Сырдарияда көгілдір отынды 66 отбасы пайдалануда
Тереңөзек кентін газдандыруды тұрғындар көптен күткен еді. Осыдан 4-5 жыл бұрын «Аудан орталығына газ келеді» дегенде көпшілік көңілінде күмән болған. Алайда, кентті көгілдір отынға қосу жұмыстары 2019-2020 жылдары жүзеге асып, биылғы жылдың ақпан айынан бастап табиғи газ берілді.
Жоспарланған екі жылдың алғашқысында жоғарғы қысымдағы газ құбыры мен №2,3,6 учаскелердегі орта қысымдағы газ құбырлары жүргізілген. Ал 2020 жылы №1, 4, 5 орта қысымдағы газ құбырлары мен 2162 тұрғын жайларға арналған 1497 дана газды басқару шкафтар орнатылған. Осыдан кейін газдандыру жұмыстары қабылданып, оны күтіп-ұстау жұмыстарымен айналысатын «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мекемесінің теңгеріміне өткізу жұмыстары атқарылған. Аталған мекеменің Тереңөзек кентіндегі учаскесі ашылып, бүгінгі күнге 3 маман қызмет көрсетуде. Олардың негізгі қызметі тұрғын үйлерге, ғимараттарға газды қосуға рұқсат беру, газ құбырлары мен қондырғыларын күтіп-ұстау және авариялық қызмет болып табылады.
Аудан орталығына көгілдір отын берілгелі бері тұрғындар арасында түсінбеушіліктер орын алды. Осыған қатысты аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бахтияров және «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мекемесінің басшысы Нұрлан Өтепов Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәжілісін өткізіп, мән-жайды саралап берді.
Бүгінде аудан орталығына газ берілгелі 16 күн болды. Осы уақыт аралығында тереңөзектіктерден тұрғын үйлерді газға қосуға өтініштер қабылдануда. Бүгінгі күнге «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті учаскесіне 177 өтініш келіп түскен. Өтініштерге сәйкес, газ беру жұмыстары жүргізіліп, 2021 жылдың 15 ақпандағы мәлімет бойынша 66 жеке тұрғын үй көгілдір отынға қосылды. Сондай-ақ 114 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үй қазандықтары газбен жылытылады.
Тереңөзек кентінде 13 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтары газға лайықтандырылған болса, 15 ақпандағы мәліметке сәйкес, олардың 7-і табиғи газға қосылған. Қалған нысандарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүргізілуде.
– Аудан орталығында бүгінде 6 мердігер мекеме өз қызметін халыққа ұсынуда. Олар монтаждау жұмыстарын екі жұмыс күні ішінде әзірлейді. Монтаждау жұмыстары барысында дәнекерлеу жұмыстары сапалы жүргізілмеген немесе газ қондырғылары орнатылатын бөлме құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмеген жағдайда кемшіліктер жойылғанша тұрғын үйге газ қосудан бас тартылады, – деді аудан әкімінің орынбасары Талғат Мейрамханұлы.
Нұрлан Нақпыт,
Тереңөзек кентінің тұрғыны:
– Өзім аудан орталығындағы Иса Тоқтыбаев көшесінде тұрамын. «Кентке газ келеді» дегенде алғаш қуанғандардың бірімін. Өткен жылдары газ құбырлары жүргізілгенде үйді көгілдір отынға қосуға дайындалдық. 2019 жылдың қараша айында монтаждау жұмыстарын жасап, табиғи газ пешін әкеліп қойдық. Содан биыл көгілдір отын беріліп, «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті учаскесі мамандары 9 ақпанда газды қосып берді. Содан бері біз көгілдір отынның игілігін көріп отырмыз. Үйіміз жылы, тұрмыста да қолданып отырмыз. Осындай жағдай жасаған облыс, аудан басшыларына алғысымды білдіремін.
Бақытжан Жүсіп,
Тереңөзек кентінің тұрғыны:
– Ауданға газдың келгеніне қатты қуандым. Негізі, өзім 27 жылдан бері мұнай-газ саласында жұмыс істеймін. Қазір Ақтөбе қаласындағы мұнай-газ өндіру зауытында еңбек етемін. Газ өндірісінде жұмыс істеген соң тұрғылықты жерде оның игілігін көруді көптеп бері күтіп жүргенмін. Соның сәті биыл түсіп, аудан орталығына табиғи газ келді. Осы айдың басында «Газ берілді» дегенді естіп, «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кентіндегі учаскесінің мамандарына хабарластым. Олар өз жұмыстарын атқарып, үйді табиғи газға қосып берді. Осындай жағдай жасап, заман талабына сай өмір сүруімізге ықпал етіп жатқан жандарға зор ризашылығымды жеткізгім келеді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ