Кітап жетістікке жетелейді
Аудан көлемінде «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасы жалғасын табуда. Мектеп оқушылары Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» шығармалары бойынша өзара бақ сынап жатыр.
Бұл ретте жоба аясында Іңкәрдария және Ақжарма ауылында оқушылар жүйріктер ішінен кіл мықтыны анықтады. Іс-шараға «Құрмет» орденінің иегері, ақын Мамыр Байдаулетов, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрмат Мансұров, айтыскер ақын Ержеңіс Әбдиев, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы, №191 орта мектебінің директоры Ғалымбек Жаппаров, №130 Абай атындағы орта мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Жолдасбек Орынбаев, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Бірнеше ай бұрын мектеп оқушыларына Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» шығармаларын оқуға тапсырма берілген. Өз кезегінде жас өрендер шығармалар мазмұнын талдап, эссе жазды. Сонымен бірге кітаптағы оқиғалар желісі негізінде дайындалған сауалдарға жауап берді. Жеті атасын жатқа айтты.
– Балалық кезеңнің басым көпшілігін кітап оқумен өткіздік. Әлемдік және ұлт жауһарларын жастана оқитынбыз. Иә, заман ағымына қарай өмір сүру дағдысы өзгерді. Қазіргі таңда ақылды гаджеттердің дәурені жүріп тұр. Осындай сәтте балаларды кітап оқуға баулыған ел азаматтарының бастамасы құптарлық іс. Тың жобаның игілігін жас ұрпақ көргенін қалаймыз. Ақыл кенінен керегін зердесіне тоқыған оқушыларға сәттілік тілеймін, – деді «Құрмет» орденінің иегері, ақын Мамыр Байдаулетов.
Әділ қазылар алқасының шешімімен «Жабайы алма» шығармасы бойынша №191 орта мектебінің 7 сынып оқушысы Айтолқын Темірбай бас жүлдені, Шұғыла Әбдіразақ І орынды, Дидар Ерланқызы ІІ орынды, 6 сынып оқушысы Диас Дастанұлы ІІІ орынды иеленді. Ал «Ұшқан ұя» шығармасы бойынша 10 сынып оқушысы Ерсайын Абадатдинұлы бас жүлдені, Аида Алпысбай І орынды, 9 сынып оқушысы Әсемай Бекет ІІ орынды, 8 сынып оқушысы Айзере Қуанышбай ІІІ орынды еншіледі.
Өз кезегінде Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектептің оқушылары да жан-жақтылығымен танылды. Яғни «Жабайы алма» шығармасы бойынша 5 сынып оқушысы Айзере Аманжолқызы бас жүлдені, 6 сынып оқушысы Нұркелді Қошуақ І орынды, 7 сынып оқушысы Әнел Серік ІІ орынды, Назым Атабай ІІІ орынды иеленді. «Ұшқан ұя» шығармасы бойынша 8 сынып оқушысы Ханшайым Орынбекқызы бас жүлдені, 10 сынып оқушысы Ғайни Берік І орынды, Мерей Бақытбек ІІ орынды, 8 сынып оқушысы Мерей Ғаниқызы ІІІ орынды иемденді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлық пен диплом тапсырылды.
Айта кетейік, «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасын ұйымдастыруға аудандық мәслихат депутаты, Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов пен жеке кәсіпкер, «Ақжарма және К» фермер қожалығының төрағасы Қарайт Нұрсейітов демеушілік жасады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ