Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалыққа барлық адам жауапты

Тазалыққа барлық адам жауапты

Қор­шаған ортаны таза ұстаудың басты қа­ғи­дасы – көпшілікке жайлы орта қалыптастыру. Осы күні тұрғындардың тазалыққа аса мән бер­меуінің салдарынан тұрғылықты жеріміз лас­тануда. Шын мәнінде, қоқыс тастамау, қоғамдық орынды бүлдірмеу, қаулап өскен арам шөпті шабу әрбір тұрғынның міндетіне кіреді. Себебі, көркі келіскен аудан келбетін айшықтап, көшелердің жайнап, жарқырап тұруына барлық тұрғын жауапты.

Өзім тұратын кенттегі 1-мамыр көшесінің тұр­ғын­дарына тазалық сақтау керектігін үнемі айтып отырамын. Бірнеше жылдан бері көктем-күз маусымында ауланы тазартуды қолға алып келемін. Негізінен, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дегенді берік ұстанамын. Есіктің алдына арнайы қарық қазып, тұрақты түрде тал отырғызып, гүл егіп келемін. Бір тәуліктің басым бөлігінде жайқалып өскен гүлдеріме күтім жасаймын. Ауданда кей кісілердің ауласы адам көргісіз болып тұрады. Олар арасында жұмысты ысырып қойып, ауласын тазартуы керек деп есептеймін.

Бүгінде тазалық айлығы басталғаннан бері сен­білікке шыққан жұртшылықты көзіміз көріп жүр. Одан бөлек, көше тазалығын қамтамасыз етіп жүрген жұмысшылар да бар. Әрбіріміздің ойымызда көше тазалығына мән беретін жұмыс­шылардың еңбегін бағалау тұру керек. Күн са­йын тазалыққа жауаптылықпен қарайтын оларға дән ризамыз. Ластанған қоршаған ортада өмір сүру адам денсаулығына да қауіпті. Сондықтан көше бойынан қоқыс қалдығын байқаған мезетте жәшікке салуға арланбаған дұрыс.

Жақында газет бетінен жапон халқының спортшылары елімізде өткен халықаралық бәсе­кеге қатысып, кезекті жаттығудан кейін, залды тап-таза етіп жинап кеткен екен. Қалайша мұн­дайға разы болмайсын!? Біз осындай тазалық мәдениетіне дағдылануымыз керек.

Мұхтар САҚТАПОВ,
ақын,
Қазақстанның құрметті журналисі
24 қыркүйек 2022 ж. 220 0