Тігіншіні инесі асырайды
Бұрынғы заманда тігінші өмір сүріпті. Оның жанында үнемі немересі жүреді екен. Бір күні тігінші өткір қайшымен қымбат матаны майдалап кесіп тастайды. Содан соң қайшыны лақтырып тастайды да, инесімен кесілген маталарды бір-біріне қосып тіге бастайды. Қанша уақыт өткені белгісіз, ісін аяқтаған тігінші инесін бас киіміне әдемілеп қыстырып қояды. Мұны көрген немересі «Неліктен бұлай жасадыңыз, қайшыңызды лақтырып, ал инені басыңызға қададыңыз?» дейді. Сонда тігінші «Әдемі матаны қайшы кесіп тастайды, ал ине өзінің кішкентай әрі әлсіз болғанына қарамастан сол бөлшектердің басын қосады. Сосын одан әдемі киім шығады. Сондықтан ешуақытта бөлуге тырысатын, бірлікке сызат түсіретіндерді жақтама, керісінше, өзі нәзік болса да бірлікке шақырып, ауызбіршілікке жұмылдырып жүретіндердің жанынан табыл, демеп-көтермеле» деген екен.
Тігіншінің кәсібі туралы айтылған тәмсіл қанша уақыт өтсе де өміршеңдігін жойған емес. Мамандықтардың ішінде шығармашылыққа жақын тігіншілік – нағыз өнер. Осындай өнерді бала кезінен меңгеріп, кейін есейген шақта мықты тігінші атанған тереңөзектік Жадыра Қозбағарова – өз ісінің шебері. Ол күні-түні көз майын тауысып, ерінбей, жалықпай өзіне ұнайтын іспен айналысып келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт болды. Ине мен жіптің көмегімен, шебер қолдарымен жай матадан керемет киім-кешек шығарғанда тігіншінің талантына еріксіз таңданасың.
– Бала кезімнен матаға, ине-жіпке жақын болдым. Марқұм Қазиза әжемнің ескі тігін машинасымен анам құрақ құрап отыратын. Соның қасынан шықпай, маталарынан қиып алып, қуыршақтарға көйлек тігетін едім. Қолымның икемі болса керек, сол кезден-ақ болашақта тігінші болатынымды сезгендеймін. Мектептегі еңбек пәнінен сабақ беретін мұғалімім Галина Колесникова тіккен бұйымдарымды көрмеге апарып жүретін еді. Бірақ анам Мейрамкүл медицина саласының қызметкері болғанымды қалады. Медициналық училищеге түсуге бақ сынағаныммен, жолым болмай, мектепке қайтып келдім. Кенттегі №36 орта мектепті бітірген 1991 жылы елде дүрбелең болып кетті. Жұмыс жоқ, қиыншылықты әрбір отбасы сезінді. Әпкелерім Н.Керейтбаева, Қ.Сүлейменованың жол көрсетуімен кенттегі тұрмыстық қажетті өтеу комбинатына жұмысқа келдім. Ең алдымен, бас киім тігуді үйрендім, содан соң комбинаттағы пішуші, тігінші апайлардың жанында үйренуші болдым. Ол кезде көп адам киімді тіктіріп киетін. Шеберлердің мазасын алып, білмегенімді қайта-қайта сұрап, көйлек пішуді, тігісті түзу етіп тігуді үйрендім. Міне, содан бері сүйікті ісімнен ажыраған емеспін. Үлкен мекеме тараған соң «Сымбат» тігін цехында жұмыс істедім. Онда Ботакөз Жарықбасова, Алмагүл Әбдірахманова, Дариха Әбілова секілді шеберлерден тәжірибе жинадым. Қазір он шақты жылдан бері «Мираш» жеке кәсіпкерлігін ашып, өз-өзімді жұмыспен қамтып отырмын, – дейді тігінші Жадыра Жалғасбайқызы.
Тігін тігуді меңгерген шебердің арнаулы мамандығы болмаса да, өзінің сүйікті, қолынан келетін іспен айналысуы ол үшін үлкен қуаныш. Күн сайын киім-кешегін жөндетуге немесе көйлегін, шалбарын дұрыстап қалпына келтіруге тапсырыс беретіндер қатары қалың. Арнайы іздеп келіп, қажетті затын тіккізіп алатындар «Жадыраның қолы алтын» деп айтады.
Тігіншінің айтуынша, қазір базарда, дүкенде киім-кешектің небір түрі толып тұрғанымен, матадан көйлек тіккізетіндер қатары көбейген. Қымбатқа сатып алған көйлектерінің өзі кейде жөндеуді қажет ететіні рас. Осындайда аудан орталығындағы мықты шебер Жадыраны арнайы іздеп келетіндер баршылық.
Тереңөзек кенттегі мықты тігіншілердің қатарындағы шебердің арнайы жұмыс істейтін ғимараты болмағандықтан, шағын цехты да аша алмай отырғанына қынжылады. Кент орталығындағы бос ғимаратты жалға алып отырған тігінші осыдан бірнеше жыл бұрын «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша сертификат алып, 252 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Бұл қаражатқа жаңадан «Джак» электрлі тігін машинасын сатып алыпты. Міне, содан бері осы машинасының арқасында тігін тігіп, шағын кәсібімен айналысуына мүмкіндік алды.
– Мемлекет тарапынан кәсібімді кеңейтуге қолдау болса деген арманым бар. Ұсынысымды, жобамды әзірлеп, ізденіп келемін. Қайтарымсыз немесе жеңілдетілген грант алып, өз цехымды ашып, көмекші қыздар алсам деген арманым да бар. Әзірге, осы кәсібімді атқарып, бір ғана машинамен және көне торлағыш машинамен шектелуге тура келеді. Есесіне, тұрғындар тарапынан түсетін тапсырыс көп. Үлгермейтін кездерім де болады. Бірақ күнкөріс бар, сұраныс болған жерде табыс та болады, – дейді шебер Жадыра.
Соңғы үлгідегі сәнді көйлектерді тігіп қойса, оны тұтынатындар да табылатыны, бірақ қаражаттың болмауынан қажетті матаны сатып ала алмай отырғанын айтқан шеберге қолдау қажет. Негізінен, тігіншінің қолынан шыққан көйлек әлдеқайда сапалы әрі базар бағасынан төмен бағада болатыны анық. Яғни, отандық тігіншілердің өнімін алыстан іздемей-ақ, кент орталығынан да мықты шебер тігінші таба аласыз.
Б.ЖАНӘЛІ