Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыран қанатты ақын

Қыран қанатты ақын

От ауызды, орақ тілді ақын Қасым Аманжоловтың өлең әлеміне келуі – 1930 жылдардың шамасы. Тарихты тағылымдап, өткенге көз жүгіртсек, бұл бір отты жылдар еді. Қасым Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қы­зыл­арай қыстауында дүниеге келгені әде­биет әлеміндегі жұртшылыққа етене таныс. Көптеген қазақ ақындары мен жазушы­ларының өмір жолында кездесетін қиын тұрмыс, әке-шешеден жастай жетім қалу, ауыл мектебінде білім алып, сауат ашу сыршыл ақынның да өмірдерегінен орын алған. Осылайша әбден пісіп-жетілген Қасым Аманжолов өзінің сыршыл жанын, өнегелі өмірін өлеңмен өріп, поэзия әлемінде өшпес із қалдырған.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйым­дас­тыруымен «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» ат­ты республикалық дәстүрлі ХІІ Қасым Аманжолов оқулары өтті. Аталған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 18-28 жас аралығындағы шығармашыл жастар қатысқан.

Республикалық Қасым Аманжолов оқулары байқауына Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы мек­тептің тәлімгері Аружан Абдрахманова қатысып, жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Сүйінші хабарды естіп, Сыр елінің намысын қорғаған Аружанды құттықтап, байланыс орнаттық.

– Эпик ақынның рухани, мәдени мұрасын келешек ұрпақтың санасында жаңғырту мен ақын поэмаларындағы өнегелі өсиеттерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқау әділ әрі қызықты өтті. Жаңа ортамен, жаңа адамдармен танысып, ерекше әсер алдым. Аталған байқаудың танымдық тұсы мол болды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын-соңды білмеген ақпараттарды алдық. Одан кейін ақынның туған өлкесі Қарағанды қаласының көрікті жерлерін араладық. Қасым Аманжоловтың өзі тұрған үйіне барып, ақынның тұтынған заттарын көрдік. Әрине бұл өз кезегінде бізге ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, КАРЛАГ-та болып, тарихи орындарды араладық. Қасымдай қадірлі ұлды дүниеге әкелген Қарағандының қонақжайлығына риза болдым, – дейді Аружан Кенжебекқызы.

Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар І кезеңге онлайн түрде қатысқан. Яғни «Қасым – эпик ақын» тақырыбында 500 сөзден тұратын эссе жазған шығармашыл жастар жүрекжарды ойларын почта арқылы жолдаған. ІІ кезеңге сайдың тасындай болып іріктелген жастар ғана жолдама алған. Олар арнайы Қарағанды қаласында болып, рухани кеште ақынның поэмаларын жатқа оқу бойынша сынға түскен. Алғашқы кезеңде «Қасымның жыры – уақыттың сыры» тақырыбында эссе жазып үздіктер қатарынан көрінген Аружан екінші кезеңде ақынның «Сырттан» поэмасын жатқа оқыған. Жүлделі орынды қанжығаға байлаған А.Абдрахмановаға «Qasym» серия­сымен жарық көрген кітаптармен қоса қаржылай сыйақы берілген.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 қазан 2022 ж. 361 0