Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап – сарқылмас қазына

Кітап – сарқылмас қазына

«Балалар жылы» аясында аудан әкімінің қолдауымен мектеп оқушылары арасында көркем әдебиет, ізгі құндылықтарды наси­хаттау мақсатында өткізіліп жатқан «Кітап оқы да, тұлға бол» байқауы жалғасуда. Тартысты дода №36 Ә.Тәжібаев атын­дағы мектеп-лицейінде, одан соң Сәкен Сейфуллин ауылында­ғы №137 орта мектепте жалғас тапты.

Жоба шарты бойынша кітап оқуға құмар оқу­шылар Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шы­ғармасы мен Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесін оқып, сол бойынша эссе жазуы керек. Сондай-ақ жеті аталарын, шығар­маларға қатысты сұрақтарға жазбаша жауап беруі қажет.

Оқушылардың кітапты жастана оқып, мұ­қият дайындалғаны айқын көрініп тұрды. Рухани азықты жасөспірімдер бойына те­рең сіңіруді мақсат еткен байқауға ақын, ха­лықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова, Қызылорда облыстық білім басқармасына қарасты «Дарын» орталығының бөлім басшысы Нұршат Наурызбаева, Қа­зақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», айтыскер-ақын Нұрмат Мансұров, ау­дандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов және аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы төрелік етті.

Оқушылардың талабы жоғары, десек те байқау болған соң жүзден жүйрік, мың­нан тұлпар ғана жеңіс төрінен көрінері анық. Са­йыс қорытындысы бойынша №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейден 5-7 сынып оқу­шылары арасында Сайын Мұратбековтің «Жа­байы алма» повесін оқып, бас жүлдені Жансұлу Мұратова жеңіп алды. Ал жүлделі бірінші орын Аружан Мұратоваға бұйырды. Екінші орынды Зере Дас­танова жеңіп ал­са, үшінші орынды Мөлдір Маратқызы қанжы­ғалады. Оқушыларды игі іске бейімдеп, са­йысқа дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің еңбегі зор екенін айта кет­кеніміз жөн.

Ал 8-10 сынып оқушылары арасында «Ұшқан ұяны» тұшына оқып, сұрақтарға мү­дірмей жауап берген Ақгүл Уәлибекова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Жанбота Әбутәліп еншілесе, екінші орын Аяжан Қайратоваға бұйырды. Үшінші орынды Ақан Әбжанов қанжығаға байлады. Сайысты қорытындылаған мектеп дирек­торы Ү.Жұмабаева оқушылар мен ұстаз­­дарды жеңісімен құттықтай отырып, ұйымдас­тыру­шылар мен сайысқа демеушілік жасаған ау­дандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергеновке шынайы алғысын білдірді.

Ал №137 орта мектептен тартысты додаға кітапсүйер 80-ге жуық оқушы қатысқан. Олардың ішінде 8-10 сынып оқушылары арасында бас жүлдені жеңіп алған Дәулет Мүтәлаб, Нұрахмет Мансұров, 5-8 сынып оқушылары арасында Кәусар Әбдібек және Нұрислам Есенкелді болды. Бірінші орынды Жәмила Әбсаттарқызы мен Айсезім Тыным, екінші орынды Тахмина Сейтсұлтанова және Алина Қазыбекқызы, үшінші орынды Бағым Жәкебаева, Ақмаржан Талқанбаева жеңіп алды. 5-7 сынып оқушылары арасында бірінші орынды Іңкәр Сәбит, екінші орынды Нұрбек Сәрсенғалиев, Мәнсүр Ғалиев, үшінші орынды Кәусар Темірбаева мен Асылай Орысбай иеленді.

Сайысты қорытындылаған мектеп директоры Б.Есназар оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыруда сайысқа демеуші болған кәсіпкер Мақсұт Әбілдаевқа, кәсіпкер-меценат Қанат Мүсіреповке ауыл халқының атынан алғыс білдірді. Оқушылар байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылса деген ұсыныстарын айтты.





Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 мамыр 2022 ж. 495 0