Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекесі тасыған қазан

Берекесі тасыған қазан

Күздің кемпіршуақ мезгілі қазан айының ортасына да келіп жеттік. Қазан – берекелі, молшылық айы. Күннің суытқанына қарамас­тан Жер-Анадан нәпақасын терген адамның көңілі жайланып, қыстың қамын жасап алатын кез бұл.

«Жеті қырдың астынан ақырып келеді, жеті жынын шақырып келеді, жеті сауал арта келеді, жеті сауап тарта келеді» деген жолдар қазан айы туралы айтылған халық сөзі. Қазан айының ерекшелігі көп. Бұл айда жиын-терін аяқталып, күн-райы суыта бастайды. Күндіз аз уақытқа болса да жылылық орнағанымен түн мезігілінде қара суық болады. Табиғаттың демде құбылуы осы айда анық байқалады, яғни қыстың қыр астына келіп қалғанын меңзейді. Осы мезгілде де бірнеше амал болады. Соның бірі қазандағы боқырау. Шамамен айдың ортасында өтетін амал туралы бұрынғының адамдары былай деген: «Боқыраудан аман өтсек, қар жауып, мұзға тайып кетпесек, қыс жылы болады» деп сенген.

Сұр бұлт қаптаған аспанда қалықтаған жыл құстары қиқулап жылы жаққа ұшады. Қазан айы туралы халық арасында тараған тағы бір сөз – бозқырау. Бұл осы мезгілдегі ауа райына байланысты атау екені сөзсіз. Суға мұз қатады, қырау тұрады.

Көшпенді салтты ата-бабамыз қазан айында күзекке көшкен. Мал тойып, семірген. Күздік ет сойылған. Бие ағытылатындықтан, қымыз болмайды. Қазан-қазан ет асылып, оттан қазан түспейді. Халық даналығында «Ақта не ақ? Қар ақ, ұстасаң қолыңды тоңдырады. Қарада не қара? Қазан қара, ас ішсең қарныңды тойдырады» деген сөз бар. Қазақ халқы үшін қазанның орны ерекше. Ол ең бастысы ас пісіретін ыдыс. Ашаршылық заманда қара қазанға быламық қайнатып, аман қалған. Жау шапқанда баласын төңкерілген қазанның астына жасырып аман алып қалған деседі.

Көнекөз қария менің асыл әжем ескінің әңгімелерін көп білетін. Сондай әңгімінің бірі қазанға қатысты. Жастайынан үлкен кісіге тұрмысқа шыққан әжем ішерге ас таппайтын уақытта ыдыс та тапшы болғанын айтады. Бір уыс дәнді диірменге тартып шиттей бала-шағаның аузына тосып отыратын мезгілде жаны қатты қиналып азып-тозады. Сондай күндердің бірінде түсіне ақ сақалды қария кіріп, «балам жылама, Мүлкілән баба жатқан жердің оң жақ қапталында, осындай жерде көмулі қазан бар, сол қазанды қазып ал, өмірің ұзақ болады» деп бата берген екен. Ояна сала көл жасын көл қылып, түсінде баба айтқан жерді тауып қазады. Шын мәнінде сол жерден үлкен қара қазан мен сары самаурынды тауып алып, арқалап үйіне әкеледі. Ұзақ жыл сол қазанға ас пісіріп, самаурынмен шәй ішкен кейуана үнемі бата бергенде «Қазаның майлы болсын, қазаның оттан түспесін» дейтін. Өмір бойы киелі мекенде тұрып, сол жерде дүние салған қайран әжем ұзақ жасады. Қара қазанның құдіреті туралы, сол кезден бастап қазаны оттан түспейтін болғанын айтып кие, обал, сауап жайында көп әңгімелейтін.

Иә, қазақта қазанға қатысты ырым-тиымдар да бар. Мәселен қазанды төңкермеген немесе тұрмысқа кеткен қызға қазан бермеген, «ырысым өзге үйге кетіп қалады» деген наныммен.

Қазан айында жыл сайын ауданда сабантой мерекесі өтіп, диқаншы қауымының мерейі үстем болады. Қамба алтын дәнге толады.

Қазан айының берекесі мен ырысы тасып, ел-жұртқа өзінің жайлылығымен есте қалсын деп тілейміз!

Бибісара ЖАНӘЛІ

08 қазан 2022 ж. 304 0