Қызылордалық қос кәсіпкер «Адал еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңес мүшелері: «Сыр маржаны» ЖШС-нің құрылтайшысы Мінәжадин Өтеев пен «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев экономиканы және кәсіпкерлікті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Атамекен» ҰКП-ның «Адал еңбегі үшін» ІІІ дәрежелі медалімен марапатталды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Марапат «Атамекеннің» 9 жылдығына арналған Өңірлік кеңес отырысында ресми табысталды.
Қос кәсіпкер де ұзақ жылдардан бері ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет көрсетіп келеді. Олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да әлеуметтік салаға айтарлықтай үлес қосып жүр.
Мәселен, жақында «Ақтөбе және К» ЖШС директоры, Өңірлік кеңес мүшесі Нұрлан Іздібаев Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде қайырымдылық қорға 1 млн. теңге аударды.
Шарада Өңірлік кеңестің өзге мүшелеріне «Атамекен» ҰКП Төралға төрағасының алғыс хаты берілді.
Атап өткен жөн, Қостанайда орын алған жағдайға өзге де Өңірлік кеңес мүшелері үлес қосты. Кеңес төрағасы Ерлан Раимов 500 мың теңге, кеңес мүшелері Жаңабай Бекішев 100 мың теңге, Дина Махатова қаржы және арнайы тігілген киімдер берсе, өңір кәсіпкерлері ЖК «Вагапов», облыстағы қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы қауымдастығы ақшалай және заттай көмектерін жөнелтті.