Оқушылар кітаптарды жастанып оқыған
Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің орыстардың арасында білім алып жүрген кезі болса керек. Білім қабырғасында ұзын-сонар түрлі кітаптар тізімі жазылған тақтайша алдында қойын дәптеріне екі ғана кітаптың атын жазып алыпты. Мұны байқаған жанындағылар неге екі ғана кітапты таңдағанын сұрағанда М.Әуезов қалған кітаптарды оқып қойғанын айтыпты. Міне, сол көп оқығанының арқасында ол дана Абайды әлемге танытқан көрнекті жазушы, ғұлама ғалым атанды.
Аудан мектептерінде «Сырдария ауданының құрметті азаматы», айтыскер ақын Нұрмат Мансұров пен аудандық мәслихат депутаты, жергілікті газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы ұйымдастырып жүрген «Балалар жылы» аясындағы «Кітап оқы да, тұлға бол!» жобасының мақсаты да осы, яғни оқушылардың көп кітап оқуға құлшыныстарын арттыру. Осы мақсаттағы жобада мектептің оқушылары Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» мен Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» повесін оқып, сол бойынша эссе жазу керек. Сондай-ақ жеті аталарын, шығармаларға қатысты сұрақтарға жазбаша жауап беруі қажет.
Аталған жоба бойынша Аманкелді мен Бесарық ауылдарында үздік шыққан оқушылар анықталып, жүлдеге ие болды. Мұндай бастамаға мен де қызығушылық танытып, ұйымдастырушыларға бірге атсалысуға ұсыныс білдірген болатынмын. Соның нәтижесінде ауданға қарасты Шаған және Нағи Ілиясов ауылындағы іс-шараға қатыстым.
Аманкелді, Бесарық ауылынан кейін бұл жоба Шіркейлі ауылында да өткізілді. Оған ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Серік Ыдырысов, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы қатысты. Жоба барысында №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицей оқушылары өздерінің белсенділігін көрсетті. Нәтижесінде, қаһарман батырдың туындысын оқыған 8-10 сынып оқушылары арасында бас жүлдені 9 сынып оқушысы Алмасбек Ернар жеңіп алды. Жүлделі I орынды 9 сынып оқушысы Әділбек Асылзат, II орынды 9 сынып оқушысы Әбділлаева Ақбота және III орынды 10 сынып оқушысы Сайфуллаева Бибінұр ие болды.
Ал жазушы С.Мұратбековтың шығармасын оқыған 5-7 сынып оқушылары арасында бас жүлдені 7 сынып оқушысы Тоқтарқызы Сағыныш иеленді. Сондай-ақ I орынға 5 сынып оқушысы Амангелді Жанбике, II орынға 6 сынып оқушысы Әбдірахманқызы Нұрсезім, III орынға 5 сынып оқушысы Рүстемова Бегімай лайық деп танылды. Атап өту керек, оқушыларды мектеп-лицей ұстаздары Райсова Әйгерім, Қожарипова Күмісқал, Азаматова Жібек, Азбергенова Аягөз, Қараманова Әсемдер дайындаған. Оқушылардың осындай нәтижеге жетуіне ауылдағы «Мәді Қажы» ЖШС-нің директоры Сейіткамал Сұлтанов демеушілік көрсетті.
Айта кетейік, игілікті іс-шарадан кейін мектеп-лицей директоры Жанболат Назаровтың шаңырағында ауызашар беріліп, ұйымдастырушыларға алғыс айтылды.
Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдегі жобаға 87 оқушы қатысты. Олардың шығармаларды жастанып оқығаны көрінді. Сұрақтарға жазбаша жауап берді, тіпті оған қоса ауызша да толықтырып жауап берген оқушылар көп болды. Эссе жазу барысында оқушылар өз ойларын еркін жеткізе білген. «Жабайы алма» кітабын оқыған шағандық бір оқушы «Адам ағаш секілді, еңбек ете білсе, оның жемісін көреді» деген тұщымды ой айтқан.
Өздерінің білімділігі мен ой ұшқырлығын көрсете білген 8-10 сынып оқушылары арасында бас жүлдені 9 сынып оқушысы Совет Айгерім жеңіп алды. Жүлделі І орынды 9 сынып оқушысы Жанайдар Асылзат, ІІ орынды 8 сынып оқушысы Шараева Жансұлу, ІІІ орынды 9 сынып оқушысы Мұратқызы Мөлдір иеленді. 5-7 сынып оқушылары арасында бас жүлдеге 7 сынып оқушысы Ерболатова Раушан ие болды. І орынды 5 сынып оқушысы Калменова Альбина, ІІ орынды 7 сынып оқушысы Ғайнуллаұлы Айбар, ІІІ орынды 6 сынып оқушысы Насырхан Аяла жеңіп алды. Оларға ұлағатты ұстаздар А.Жаңабай, Э.Баймағанбетова, М.Аусинбаева, А.Қозтаева, Л.Ділдәбекова бағыт-бағдар берген.
Жобаның марапаттау сәтінде мектеп-лицей директоры, аудандық мәслихат депутаты Ғ.Жаңабаева сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Шағандық оқушылар жетістігіне «Шаған – Жер» ЖШС-нің директоры Жеңісбек Сыздықов демеушілік жасап, қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.
Сол күні түс ауа үлгілі ауыл Н.Ілиясовтағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте болдық. Мұнда да жобаға қатысатын оқушылар қарасы қалың. Әдеттегідей, сынып-сыныпқа бөлініп, тапсырмалар берілді. Шығармалардың өн бойын жаттап алған оқушылар одан түйген ойларын қағаз бетіне түсірді. Тіпті, кітапты оқу барысында 24 парақтың дәптерлерге конспектілеген оқушылар кездесті.
Бұл ауылдағы игі іс-шараға «Қазақстанның Еңбек Ері», жанашыр азамат Абзал Ералиев демеушілік көрсетті.
Жоба қорытындысында 8-10 сыныптар арасында бас жүлдені Алматова Дилназ, І орынды Мақсатқызы Толғанай, ІІ орынды Іңкәрбек Альфия және ІІІ орынды Сүйінбек Қырмызы жеңіп алды. Сонымен қатар «Жабайы алма» шығармасын оқыған Серікжанқызы Меруерт бас жүлдені иеленді. І орын Нұрлыбекқызы Аянаға, ІІ орын Ешмұратова Нұршатқа, ІІІ орын Кеңес Аянатқа бұйырды. Оларға ұстаздар Б.Найманов, Ж.Байсынова, Г.Қалбаева, С.Кенебаева, кітапханашы П.Шәкімбекова зор қолдау көрсеткен.
Арнайы диплом мен жүлделерді табыстау сәтінде мектеп директоры І.Анафияев көп кітап оқығанның қатарының алды болатынын, үлкен тұлға атанатынын атап, ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен жанашыр азаматтарға алғысын айтты.
Осы жоба арқылы көптеген оқушылардың кітап оқуға деген ынтасы артқанын, шығармалардан өздеріне керекті дүниелерді ала білгенін көрдік. «Бұл мектеп ұстаздарына зор көмек. Одан бөлек кітап оқу арқылы оқушылар өз ойын ашық, еркін жеткізе алады. Осы жобаның нәтижесінде кітапқұмарлар қатары артатынына сенімдімін» дейді айтыскер ақын Н.Мансұров.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ