Кітапсүйерлер Bookathon зияткерлік сайысында бақ сынасты
Қала күніне орай ұйымдастырылған KitapFest2022 аясында Bookathon зияткерлік сайысы өтті. Тартысты додада түрлі жас санатындағы қала тұрғындарынан құралған 10 команда бақ сынасып, көркем әдебиет шығармаларына қатысты сұрақтарға жауап берді.
«Интеллектуалдық сайыс 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең «2 сурет – 1 кітап» аталады, мұнда қатысушылар суретке қарап, кітапты табуы тиіс. Келесі кезеңдерде әлем және қазақ әдебиетінің туындыларына қатысты сұрақ қойылды. Ал «Бейнесұрақтар» айдарында Сыр өңірінің танымал тұлғалары Геннадий Шиповских, Талғат Маханов, Анар Ізден және Жандос Базартай командаларға сауалдарын жолдаған болатын», – деді байқау жүргізушісі Талғат Меңдібаев.
Нәтижесінде терең білімі мен ерекше тапқырлығымен көрермен назарын тарта білген «Kitap qurttary» командасы 1 орын иеленді. 2 орын «Ыбырай» ҚҚ командасына бұйырса, 3 орын №261 мектеп командасына берілді.