Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер тамған он саусақ – үзілмейтін ырысың

Өнер тамған он саусақ – үзілмейтін ырысың

Аудан орталығынан шалғай жатқан, хал­қы­ның тірлігі мен бірлігі, ынтымағы мен бе­ре­кесі жарасқан Аманкелді ауылында үш жылдан бері қыз жасауын жасап, тігін­мен айналысатын бір келіншек бар. Он сау­са­­ғынан өнер тамған Ләйлә Қожабек ауыл халқының тапсырыстарын орындап, көпші­ліктің алғысын алып жүр. Қолөнер шеберін сырттай танығанымызбен, жақын бай­ланыс орнату­дың сәті енді түсті.

Ләйлә – Қармақшы ауданының тумасы. Тағдыр айдап, өз теңін Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылынан тапқан ол ауылға келін болып түскен. Бүгінде үш бірдей бүлдіршіннің анасы атанып отырған кәсіпкер «үйде отырып та, еңбекке араласып, жақсы табыс табуға болады» деген пікірде.

Ләйлә Қожабек кішкентай күнінен әдемілікке, өнерге, оның ішінде, тігін саласына етене жақын болған. Он саусағынан өнер тамған дарын иесіне бұл қасиет анасы Сәуледен берілген екен.

– Мектеп кезінен еңбекке баулу пәнін өте жақсы көретінмін. Асықпай отырып қолөнер бұ­йымдарын жасаған, тігін тіккен жаныма жақын еді. Сол кезден мен өзімнің болашақ бағытымды айқындағандай болдым. Ине мен жіптен, түрлі-түсті матадан өз қолыңмен жасалған дүниені, нә­тижені көру жанға тыныштық, рақат сыйлайтындай, – дейді кейіпкеріміз.

Бір қызығы, Ләйлә тігіншіліктің арнайы курсын яки оқуын оқымаған. Бірақ бүгінде «Сәуле-Ана» дүкенін ашып, еңбекке етене араласқан келіншектің жұмысы кәнігі тігіншілерден бірде-бір кем түспейді. Тұрақты тұтынушылары да жоқ емес.

– Менің анам Сәуле – он саусағынан өнер тамған, тігін саласын өте жақсы меңгерген жан. Бұл өнер маған анамнан дарыған. Өкінішке қа­рай, қазір анам арамызда жоқ. Десе де, мен ол кісіден көп нәрсе үйрендім деп айта аламын. Кәсібімді бас­тауыма да анама берген уәдем себепкер болды. Сол кісінің қызығып, жасай алмай кеткенін мен жасағым келді. Анамның атын өшірмей, осы салада қайта жаңғыртуды мақсат еттім. Алланың қалауымен, үш жыл бұрын үй ішінен бір бөлмені арнайы жабдықтап дүкенімізді аштық. Шағын дүкенге «Сәуле-Ана» деп атау беріп, айдар тағуымыз да тегіннен тегін емес еді, – дейді Ләйлә.

Бойға біткен дарын мен өнерді одан әрі шың­дап, дамытуға Ләйләнің анасы басты себепкер болса, сондай-ақ әкесі, бауырлары және жолдасы мен ата-енесі үнемі қолдау көрсетіп отырады. Жақындарының жылы сөзінен шабыт алатын шеберқол иесі кәсібі мен қызығушылығын түсініп, жан жақты қолдайтын жақындарына риза­шылығын білдіреді. Ләйләнің өзі үш ағайынды, үйдің кенжесі. Өз әкесі бүгінде көлік саласында қызмет етеді. Кейіпкеріміздің жолдасы Асылбек Уахит те жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Жас отбасында әкенің тәлімі мен ананың өнегесін көріп өсіп келе жатырған үш бүлдіршін бар. Олардың үлкені екінші сынып оқушысы болса, екіншісі – бес жаста, ал кенжетай – екі жаста.

Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласы жан-жақты дамып, кәсіппен айналысқысы келетіндерге мем­лекет тарапынан үздіксіз қолдау көрсетіліп ке­леді. Осындай қайтарымсыз гранттың игілігін кө­ріп отырғандардың бірі – біздің кейіпкеріміз.

– Кәсіпке алғаш келгенде арнайы банктен қайтарымды несие алған болатынмын. Менің құлшы­нысымды сезді ме, банк қызметкерлері «іс­кер ханым» деп ат қойған еді. Содан бері, міне, үш жыл өтті. Кәсібім сәтті болып, жалғас­тырып келемін. Ал жақында, қыркүйек айында, ауыл әкім­дігінің қолдауымен «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант иегері атандым. Әр саланың өзіндік қиындығы мен қызықшылығы болады. Бірақ менің өз ісіме деген сүйіспеншілігім ешқандай қиындыққа мо­йын бұрғызбайды, – дейді арманы асқақ, мақсаты айқын кәсіпкер.

Айта кетейік, Ләйлә аудандағы «Алтын күз» мерекесіне орай ұйымдастырылған аудан әкімінің көрмесіне жолдама алған. Тоқшылық пен молшы­лық мерекесінде өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, халықтың алғысына бөленген.

Кейіпкеріміз осы күнге дейін жеткен жетіс­тігімен тоқтап қалмақ емес. Күн сайын жаңа білімге, жаңа дүниені үйренуге асығатын кәсіп­кер тұтынушыларға тиімді жағдай жасауды да назардан тыс қалдырмайды. Бағаны халықтың қалтасына сай етіп белгілеп, одан қалса арнайы сыйлықтарын да үлестіріп отырады екен. Сондай-ақ заман талабына сай бөліп төлеу, жеткізу қызметтерін де іске қосқан.

«Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген аталы сөз бар. Расында да, әрекет еткен адамның қос қо­лына жалғыз күрек табылары анық. Оны одан әрі дамыту, алға жылжу – өз еңбегіңнің нәтижесі болмақ. Бүгінде отбасы мен кәсіпті қатар алып жүрген нәзік жандылар көп. Әйел адамның басты міндеті күйеуінің разылығын алып, бала күтімін үйлестіру болса, өз жаны қалаған кәсіппен айналысып, қосымша табыс табу да – бақыт. Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанның негізі – елдің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыру еке­нін баса мән беріп айтқан еді. Ендеше, ел экономикасы мен өндірісіне өзінше үлес қосып келе жатқан жас кәсіпкерлеріміздің ісіне тек сәттілік тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
29 қазан 2022 ж. 345 0