Ұл – ұрпақ жалғасы, ел қорғаны
22 қараша – отбасылық мереке ретінде күнтізбеге енген. Әрбір жанның жүрегінде орын алатын бұл ерекше күнді отбасында ер бала тәрбиелеп отырғандар ыстық ықыласпен қабыл алады. Қай ұлт болмасын дүниеге ер бала келсе ерекше күй кешеді. «Ұрпағымның жалғасы, мұрагерім» деп қуанышқа бөленеді. Осы күн ресми аталып өтілмесе де, мейрам ретінде әлемде көптеген отбасы атап өтеді. Себебі, осы күні ата-ана мен баланың арасында ерекше сезім мен махаббат, жылулыққа толы қарым-қатынас нығайа түседі.
Ұлдар күні – сіз де мейлі балаңыз ересек болса да оны қаншалықты жақсы көретініңізді айтуға асығыңыз. Аз да болса сыйлық жасасаңыз да болады. Керемет күні ұлыңыз сізді мақтан етсін, сізге қарттық келгенде қамқор болатынын сезінсін.
Осыдан он тоғыз жыл бұрын көтерген шаңырағымызда ылғи ер бала өсіп келеді. Сондықтан бүгін біз үшін де ерекше мереке. Сыртта жүрген ұлдарымызға сый жасап, арқа-жарқа болудамыз. Бұл да болса ата-анадан көрген білгеніміздің жөн жоралғысы іспеттес. Ұлдарымыз да бір-біріне арқа сүйеп үлкені кішісіне, кішісі алдыңғысына қамқорлық танытуда. Бұл әрине, атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүріміз деп білеміз. Ата-енем де өмір бойы алты ұл мен бір қызды жеткізіп, олардың бір-бір отбасы болуына барын салған ардақты жандар болды. Өкініштісі, екеуі де өмірден өтсе де, ер жеткен ұлдары әке жолын жалғап, өмірден өз орындарын аласартпай келеді. Қыз да қияға қонып, өрісін кеңейтті. Шүкір тәлімді тәрбиенің арқасында немерелерінің алды оқу оқып, мамандық алды. Біздің әулетіміздегі берекелі тірліктің бәйтерегі болған атамыз ұлдарына жақсы тәрбие берді. Ендігі мақсат – ата ізін жалғайтын ұрпақтың саналы болып жетілуі.
«Ұл баланың өмірге келуі әсіресе, әкеге ерекше қуаныш сыйлайды. Бірінен соң бірі дүниеге келген ұлдарыма жақсы тәрбие беруге тырыстым. Әсіресе, үлкеніме көп сенім арттым. Себебі, соңынан ерген бауырларына қамқор болатын тұңғышқа үмітпен қарау – ата-баба дәстүріміз. Балаларыма дән ризамын. Ендігі жерде әке атына кір келтірмей бір-біріне мейірбан болса, мұнан асқан бақыт жоқ. Қайда жүрсе де аман болсын. «Елдің азаматы болсын» деп үнемі айтып отырады біздің үйдің қожайыны.
Иә, өмірге нәр беретін ана болса, әке – отбасының қорғаны. Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең. Сондықтан әке мен ананы алақанға салып аялайтын, оларға әркез құрмет көрсететін ұрпағымыз аман болсын!
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ