Конституциялық заң прокуратура органдарының мәртебесін арттырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құру жолында құқық қорғау органдарының жұмыс бағытын айқындап, нақты міндеттер қойды. Соған орай, тиісті Заңдарға өзгерістер енгізіліп, қоғамда заң үстемдігін берік орнықтыру көзделді. Бұл ретте, Прокуратура саласында да жарқын бастамалар жүзеге асуда.
Баршаңызға мәлім, биыл 5 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жария түрде еліміз үшін ең маңызды 6 заңға қол қойды. Сол құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы.
Жаңадан қабылданған «Прокуратура туралы» заңға Конституциялық Заң мәртебесі беріліп, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының құқық қорғау функциясы біршама күшейтілді. Бұл – еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар ең алғашқы заң. Заңның мақсаты – Прокуратура органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру және құзыретін кеңейту.
Енді осы Заңның ерекшеліктеріне тоқталып өтсек: біріншіден, «Прокуратура туралы» Конституциялық Заңының 9-бабының 16) тармақшасында Бас прокурорға Конституциялық Сотқа жүгіну құқықығы берілген. Бұл ерекше мүмкіндік екенін атап өткеніміз жөн. Себебі, Конституциялық Сотқа кез келген мемлекеттік орган жүгіне алмайды. «Конституциялық сот туралы» Заңға сәйкес, Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ғана берілген. Бұл жерде Бас прокурор Конституциялық Сотқа нормативтік құқықтық актілер бойынша ресми түсініктеме беру үшін жүгінеді. Бұдан басқа, Бас прокурордың өтінішімен Конституция нормаларына қатысты ресми түсіндіруді талап етуге ұсыныстар енгізу мүмкіндігі бар.
Екіншіден, «ҚР Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы бойынша енді прокурорлар елден заңсыз шығарылған сырттағы активтерді қайтарумен тікелей айналысады. Заңның 10-бабының 27) тармақшасында Прокурордың өкілеттігіне – қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару, оның ішінде қылмыстық процестен тыс мемлекеттің мүддесін білдіру бойынша халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіру жұмысы берілген.
Үшіншіден, прокуратураға кәсіпкерлік субъектілерін тексеру құқығы берілді. Бірақ оның ерекше тәртібі бар. Барлығын оңды-солды тексере алмайды. Заңның 3-тарауының 18-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру ҚР Президентінің, Бас прокурордың тапсырмасымен және олардың келісімі бойынша ғана жүргізіледі.
Төртіншіден, бұрын прокурорлар екі жағдайда ғана нұсқау бере алатын. Олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жедел іздестіру қызметі бойынша. Ал қазір осылармен бірге әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеріс жүргізуге, атқарушылық іс жүргізуге, жазаларды орындауға, прокуратураның талабы бойынша жүргізілетін тексерулерге, сондай-ақ мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері бойынша да жазбаша нұсқаулар бере алады (35-бап).
Бесіншіден, жаңа Заңда прокурордың қандай жағдайда қаулы шығаратындығы жеке атап көрсетілген (37 бап). Бұрынғы Заңда прокурор тек қана тәртіптік іс жүргізуді қозғау, тексеріс жүргізу, күштеп әкелу, құқықтық актінің қолданысын тоқтата тұру немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жою туралы қаулыларды ғана қабылдайтын. Ал жаңа заңда Прокурор: жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы, күзетпен ұстау, жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация есебінде тұрған адамдарға қатысты тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою, лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін тексеру не өтінішті қарау аяқталғанға дейін үш жұмыс күніне дейін тоқтата тұру, сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою және прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығарады. Заңда бұл қаулылардың барлығы міндетті түрде орындалуға жатады.
Алтыншыдан, жаңа Заңда атап өтуге тиіс тағы бір жағдай – прокурорлардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі туралы (Заңның 10-бабы). Прокурор өз құзыретіне сәйкес дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ақпаратқа, мәліметтер мен құжаттарға, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерге, атқарушылық іс жүргізуге және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қол жеткізуге құқылы.
Яғни, қажеттілік туындаған жағдайда, прокурор тиісті тәртіптерді сақтай отырып кез келген ақпаратты ала алады. Қабылданған жаңа құжат – «ҚР Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңындағы ең негізгі деген басымдықтар мен өзгерістер реті осындай. Алдағы уақытта еліміздің тұтастығын сақтау және азаматтарымыздың бостандығы мен құқықтарын қорғау жолында қабылданған конституциялық жаңа заңның атқаратын рөлі зор. Жалпы, ел тұрғындарының құқықтары заңмен қорғалып, қолдау табатынына сенімдімін.
Заңда көзделген тапсырмалардың аймақта орындалуы облыс прокуроры Н.Бижановтың тікелей бақылауында. Аудандық прокуратура Заң үстемдігін берік орнықтыру бағытында осы тапсырмаларды жүйелі іске асыратын болады.
Асқар КЕМАЛОВ,
Сырдария ауданының прокуроры
Сырдария ауданының прокуроры