының да жетекшісі бола тұрып, оларға өз қамқорлығын аямады,  ағалық ақыл-кеңесін беріп, өмір өткелдерінен сүрінбей өтулеріне ықпал ете білді.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп ұлы Абай атамыз айтып кеткендей, Бақытбек әкеміз қоғам өміріне өте ерте араласты, жан-жағына өзін көрсете білді. Адамзат өмір жолында жақсы-жаманды көріп, дос пен дұшпанын біліп, заманының ойлы-қилы белестірінен өтіп, алдына қойған, ойға алған жұмыстарын атқарып жатады. Өмірдегі өз орныңды дұрыс таба білуді, елге танылуды, адамгершілігі мол, құрметті азамат атануды кім аңсамайды? Ой өрістетіп отырсақ, пенденің бүкіл өмірінде осы жақсы жолға түсу, өз қатарының алды болу үшін көп жұмыстар атқарылады екен.

Әкеміз өз өмір жолында ата-анасынан алған мол тәлім-тәрбиесін, табиғат берген мінезімен, терең ойлылығымен, ақылдылығының арқасында көп жетістіктерге жете білді. Айналасындағылар оның ешкімге ұқсамайтын табиғи талғамын, өзгелерге деген қадір-қасиетін, кісілігін, аппақ көңілін, жан тазалығын әрдайым бағалап отырды. Адамгершілігімен, парасаттылығымен қарапайым адам ретінде, ауылдастарының арасында үлкен беделге ие болды. Тағылым аларлық қасиеттерді бойына жинақтаған ол замандастарының, дос-жарандарының, әріптестірінің, ағайын-туыстарының, шәкірттерінің құрметтісі болды.

Әкеміз еліне, жұртына адал қызметімен танылды, абырой оған өзінің зор еңбегінің, маңдай терінің арқасында келді. Мұның бәріне дана, Абай айтқандай, «талап, еңбек, терең ойдың» маңызын түсінуі, түйсінуі себепкер болды. Оған қоса ұйымдастырушылығын, іскер басшылығын айта кетуге болады.

Тағы бір ерекшелігі – әрі ұлық, әрі кішік бола білгендігі. Сондықтан ол қай кезде де өз балаларына қамқор әке, сүйікті жар, арқасүйер аға-іні, ұстаз-шәкірт, әріптес-қызметтес, тілеулес-ниеттес, жақын-жуық арасында жарасымды сыйластықтың алтын көпірін орната білді. Саналы әрі аз ғана ғұмырында айналасына шуақ шашып, адам баласына қолынан келген жақсылығын жасауға ұмтылып бақты. Бақытбек әкеміз өмірден өте ерте кетті, небәрі 40-жасында бақилық сапарға аттанды. Балаларының өсіп-ержетіп, қанаттанғаның көру әрбір әкенің арманы болса, тағдырдың жазуымен ол армандар орындалмады.
Қайран әке
Айтқан ақыл, салмақты сөзің мақтан
Бастаған парасатқа,
Жүрміз әлі жан әке, өзің жаққан
Жылынып сол ошаққа – деп ақындар жырлағандай, әкеміздің ұрпағы өсіп-жетіліп келеді.
 «Ұлым ұрпағымды жалғастырады, қызым өрісімді кеңейтеді» – деп баладан үміт күткен әке арманы орындалды десек, артық айтпағанымыз болар. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болса керек.
Қазіргі кезеңде шаңырақтың ұйытқысы болып отырған, әкеміздің сүйікті жары, баянды да байсалды, отбасының құты, перзенттерінің анасы, сыртқы сымбатымен сүйсіндіретін, ұлағатты ұстаз, өнегелі жан Гүлназ анамыз шаңырағының береке-бірлігін келтіріп отырып, елге сыйлы, жан-жағына шуақ шашып келе жатқан жанұя басшысы, тірегі болып отыр.
Әкем менің – отағасы, отбасының қорғаны,
Әкем болса, бақ-береке, ырыстың мол болғаны.
Анам менің – отанасы, отбасының шуағы,

Бар жақсылық, бар мейірім сол анамнан туады – деп ақындар жырлағандай, әкеміздің өмір жолын жалғастырушы ұрпақ өсіп келе жатқанына, Аллаға шүкіршілік айтамыз. Осы еңбегімізді әкеміздің рухына арнаймыз.

Бауыржан ҚАРСАҚБАЕВ,
Б.Ибрагимовтің ұлы,
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің
Техникалық реттеу және метология комитетінің
Қызылорда облысы бойынша
Департаментінің  басшысы
02 желтоқсан 2022 ж. 403 0