Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тілінде ұлттұтастырушылық қасиет бар

Қазақ тілінде ұлттұтастырушылық қасиет бар

Жақында туған жерден шалғайда жүрген түлек, тіл жанашыры, тереңөзектік ғалыммен сұхбаттасудың сә­ті түс­ті. Қазақ тіл танымының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Айгүл Әмірбекова – қазақ тілі­нің сөздік қорын жетілдіруге, мемлекеттік тілді меңге­руге қатысты 5 моно­гра­фияның, 50-ден аса мақала­ның авторы. Түсіндірме, орфографиялық сөздік құрастыру­шы­лардың бірі.

– Айгүл Байдебекқызы, туған жер сіздің өміріңізде қаншалықты орын алады? Өскен ортаңыз туралы, алғашқы ұстаз, жалпы мектебіңіз несімен ыстық?

– Туған жер – құтты мекен, адами құндылықтарды қалыптастыратын ор­таның баспалдағы. Себебі, отбасындағы тәрбиемен қатар, балалық шақта санада терең сақталатын айнала, қоршаған ортаның, туған өлкенің ықпалы ұмы­тылмас кезеңдер болып жадыда жатталып қалады екен. Сонысымен сағын­дырып тұрса керек. Сондықтан туған жерім – Тереңөзегім өмірімде ерекше маңызды орынға ие. Тереңөзекте дүниеге келгеніммен, алғашқы білім нәрін А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 қазақ орта мектебінен алдым. Алғашқы ұстазым – керемет педагог Бану Бекішева болды. Кейін Тереңөзектегі №35 қазақ орта мектебінде үлгілі ұстаз Әлима Нақыпова апайдың білімімен сусындап өстім. Мектепті үздік бітірдім. Бұрын М.Калинин атындағы мектеп болатын. Кейін мектепке Иса Тоқтыбаев есімі берілгені белгілі.

Шәкірттерін адалдыққа, еңбекқор­лыққа, шынайылыққа, әділ болуға тәрбие­леген ұстаздар – Ажар Әзхожаева, Алия Байхожаева, Алмат Пірімбетов, Балашбек Шағыров, Ұлмекен Жанәлиева, Ұлбике Ерімбетова, Зоя Тайманова, Сафура Матыбаева, Света Құрамысова, Ардақ Қуанышева, Ұлжан Бәйімбетова, Райхан Танабаева, Бақыт Жұманова, Маржан Қалқоразова, Фатима Шадиева, Райкүл Маханбетжанова, Рыскүл Симағамбетова, Райгүл Рабатова, т.б. өнегелі сөздері әлі есімде, ұмытылған емес. Кез келген адамның тұлғалық қабілеті балалық шақта отбасындағы әке мен ананың мейірімімен бірге, мектептегі ұстаздың талапшылдығы, білім берудегі жүйелілігі, кәсіби шеберлігі, оқушыны жігерлендіруі, шыңдауы, талпындыруы арқылы қалыптасады деп ойлаймын. Шәкірт ретінде талаптандырған, рухтандырған ұстаздар мен мектептің кәсіби әлеуетті болуымен ерекше ыстық. Сонысымен мақтанамын. Барша ұстаздарға осы сұхбат арқылы алғысымды білдіремін.

– Болашақ ғылыми қызметкер қай оқу орнын бітірді екен? Нелік­тен тіл білімі сізді қызықтыр­ды?

– Мамандық таңдауда бірден жолым болған жоқ. 9-сынып бітіріп М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжге оқуға түсу үшін құжат тапсырдым. Емтиханнан өте алмай, мектебімді қайта жалғастырдым. 11-сынып бітірген соң сол педколледжге қайта бардым. Емтиханнан өтіп, үш жыл оқып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітірдім. Бір жыл мектепте мұғалімдік қызмет атқардым. Бірақ ор­та арнаулы біліммен шектелмеу керектігін түсіндім де, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­­верситетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Қазақстанға белгілі тілші ғалым, қазақ тілінің грамматикасына, оның ішінде син­таксисті зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалым, фило­логия ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлының жетекшілігімен дипломдық жұмысты сәтті қорғап, университетті үздікке тәмамдадым.

Қазақ тіл біліміндегі күрмеуі шешіл­меген мәселе­лердің көп екенін ұғын­дырған, оны зерттеуге баулыған Жеңіс ағай мемлекеттік тілге деген жана­шыр­лығымды оятты. «Қазақтың төл тілін ығыстырып, шеттілдік сөз­дерді қолдануға неге әуеспіз» деген ой тілдің өзін ғана емес, тіл арқылы адамның сөзді қабылдау, қолдану, жадыда сақ­тау, сөзтаптау мүмкіндіктерін зерттеуге бағыттады. Тілді адамтанымдық тұр­ғыдан зерттеуге құл­шынысым оянды.

«Сөздік қорымызға жаңа сөздер келеді, көнесі ысырылады, олар қолда­ныл­маған соң ұмытылады. Заманның ағымына қарай еніп жатқан жаңа сөздің бәрі шеттілдік. Оның қазақ тіліндегі баламасы болса да неге шеттілдік атауын қолдануға әуеспіз. Мысалы, шырын деген төл атауы болса да «сок» дейміз. Енді тіпті «джус» дейтін болды. Сусын бола тұра, «напиток» дейміз. Неге? Тілдік сана солай қалыптасып жатыр ма? Еліктеушілік пе?» деген қарапайым ойлар ғылыми жолға қадам басуға негіз болды. Жеңіс Сәдуақасұлының кеңесімен, әкемнің қол­дауымен Алматы қаласындағы А.Байтұрсын­ұлы атындағы Тіл білі­мі институтының аспирантурасына оқуға түстім. 2006 жылы белгілі тілтанушы ғалым, филология ғы­лым­да­рының докторы, профессор Нұргелді Уәлидің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғадым. Қазіргі таңда осы мекемеде Лексикология бөлімі мең­геру­ші қызметін атқарып келемін. «Қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар», «Лингвистикалық филосо­фия», «Тіл және таным», «Тіл және мәдениет», «Тіл және жан» атты монографияларым жарық көрді. Тіл білімі институтының мемлекеттік жобалары мен мемлекеттік тапсырыс аясында құрастырылған «Қазақ тілінің үлкен түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің орфо­гра­фиялық сөздігі», «Қазақ тілінің тіркесімдер сөздігі» авторларының бірімін.

– Мықты маман атану үшін ұзақ жылғы тәжі­рибе қажет пе, әлде аз уақытта жетістікке жетуге болады ма?

– Мықты маман деп алдыңғы буын апай-ағайла­рымды айта аламын. Олардың маманданудағы тәжіри­бесінен сабақ ала отырып, өзіміз машықтандық, үй­рен­дік. Белгілі бір жетістікке жету үшін аянбай, тынбастан еңбек ету керек деп ойлаймын. Еңбектің нәти­жесі сапалы еңбектенуден кейін ғана көрінеді. Сапа­лы еңбектенудің өзі бірнеше рет қателесу, сол қатені түзетуден құралады. Ең бастысы, адамның алға қойған мақсатқа жетудегі жігері әлсіремеу қажет. Ал оған жігерлендіретін күш – өз қалауыңдағы іске деген құлшыныс, қызығушылық. Демек, әрбір адам қалауын­дағы мамандықты таңдауы керек. Мамандығын сүйген адам міндетті түрде жетістікке жетеді.

– Қазір тіл саясатын іске асыру үшін қандай жаңа­лықтар енгі­зілуде, болашақта тіл мәртебесі қандай болмақ?

– «Мемлекеттік тілді қолдану және дамыту» бағ­дар­ламасы бойынша қыруар жұмыс атқарылып келеді. Ол жұмыстардың нәтижесі бірде көрінеді, бірде кө­рінбей жатады. Бұрын жаппай әрбір мекемеде қазақ тілін үйрететін тегін оқу орталығын құрған болатын. Нәтижесінде, қазір кез келген мекеме қызметкері (банк­­тен бастап сән салонына дейін) қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Одан кейін қазақтілді телеарналар мен мерзімді басылымдар санын көбейтті. Содан соң шетелдегі қандас бауырларымыздың қазақ жерінде қоныстануына мүмкіндік жасады. Қазақы тілдік орта кеңейе түсті. Бұдан кейін қазақ тілін үйрететін электронды қосымшалар, веб-сайттар құрастырылып, қолданысқа енді (tilqural, soile.kz, sozdikqor, sozdik.kz, tildes.kz, т.б.) Соның ішінде «til-kemel» оқу-әдіс­темелік қосымшасын құрастыруға қатыстым. Қазір жас­тардың арасынан волонтерлік курстар, инстапарақшалар қа­зақ тілін үйрететін әдістемелік контенттерді тарату арқылы мемлекеттік тілді меңгеруді насихаттап ке­леді. Осылайша, біртіндеп-біртіндеп Қазақстанның мемлекеттік тілде сөйлеу деңгейі артуда. Ірі қалалардың көше сөй­ленісі қазақылана бастады. Себебі, өзара қазақша сөй­лесетін жас қоғамдық орта қалыптасып келе жатыр.

Болашақта тіл мәртебесінің қандай болмағы қазақ тілінің 100 пайыздық қолданысын жүзеге асырушы әрбір қазақстандық азаматтың ұлттық санасы мен отан­сүйгіштік рухына, жігеріне тікелей байланысты болып отыр. Қазақ тілінің ұлттұтастырушылық қызметі бар екенін болашақ жастарға ұғындырудан аянып қалмауымыз керек, шаршамауымыз керек деп ойлаймын.

– Тіл жанашыры ретінде қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе не деп ойлайсыз?

– Тіл тұрғысынан қазіргі қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселе – қазақы сөзсаптамның бұзылуы, қа­зақ тілінің көркем нәрінің реңсіз бола бастауы, қа­зақтың төл сөздерінің ұмытылуы, шеттілдік кірме сөз­қолданыстардың артуы. Бұған басты себеп – көркем шығармаларды оқуға әуестіктің жоқтығы болса керек. Қазір кітап оқитын үлкенді де, жасты да көре алмаймыз. Бәрінің қолында телефон, әлеуметтік желідегі бірі ақиқат, бірі өтірік ақпараттармен алданып жатырмыз. Әңгіме, мақала оқудан гөрі, видео немесе инфографикаланған ақпараттарды көруге құмармыз. Бәлкім, заман талабы да солай болар. Бірақ телефонға тәуелділік адам арасындағы тілдік қатынасты, көркем шығарма оқуға кететін уақытты, отбасындағы, яғни дастархан басындағы рухани әңгімені шектеп отыр. Бұл қауіп – қазақы тілдесімнің, қазақы сөзсаптамның ұрпақтан-ұрпаққа жететін мұрасын балтамен шап­қандай әсер қалдырады. Сондықтан қазіргі таңда әрбір ата-ана, әрбір ата-әже, әрбір ұстаз, әрбір басшы ұрпағының болашағына тіл жанашыры ретінде қараса екен деп тілеймін.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілінің ғылыми дамуын зерттейтін бірегей мекеме болып саналады. Қазақтың сөздік қорында 250 мыңнан аса қазақ сөзі болса, соны тіркеп, сөздіктерде жариялайтын академиялық орта. Қазақтың көне сөздерінің, жаңа қолданыстағы сөздерінің картотекасы сақталған «Тіл-қазына» сөздік қоры бар. Сондағы әрбір сөздің мағыналары (бір сөздің 20-дан аса мағыналары бар), тіркесуге әлеуеттілігі, жалғанатын қосымшалары туралы ақпараттар автоматтандырылды. Қазір қазақтың кез келген сөзінің лексика-грамматикалық болмысын «qazkorpus» сайты арқылы тануға болады. Демек, қазақ тіліндегі әрбір сөздің мағынасы, жұрнақ, жалғауы, тіркесетін сөздері туралы ақпарат бір жерден көз алдыңыздан шыға келеді. «Qazkorpus» құрылымы бірнеше сөздіктің қызметін атқарып тұр деген сөз. Бұл электронды құрылғының да қазақ тілінің қолданысын арттыруға, дамытуға үлес қосатыны сөзсіз.

– Биылғы жылы А.Байтұрсын­ұлының 150 жыл­дығы аталып өтілуде. Тіл білімі институты қандай жетістіктерге жетті? Өзіңіздің ғылымға қосқан үлесіңіз туралы айтсаңыз?

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ерекше аталып өтілуде. Қазақ лингвистикасының негізін қалыптастырған дара тұлға ретінде А.Байтұр­сын­ұлының мұраларын зерттеу әрі насихаттау мақ­сатында Институттан «Ахметтану» бөлімі ашылды. Онда төте жазуды меңгерген мамандар, ХХ ғасыр Алаштанушы лингвист мамандары, араб, латын тілін меңгерген мамандар жұмыс істейді. Қазіргі таңда А.Байтұрсынұлының 1914 жылғы алғашқы төте жазумен шыққан кітабы транскрипцияланып жатыр. Осылайша, ғалымның барлық кітабы сол дәуірде қалай жазылса дәл солай транскрипцияланып көпшілікке ұсынылатын болады. Осы арқылы А.Байтұрсынұлының қазақ тілтаным терминдерін қай жылы, қалай, қандай уәжбен атағанын зерттей аламыз. Зат есім, сын есім, баяндауыш, толықтауыш, одағай, еліктеу сөз сияқ­ты терминдерді жасаудағы уәждемесін анықтауға мүм­кіндік туады. Себебі, алғашқы төте және латын жазулы кітаптарында бұл туралы ашық айтылған. Институттың әрбір бөлімі А.Байтұрсынұлының қалам тартқан салаларына сәйкес зерттеу үстінде. Зерттеулер нәтижесі кітап-жинақ ретінде жа­рияланып жатыр. Жақында «Юнес­ко» кө­лемінде А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аталып өтті. Инс­ти­туттан төрт ғалым қа­тысты. Институттың бас ғылыми қызметкері, ака­де­мик Зейнеп Базарбаев Парижде А.Байтұрсынұлының феномендік тұл­­­­­­ғасын француз тілінде таныстырып берді.

Өзімнің ғылымға қосқан үлесім – қазақ тілтанымын адамтанымдық дең­гейде зерттеудің әдістерін ұсын­дым. Нәтижелер монографияда жарияланды. Қазір жоғары оқу орындарында пән ретінде оқытылып жатыр. Көркем шығарма тіліндегі бейнелік, қазақ тілінің көркем қолданысындағы ұлттың эстетикалық танымды насихат­тағанды жақсы көремін. Қа­зақ халқы табиғатында адамға қарап тура сөйлеуге әуес болмаған. Әрбір сөзін жылы жеткізуге, сол үшін астарлауға, ауыспалы мәнде жеткізуге тырысқан. Бұның өзі ағайынаралық, көршіаралық, досаралық, тұлғааралық қарым-қа­ты­н­ас­тың мызғымас беріктігін сақта­ғанын көрсетеді. Тура бетке айту, дөрекілік өте сирек кездесетін құбылыс болған. Сондықтан қазақ тілінде ұлт­тұ­тас­тырушылық қасиет бар. Сол қасиет­ті заман өзгерген сайын жоғалтып жатқандаймыз. Қазақтың көне сөздерін, қазіргі қолданыста жоқ, ұмытылған сөздерін қайта жаңғырту, көпшілікке таныстыру мақсатында «Ана тілі» газетінде «Сөзтаным» айдарын жүргіздім. Лингвомәдениеттану пәнінен ЖОО-да филолог мамандарына дәріс оқыдым. Қазақ сөзінің мағыналарының кеңеюін зерттедім. Тілдік мағынадан тыс мәдени мағынаның болатынын дәлелдедік. Мә­селен, «соқыр» – көзі көрмейтін зағип жан ғана емес, соқыр – түйелі бай болуды білдіретін ұғым. Бұл оның мәдени мағына екенін дәйектейді. (Яғни қазақы дәстүрде түйеге санақ жүргізгенде 100-ші түйенің бір көзін ойып алады. Бұл – 100 түйесі бар бай, яғни бір соқыры бар бай дегенді білдіреді). «Шахмат», «Қарекет», «Тіл-ғұмыр» телебағдарламаларында тіл мәселесі бойынша пікірлестім. Қазір «qazsozalem» жұмыс парақшамда қазақ тілінің ерекшеліктеріне қатысты тілдік контенттер салынып отырады.

– Сіздің ата-анаңыз ауданның білім саласында өзіндік орны бар ұстаздар екенін бі­леміз. Отбасыңыздағы әке тағылымы туралы айт­саңыз? Анаңыздың қандай қасиетін бойыңызға сіңірдіңіз?

– Білім саласында орны бар ұстаз деп баға­лағаныңызға шексіз разылығымды білдіремін. Мені тіл маманы болуға жетелеген – әкемнің тағылымы. Әкем ұстаздық және қоғамдық қызметті таңдағанымен, жас кезінде математиканы зерттеуге әуестігі болды. Бәлкім ғылыммен шұғылдану әкемнен тараған қасиет болса керек. Алғашқы ғылыми мақалаларымды, ғылыми тұжырымдамаларымды әкем оқып, өз бағасын беретін. Кемшіліктерін түзете отырып, мені шыңдайтын. Ғылым тыныштықты, еркіндікті жақсы көреді. Ізденісте ой­дың бейқам болу қажеттігін әкем де сезді. Осындай мүмкіндікті, жағдайды әкем жасап берді. Сол үшін әкеме мәңгілік қарыздармын. Әкенің тағылымы тек сөз­бен емес, сезіммен де жетіп отырды маған. Анам біріншіден, қазақы дәстүрді ұстанған, отағасының қалауына бағынған асыл жар болды. Екіншіден, бала­ларын өмірдің таза және тура жолдарымен ғана жүруге тәрбиеледі. Өсе келе, қоғамдық ұжымдасудың қайнаған ортасына түскенде тек тура жолмен емес, қисық жолдардың да болатынын айтты. Талай рет бармақ тістеп, сан соққан кездер болғанда анам кеші­рімді болуға, салмақты болуға, өмірдің тәлкегіне төзе білуге үйретті. Жығылған сәтте кері қайтпай, ілгері жылжуға демеу болды. Анамның ұстаздық тәжірибесін, оқушымен жұмыс жасау шеберлігін көріп өскендіктен бе, ұстаздық қызметімде айтарлықтай қиындықтар бол­ған емес.

– Ғалым ретінде туған жерге қандай үлес қосқыңыз келеді?

– Иә, көкейімдегі сұрақты қойдыңыз. Туған жерге деген сағынышымды ауасын иіскеп, топырағында аунап қайтумен басу жеке құмарлықты қандырумен бірдей көретін болыппын. Қазір есейгендіктің белгісі ме, туған жеріме деген сағынышты өлкеме қандай да бір пайдалы іс жасаумен басқым келеді. Қолымнан келетіні – Тереңөзектің дарынды тұлғаларының ті­лін, шығармашылығын зерттеу. Және де осы іске аса қызығушылығымды оятатын дүние – Тереңөзектің жергілікті тіліндегі ерекшелік. Осы мақсатта туған өлкемнің ақын-жазушылары Әбділдә Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Тоқмағамбетов, Жадыра Дәрібаева, Тобағабыл Төлепберген, Әбіраш Жәмішев, Сейфулла Оспанов, Ұлбике Жанкелдіқызы, Танаш Дәуренбеков, Қайырбек Асанов, Балашбек Шағыров, Мұхтар Сақтапов, Тынышбек Дайрабаев, Замаддин Ибадуллаев, жас ақындар Нұрмат Мансұров, Ақтөре Ибрагимұлы, Мұхаммеджан Мансұров, т.б. қаламгерлердің өлең-жырларына тілтанымдық зерттеу жүргізу. Тереңөзектің жергілікті тілін, сақталған көне сөздердің мазмұнын, бірде-бір сөздікке тіркелмеген сөздерді анықтау және оны институттың картотекалық қорына қосуды, әр ақын-жазушының көркемдік тілін айқындауды, оны насихаттауды жоспарлап отырмын. Мүмкін болса, Тереңөзектік ақындардың кітап­тарын Ұлттық кітапханаларға таратуға, оқырманын көбейтуге ат­салыс­қым ке­леді.

– Дәстүрлі сұрақ, өз отбасыңыз туралы айт­саңыз?

– Жолдасым – Тереңөзектің тумасы, есімі – Тайыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің химия факультетінің зертханасында қызмет атқарады. Бір ұл, екі қыз тәр­биелеп отырмыз.

– Игі ісіңізге сәттілік тілейміз! Сұх­батыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ

27 қазан 2022 ж. 446 0