Сүт селдеткен сауыншы
Еңбек сүйген адамның абыройы қай кезде де асқақ болады. Еңбек еткеннің еңсесі де биік болатыны ықылым заманнан келе жатқан жазылмаған заңдылық. Еңбегі «ер» атандырып, жұмысты ауыр-жеңіл деп бөліп қарамайтын, таң азаннан ел-халықтың игілігі мен тұрғындардың табиғи өнімді тұтынуы үшін еңбекке кірісетін нәзік жандылардың бірі – шағандық сауыншы Ұлтай Айтбаева.
Аудандағы іргелі «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сауыншысы биыл үздіктер қатарында көш бастады. Еңбегі еленген жан сүттен ақ бұлақ жасап, халықтың аузын аққа молынан тигізді. Сүт өнімдерін өндіруді 125 пайызға жоспардан асыра орындап, жоғары көрсеткішке жеткен маманның еңбегі лайықты бағаланып, аудандағы «Алтын дән – 2022» еңбеккерлер мерекесінде «Озат сауыншы» номинациясымен марапатталды. Адал еңбегімен арнайы сый-сияпатқа ие болған Ұлтай апаймен арнайы байланыс орнатып, сұхбаттастық.
Ұлтай Смағұлқызы – 1980 жылдың тумасы. Кіндік қаны Тереңөзек кентінде тамып, балалық шағы осы мекенде өткенімен, отбасылық жағдаймен Шаған ауылына қоныс аударған. Содан бері берекелі Шаған ауылдық округінің тұрғыны болып, сол елді мекенде өсіп-өніп отырған жайы бар.
Ұлтай апай – бүгінде көпбалалы ана. 2003 жылы Құдай қосқан жолдасы екеуі отау құрған. Бүгінде шаңырақ көтергендеріне жиырма жылға жуық уақыт болған. Шаңырағы биік, есіктен қонақ үзілмейтін берекелі отбасында бес бүлдіршін әже мен атаның тәліміне, әке мен ананың тәрбиесіне, мейіріміне қанып өсіп келеді. Ұлдардың үлкені бүгінде үлкен өмірге қадам басқан. Биыл ғана Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атанған. Екінші ұл биыл 11-сыныпты тәмамдап, ұядан түлеп ұшпақ. Қыздың үлкені 7-сыныптың үздік оқушысы болса, кіші қыздардың бірі – 5, кенжетай – 3 жаста.
Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен шаруаны үйлестірген ана 1997 жылдан бастап «Шаған Жер» ЖШС-де сауыншы болып жұмыс істеп келеді. Мектеп қабырғасын бітірісімен қызу еңбекке араласқан нәзік жанды еңбегінің жемісін көруде. Ұлтай Айтбаеваның бұл алғаны алғашқы марапаты емес. Еңбекке енді араласқан кезде, яғни 1998 жылы еңбеккеш жан облыс бойынша «Озат сауыншы» атанғанын мақтанышпен айтып өтпеуге болмас. Жиырма бес жыл еңбек өтілінде сауыншы болып, оның арасында серіктестіктің қырман жұмысына да белсене араласқан. Сондай-ақ жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп, еңбегі еленіп шаруашылықтың, ауыл әкімдігінің арнайы «Алғыс хатына» ие болып келеді.
Ұлтай апайдың ата-анасы да қазақтың көне кәсібі мал шаруашылығынан береке тапқан қарапайым жандар. Әкесі малшы болса, анасы сауыншы болып елге еңбегі сіңген. Бүгінде ардақты әкенің тек өнегесі мен үлгісі ұрпағына өсиет болып қалса, анасы – балаларына ақыл-өнегесін көрсетіп жүрген аяулы әже. Ұлтай Айтбаева сауыншылықты кішкентай күнінен анасынан үйренген екен. Жастайынан ананың тәлімін көріп, қасынан екі елі ажырамай еріп жүріп, мал шаруашылығының ебін, сауыншылықтың сырын үйренген. Айта кетейік, Ұлтай апайдың анасы Анаркүл Айтбаева да кезінде «Озат сауыншы» атанған.
Бүгінде отбасында ардақты келін, аяулы жар, асыл ана болып отырған Ұлтай апайдың жұбайы да осы шаруашылық саласында көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Бір отбасы іргелі шаруашылық жұмысының ілгері жылжуына өзіндік үлестерін қосуда. Халықтың игілігі үшін таң демей, түн демей жұмыс жасап жүрген нәзік жанды ата-енесінің де көңілін тауып, келімді-кетімді қонақтарды да құрметтеп үлгереді. Міне, нағыз қазақтың келіндері, осындай болса керек.
Сәби күнінен табиғи өнімнің пайдасына көзі жетіп, сол жолда қызмет етіп жүрген еңбек адамы төрт түлік шаруашылығының қасиетті кәсіп екенін айтады.
– Ата-бабамыз біліп кәсіп қылған ғой. Мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең – азық. Отбасымызбен осы мал шаруашылығын кәсіп қылып, нәсібін көріп келеміз. Қазір Шаған ауылдық округіндегі белгілі шаруашылық «Шаған Жер» ЖШС-нің сауыншысымын. Жаздың күні таңғы төрттен бастап, күн салқында таңғы алтыдан бастап жұмысқа кірісеміз. Жаз бойы он бас жылқы саудым, қазір күніне 25 бас сиыр сауамын. Сүттен құрт, ірімшік секілді өнімдерді де өз қолымызбен жасаймыз. Сүтті, сүт өнімдерін тиісті орындарға сату үшін ұсынамыз. Әрине, табиғи өнімге халықтың сұранысы да жоғары. Жұмыстың оңайы жоқ, үлкен бейнетпен келеді. Халықтың шынайы алғысымен жасарып, шаршағанымызды ұмытамыз, – дейді еңбегімен абыройы артқан жас ана.
Айта кетейік, серіктестік өз қызметкерлеріне жайлы жағдай жасауда. Бұл туралы 25 жылдан бері шаруаға араласып, еңбегімен елге елеулі болып жүрген Ұлтай Айтбаева «Бұрын бәрін қолмен жасайтын едік. Қазір техниканың түр-түрі ойлап табылуда. Соған сай қол еңбегі де екі есе жеңілдеп келеді. Серіктестіктің басшылық тарапы түрлі техникалармен қамтамасыз етіп, жұмысшыларға жайлы жағдай жасап, жыл сайын марапаттап, ынталандырып отырады. Сол үшін шаруашылық директоры Ж.Сыздықовқа алғысымыз шексіз» дейді шағандық сауыншы.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ