Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Руслан Рүстемов 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады

Аудан әкімі Руслан Рүстемов 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады

Құрметті сырдариялықтар,
қымбатты балалар мен ата-аналар!
Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Балаларды қорғау күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға үндейтін мереке.
Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор.
Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу.
Бала – адамның бауыр еті. Әрбір ата-ана өз баласын жарық дүниеге әкелген сәттен бастап оған барлық жүрек жылуын, ата-ана қамқорлығын сыйлап, болашақта сол баланың өмірде өз орнын тауып, қалыптасуына ықпал етеді.
Боламын деген баланың бетінен қақпай, белінен буатын дана халқымыз ұрпағына тағлымды тәрбие беріп, кішіпейілділікке баулып өсірген.
Халқымызда «Адам ұрпағымен мың жасайды» - деген қанатты сөз бар. Өсіп келе жатқан балаларымыз жақсы білім алып, келешекке нық қадам бассын.
Қымбатты балалар!
Сендер дамыған, байтақ елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар.
Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр.
Барлықтарыңа мықты денсаулық, баянды өмір, бақытты балалық шақ тілеймін.
Жүздеріңнен қуаныш пен бақыт күлкісі кетпесін, ал жүректеріңе тек мейірім мен шапағат ұяласын.
Мереке құтты болсын!
01 маусым 2020 ж. 2 576 0