Құқықтық кеңестер берілді
Мемлекет басшысының саяси реформаларында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше мән берілген. Президент прокуратура органдарының алдына да осы міндетті қойып отыр. Осыған орай облыс прокуроры Нұрлан Бижановтың бекітуімен «Заң керуені» акциясы ұйымдастырылып, аудандағы барлық елді мекенде құқықтық кеңес беру мақсатында кездесулер өтті.
Бас прокуратура бастамашы болып, облыстық және аудандық прокуратура ұйымдастырған акция биыл бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Тұрғындар үшін тиімділігі мол құқықтық іс-шара былтыр да жүзеге асып, жақсы қорытындыланған болатын. Биыл да сол жүйелі жұмыс өз жалғасын тапты. Ерекшелігі сол, акция биыл барлық елді мекен аумағын қамтыды. Айта кетейік, бұл акцияның басты мақсаты – заңдарды қарапайым тілде халыққа түсіндіру, жергілікті тұрғындарға жедел құқықтық көмек көрсету. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен қорғалу деңгейін арттыру, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтуда азаматтық қоғам мен құқық қорғау және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру де құқықтық іс-шараның негізгі міндеті саналады.
– Сырдария – облыс орталығына ең жақын орналасқан аудан. Тұрғындардың саны 40 мыңға жуықтайтын ауданымызда жалпы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты болғанымен атқарылатын жұмыстар аз емес. Сондықтан акцияны барлық елді мекенде ұйымдастыруды жөн көрдік. Облыс прокурорының бекітуімен арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Сөйтіп, құрамында прокурорлар, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен атқарушы билік өкілдері бар арнайы топтар бір мезетте барлық ауылда кездесулер өткізді. Мұндағы басты мақсат – тұрғындардың арыз-шағымын тыңдау, оларға құқықтық кеңес беріп, жәрдемдесу. Кез келген тұрғын акция аясында немесе акциядан тыс уақытта прокуратура органдарына келіп, құқықтық көмек ала алады. Көтерілген мәселелер бойынша міндетті түрде зерттеп, зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады. Кей мәселелер жіті зерттеуді талап етеді. Дегенмен, бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайды. Алдағы уақытта да осы тектес іс-шараларды жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарымызда бар. Жалпы, прокуратура органдарының есігі тұрғындарға әркез ашық, – дейді аудан прокуроры Асқар Кемалов.
Ауылдарда ұйымдастырылған акцияда құқықтық көмек көрсетумен қатар әлеуметтік мәселелер де көтерілді. Оның басым бөлігі жергілікті атқарушы биліктің және құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты. Бұл сұрақтарға ауыл әкімдері мен ауылдағы мекеме басшылары жауап берді. Ал арыз-шағымдардың тіркелуі мен қылмыстардың ашылуына байланысты тиісті түсіндірмелер жасалды. Сондай-ақ прокуратура органдарының өкілдері мәселелерді қадағалауға алатынын, әрбір жиналыс хаттамаланатынын айтты. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары мен тұрғындар тиімділігі мол акцияны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Осылайша, бір мезетте барлық елді мекенді қамтыған акция өз деңгейінде қорытындыланды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ