Ұлағатты ұстаздың ғибратты жолы
Әсілінде, біз «Көзі ашық, көкірегі ояу» деген сөздің байыбына бара алмай жатамыз. Мұндай теңеуге ағартушылық қызметпен етене айналысқан кемеңгер жандар әбден лайықты. Педагогика саласында аға буынға қарап бой түзеген ұстаздардың қашанда мәртебесі жоғары.
Жүректілікпен тайсалмай 29 жасында басшылыққа келген мұғалімнің алдында сан түрлі сынақ тұрды. Бала бағбаны бола білген Жібек Азаматовамен бір сәт дидарласқан кезімізде ұлт тәрбиесімен айналысудан асқан дегдар қызмет жоқ екенін айқын сезіндік.
Топырағы киелі Шіркейлі ауылының тарихында Жаңабай Азаматовтың есімі ерекше аталады. Өткен ғасырда аталған ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан ардақты азаматтың еңбегі ерен. Бұл ретте, тектілігімен айналысына үлгі болған тұлғаның перзенті Жібек Азаматованы білім саласының майталманы ретінде жақсы білеміз. Осыдан 61 жыл бұрын дүние есігін ашқан аяулы жан көп балалы отбасынан шыққан. Анасы – Әсия 13 құрсақ көтергенімен, оның екеуі бала күнінде-ақ шетінеп, қалған 11-і өмірден өз орындарын тапқан болатын.
Жібек Жаңабайқызы ауылдағы онжылдық мектептен білім алғаннан соң сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығын меңгеріп шыққан. Бала кезінен кітап оқуға жаны құмар жанның ұстаздық қызметке баруы тегіннен-тегін емес еді. Оған өзінен үлкен бауырларының білім және ғылым саласында еңбек етуі ықпал етті.
– Әрбір ата-ана перзентіне тағылымды тәрбиесін беруге тырысады. Әрине, әкем мен анамның 11 баласын жеткізуде өзіндік қолтаңбасы бар. Асқар тау әкеміз соғыс жылдарынан кейін қиындыққа ұшырып, қалжыраған ауылды аяққа тұрғызу үшін басшылық қызметке тағайындалған еді. Отыз жылға жуық уақытта қалхоз басшысы бола жүріп, қарапайым халықпен ел еңсесін тіктеуге барын салды. Үйдегі отағасына тірек болған анамыз кешіпейіл, көпшілікке қамқор, мейірімді қалпынан тайған емес. Біздің отбасымыздың негізгі ұстанымы – адалынан еңбек ету, кісінің алдында асып-таспау, үлкенді сыйлап, ізеттілік көрсету. Анамыз Әсия – Тапал ахунның ұрпағы. Қан майданда соғыс өрті тұтанған кезде біршама уақыт әкемізден хабар келмейді. Сонда анамыз үйдегі үлкен кісілерді алаңдатпау мақсатында абысынын жанына ертіп алып, әкемді іздеп артынан барған екен. Алтайдан Құдай қосқан қосағын іздеп тапқан анам жайында «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Ажар Әзхожаева бір жылдары мақала ретінде жазған болатын, – дейді өткен күндерге көз тастаған ардақты ұстаз.
Өзінің саналы ғұмырында ел ісіне басшылық жасаған Жаңабай Азаматов әрбір баласының жоғары білім алуына көңіл бөлген. Сондықтан қарашаңырақтан шыққан ұл мен қыз ғылым мен ілім іздеуге машықтанды. Өнегелі отбасынан инженер, жүргізуші секілді бірнеше мамандық иелерімен қатар, ұстаздық қызметте өлшеусіз еңбек еткен жандар да түлеп ұшты. Негізінен, Жаңабай Азаматовтың ең алғашқы қызметі мұғалімдіктен басталған. Осылайша, әкесі мен бауырлары салған сара жолды лайықты түрде жалғастыра білген Жібек Жаңабайқызы осыдан 41 жыл бұрын қазіргі №129 Әбіраш Жәмішов атындағы мектеп-лицейге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қабылданған еді.
– Дипломымды қолыма ұстап, өзіме ыстық көрінетін білім ошағының табалдырығын аттағанда бойымды қорқыныш биледі. Күрделі пән саналатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің қыр-сырын шәкірттеріме үйретуге барымды салдым. Жоғары деңгейдегі ұстаздардың байқауына қатысып, дараланып жүрдім. Аудандық білім бөлімінің тарапынан өткізілетін іс-шараларды өткізуден тайсалған емеспін. Жастайымнан мені шыңдауда көз көрген ұстаздарымның еңбегі ерекше. Өзім сүйген мамандықты барынша игере жүріп, басшылық қызметке араласа бастадым. Сол кездегі мектеп директоры Жарылқасын Алданазаровтың пәрменімен мектеп директорының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Абыройлы қызметті атқара жүріп, бала тәрбиесіне көңіл бөлдік. Мектебіздің жақсы жағынан көрінуіне аянып қалмадық. Жалпы, қызметке кіріскен әрбір адамға мінез керек. Мінезімен көпшілікке жаға білудің өзі үлкен өнер, – дейді ұлағатты ұстаз.
Ә дегеннен, айтқан сөздің үдесіне шыға білу жоғарғы дәрежедегі маманға деген көпшіліктің сенімін жоғарылатады. Ауылдағы білім ошағының ыстық-суығына көнген Жібек апайдың басынан талай ауыртпалық өткен. Педагогикалық құрамның алдында абыройлы болу үшін әр жылдары білім саласындағы өзгерістерге дайын болған аяулы ұстаз әкесінің ақылына үнемі жүгініп отырған. 1990 жылы сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы, ардақты азамат Камалатдин Наурызбаев Жібек Жаңабайқызын ауылдағы мектептің директоры етіп тағайындайды. Осыдан соң 29 жасқа келген жас маманның өмір жолының жаңа парағы айқара ашылды. Қаржылық қиындық туындап, мектепті ұстап қалудың өзі біршама иыққа жүк түсірді. Үй мен мектептің арасындағы жолды тоздырған жас келіншек басшылыққа келгенде мектептің 60 жылдығы тойланады.
– Мектебіміздің 60 жылдық мерейтойын ауыл ақсақалдарымен, ұстаздармен ақылдасып, жоғары деңгейде өткіздік. Өткенімізді саралап, ұстаздар жайында мол мағлұмат жинай білдік. Өлкетану мұражайын ұйымдастырып, мектеп бітірген аға буын өкілдері тойымызға ортақтасты. Жастайымнан ағалық ақылын аямайтын ұстаздар қауымының шапағатын көп сезіндім. Біздің заманымызда кадр саясатын жүзеге асыру маңызды рөл атқарды. Ауыл жұртшылығы артқан сенім үдесінен шығу басты мақсатым болды. Әрине, директорлық қызмет оңайлық соқпады. Мектепте 100-ге жуық педагог, 757 оқушы болды. Өз кезегінде Әмірғали Құдайбергенов, Әуезхан Палымбетов, Айдар Есімсейітов, Дүйсенбай Ертаев, Біләл Мақашев, Дайрабай Әлиасқаров, Сайфолла Ибрагимов секілді ағалары әрқашан ақылын айтып, барынша бағыт-бағдар берді, – дейді білім саласының үздігі.
Әр жылдары мектеп директоры білім саласына байланысты күрмеуі шешілмеген мәселеге назар аударды. Қызметтік бөлмесіне аз ғана уақыт аялдайтын білікті маман барлық шаруаны абыроймен атқара білді. Мәселен, мектептің тарлығына байланысты қаржы көзін тауып, шаруашылық төрағасы Өмірзақ Сәдуовке жүгініп, 8 сыныптық ғимараттың салынуына ықпал етті. Аталған жаңа ғимаратта бастауыш сынып оқушылары білім алды. Сонымен бірге 1998 жылы жергілікті жазушы, көрнекті қаламгер Қалтай Мұхамеджановтың облыс көлемінде 70 жылдығын атап өту барысында мектеп ұжымы өзіндік үлесін қосты. Оңтайландыру мен қысқарту саясатына ұшыраған балабақша ғимаратын мектепке лайықтандырып, жазушының мерейтойында қайта пайдалануға берген болатын.
– Әкем ұстаздық қызметті атқарып жүргенімде «Айналаңдағы адамдарды тани біл» деп өсиетін айтқан болатын. Шүкір, ұжымның қызметкерлері барлық жағынан болысты. Нарық заманына байланысты мектептер өз-өзін қаржыландыру саясатын жүргізді. Осындай уақытта өзіміз қаржы табуға тырыстық. Қара күрішті сатып қажетімізге жараттық. Бір жылдары темір пеш орнатып, отынды өзіміз шауып әкелетінбіз. Сонымен бірге еңбек пәнінің мұғалімдері қыздарға киіз басуды үйрететін. Біз ауыл тұрғындарынан жүн жинап, әр сынып киіз басудан жарысатынбыз. Бір күні күтпеген жерден мектебіздің спорт залы құлап, ортасына түсті. Сонда 1998 жылы аудан басшылығының ықпалымен демеуші тауып, спорт залды қайта тұрғыздық. Ұстаздар қауымы құрылыс бригадасына көмектесіп, балшық пен кесек таситын. Міне, еңбектің еленгені болар, халық баласына сапалы білім беруге ұмтыла білдік, – дейді көптеген істің басы-қасынан табыла білген білікті басшы.
Осындай қыруар шаруаны атқарып жүрген әзиз ана үй шаруасында назарынан тыс қалдырған жоқ. Ол басшылардың тапсырмасын орындай жүріп, ерінің бабын да таба білді. Жібек апай 1979 жылы ауылдасы Мұхтар ағамен шаңырақ көтерді. Өнегелі отбасында 2 қыз, 1 ұл дүниеге келді. Мұхтар аға ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек етіп, зейнетке шықты. Қазіргі уақытта қыздары Ботагөз бен Аягөз анасының жолын қуып, ұстаздық қызмет етіп келеді. Ботагөз – тарих пәнінің мұғалімі. Ал Аягөз бүгінде №129 Әбіраш Жәмішов атындағы мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Ұлы Асхат болса, ішкі істер саласында еңбек етеді. Екі отбасының беделін көтере білген Жібек Жаңабайқызы өзінің алғашқы ұстаздары ата-анасы екенін айтады. Үнемі мейірбан жан немерелеріне әкесінің ғибратты сөздерін, өлеңдерін айтып отырады.
– Менің өмірімде өнегесі мол жандар көп кезікті. Білім саласында байыппен қызмет етіп, өткенді саралай білдім. Сол кездегі аудан басшысы Алмагүл Божанова апайымыз мектепке ескертпестен келетін. Ол кезеңде ауылда жарық болмайды. Қолына май шамды алып, мектептің бар бөлмесін аралап шығатын. Жасалуға тиісті жұмысты тапсырып, барлық істе көмектесетінін жеткізетін. Бір күні Алмагүл апай әкем жайында кітап жазып жатқандығын жеткізді. Бұл ретте, қоғам қайраткерімен бірігіп, «Құдірет пен қасиет» деген кітапты жарыққа шығардық. Кітапта ел ағаларының әкем жайында айтқан естеліктері, мазмұнды әңгімелері топтастырылды. Кітап шыққан кезде әкемнің алдындағы перзенттік парызымды өтегендей болдым. Әкем көзі тірісінде сол кездегі Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаевпен кездескен. Сол кездегі бірінші басшымен кездесуінде әкем денсаулығына байланысты жұмысты қоятындығын жеткізеді. Сонда Дінмұхамед Ахметұлы рұқсат етпеген екен. Осыдан кейін асқар тауымыз 70 жасына дейін қызметке араласты, – дейді ардақты ана.
Білім саласының білікті маманы өз уақытында Шіркейлі ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланған. Ардақты ұстаз 2003 жылы Тұңғыш Президенттің облысқа жұмыс сапары барысында жұртшылықпен кездесуінде білім саласы қызметкерлері атынан сөз сөйлеу құрметіне ие болды. «Сыр өңірі педагогикасындағы қадірлі 200 есім» кітабына есімі мен еңбегі енген Жібек Азаматова қызмет еткен жылдары жоғары марапаттарға қол жеткізді. Ел құрметіне бөлене білген жанның ақындық, ән айтатын қасиеті де бар.
– Әкем жас кезімде өнерге жақын болуыма алғашқыда қарсы болды. Қыз баласына жат қылық деп айтатұғын. Бірде ауылдағы бір кешті жүргізгенімді көріп, риза болған екен. Осылайша, сахнаға шығуыма да рұқсатын берді. Айта кетейік, ақын, сазгер Сәрсенбек Жүнісов маған арнап «Нұрлы жанды қарындасым» атты ән арнаған болатын. Қоғамдық қызметте шыңдалып, жұлдызымыз жана түсті. Барлығы ел үшін жасалған қызмет, – дейді ұлағатты ұстаз.
Иә, әңгіме барысында әзиз ана біраз естелікті ойға оралтты. Өзімен бірге әріптес болған шәкірттерін мақтан тұтатындығын жеткізді. Білім саласында елеулі еңбек еткен аға буынға деген ілтипатын жеткізді. 29 жасында басшылық қызметке кіріскен ол өмір тосын сыйға толы екенін біледі. Мектеп директоры кезінде Жібек апай балаға тәрбие мен білімнің дұрыс берілуіне көңіл бөлді.
«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген ұстанымнан таймаған ұлағатты ұстаз әріптестеріне жоғары талап қойды. Қайын атасы – Алдаберген Әзбергенов бастауыш сынып мұғалімі болған. Елге сыйлы, қадірлі болған азамат келіні директорлық қызметке тағайындалған тұста ақ батасын берген.
– Қайын атам екі әулеттің абыройын көтере білгенім үшін өз ризашылығын білдірді. Екінші әкемнің тағлымды тәрбиесін алып, айтқан ақылын жұмыс тәжірибесінде пайдаландым. Ол кісінің бекзат болмысын жоғары бағалаймын. Әлі күнге айтқан өсиеттері жадымда сақталған, – дейді ардақты жан.
Өз кезегінде біз де мейірімді ана, білікті басшы, құрметті зейнеткер Жібек Азаматованың ғұмыры ұзақ болсын дейміз. Әркез келіні Әселге көрген-білгенін, бар ғибратын айтатын асыл ана елге сыйлы қалпынан таймайды. Әсте, «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген осы шығар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ