Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дара тұлға – дара жол

Дара тұлға – дара жол

Салт пен сана, дүние­таным мен руханиятты жан­­­дандырушы негізгі күш – ұлттық мәде­ниеті­мізді өркендету. Осы ретте қазір­гі қоғам көзқарасы қалып­тасқан зер­делі де зерек тұлға тәр­биелеуі тиіс.

Осы орайда, аудандық мәде­ниет үйінде көлемді іс-шара ұйым­дастырылды. Мәдениет үйінің фое­­­­с­ін­де аудандық кітапхана қыз­мет­­кер­лері көрме ұйымдастырып, кел­ген қонақтарға кездесудің мәні мен мазмұнынан сыр шертіп тұрды. Аудан әкімдігінің қолдауымен аудан­дық ішкі саясат және «Сырдария ауда­нының әйелдері» қоғамдық бір­лестігі ұйымдастырған басқосу «Ер балалар – ел қорғаны, қыздар – ұлт болашағы» деген тақырыпты арқау етті. Бағдарламаның ерекшелігі – жас­тар өкілдері есімі ауданға, Сыр өңіріне ғана емес, республикаға белгілі қайраткер-тұлғалармен кездесті. Рухани әрі тәрбиелік маңызы бар жиын­ның құрметті қонақтары мемлекет және қоғам қайраткері, «Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, об­лыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғам­дық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Қы­зыл­орда қаласының және Сыр­дария ауданының Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің, «Шапағат» ме­далі­нің иегері Рамазан Тайманов болды. Сондай-ақ, дарабоз тұлғалардың дара жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізілген іс-шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, бөлім басшылары, қызметкерлер, ұстаздар мен аудан орталығындағы білім ордаларының жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Тағдыр жолы тағылымға, өмір жолы өнегеге толы қос тұлғамен сырлы сұхбатқа негізделген бағдарламаны Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты, аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы жүргізді. Өнегелі өмір иелерінің сырлы сұхбаты, еркін форматтағы әңгімесі жастарға өнеге болды.

«Ер балалар – ел қорғаны, қыздар – ұлт болашағы» тақырыбын арқау еткен басқосудың шымылдығын ашып берген аудан әкімі М.Ергешбаев ауданнан шыққан біртуар тұлғаларды сөзге тиек етті.

– Сырдария ауданы – тамыры терең, тарихы кенен, береке-бірлігі бекем киелі өңір. Қасиетті қарт өзеннің жағасында орналасқан ынтымағы жарасқан Сырдария ауданы бүгінде әлеуметтік-эко­номикалық әл-ауқаты қарқынды дамып, аймағымызда алдыңғы қатарда жүрген елді мекеннің бірі. «Сырдария» дегенде дария жағасында жайқалған дала мен ол жерде тынымсыз еңбек еткен еңбеккерлеріміз ойымызға келетіні белгілі. Асқар Тоқмағамбетов, Әбділдә Тәжібаев жырлаған дархан далада күріштен тау тұрғызған «Социа­листтік Еңбек Ерлері» Дүйсенбай Керейтбаев, Ибадулла Ақниязов, Цой Ги Хва, Қасым Бөдеев, Ахмет Халықов секілді азаматтар, нәзік жанды болса да Күләнда Әбдіраманова, Балдырған Мұстафаевалар еңбектің ерлігін көр­сеткен, – деп Сыр елінен шыққан азаматтар мен азаматшаларды тізбектеп өткен Мұрат Нәлхожаұлы басқосудың құрметті қонақтары Алмагүл Божанова мен Рамазан Таймановтың елге сіңірген еңбегіне тоқталды.

Сыр-сұхбаттың алғашқы сұрағы Алмагүл апайға қойылды. «Сізді аудан, облыс, тіпті республика жұртшылығы жақсы біледі. Қайраткерлік болмы­сыңызбен ел мүддесі жолында абыройлы еңбек еттіңіз» деп атап өткен модератор жастар жағына қайраткер тұлғаның балалық шағы туралы естелік­тердің қызықты екенін жеткізді.

– Алғашқы тәрбиеміз отбасынан, ата-анамыздан, бауырларымыз­дан бас­талды. Менің ата-анам еңбекті пір тұтқан ақпейіл, адал жандар еді. Бізді адал еңбек етуге, кісінің ала жібін аттамауға, бардың қадірін білуге, қарапайым болуға үйретті. Осы қағи­даларды біз бүгінгі күнге дейін берік ұстанып келеміз. Мен Тереңөзек ауданы, Қызылөзек елді мекеніндегі №132 орталау мектебінде білім алдым. Отбасынан кейінгі тәрбиені осы мектептің ұстаздары берді. Ата-анамыз бен сол мектептің, одан кейінгі өмір мектебінің берген тәлімі мен тәрбиесі күні бүгінге дейін бізге азық болып келеді, – деді қоғам қайраткері Алмагүл Божанова.

Алмагүл Божанова – Тереңөзектің тумасы, балалық шағы, мектептегі жылдары осы елді мекенде өткен. Одан кейін училище, институт бітірген соң алғашқы еңбек жолын да туған жерден бастаған апамыз алғашқыда Шаған ауылында балалар бақшасының меңгерушісі, кейін Н.Ілиясов ауылындағы өзі білім алған білім ордасында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Одан кейінгі уақыттарда Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектептің директоры, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы, Тереңөзек аудандық Кеңестің атқару комитетінің орынбасары және төрағасы, Тереңөзек ауданының әкімі, облыстық мәслихат хатшысы, сол кездегі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиа­лының төрағасы сияқты абыройлы әрі жауапкершілігі мол қызметтерді атқарған. Осы ретте айта кетейік, Алмагүл Божанова – республика бойынша аудан басқарған алғашқы нәзік жанды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттағы қиын-қыстау кезеңдерде ел­дің, ауданның дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен қайраткер тұлғаның есімі де, игілікті ісі де бүгінгі ұрпақтың жадында.

Келесі сұрақ Рамазан Таймановқа қойылды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы», белгілі композитор бүгінде Сыр елінің атын республика көлемінде танытып үлгерген. Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищені, одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітірген сазгер алғашқы еңбек жолын Сырдария аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған. Тереңөзек кентіндегі кәсіптік-техникалық училищеде «Гүлдерайым» ансамблін құрып, аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларда топ жарған композитор өнерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысып келеді. «Қазақ қыздарының гимніне айналған» «Қазақ қызы», Сыр елінің даңқын асқақтатқан «Қорқыт – қобыз» сияқты әндердің әуенін жазып, тыңдарманның жүрегінен орын алған композитор сырлы сұхбатта келер ұрпаққа өнеге болар көп әңгіменің тиегін ағытты.

Шығармашылық әрі сырлы сұхбатқа негізделген бағдарлама барысында қос тұлғаның бүгінгі қоғам, саясатқа қатысты пікірлері де назардан тыс қалмады. Бүгінде зейнет демалысында болса да қоғамнан алыс кетпей, елдегі ахуалды бүге-шүгесіне дейін қаныға біліп, ұдайы пікір білдіріп отыратын қайраткер тұлғалардың Жаңа Қазақстанға деген көзқарас-пікірлері тыңдарманға ой салды. Одан бөлек қос тұлғаның қызметіне, қайраткерлік болмысына, өнегелі өміріне, шығарма­шылығына қатысты, сондай-ақ ел көле­міндегі маңызды саяси және әлеуметтік мәселелерге байланысты сұрақтар қо­йы­лып, ұтымды жауап алынды. Елге дана болған дара тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттауға бағытталған іс-шара еркін әңгімеге негізделді. Сондықтан қонақтар да, қатысушылар да еркін форматта ашық әңгіме мен ой бөлісіп, жиынның ұзаққа созылғанын аңғармай қалды.

Рухани басқосу соңында көрерменнің де көкейіндегі сұрақтарын тыңдауға мүм­кіндік болды. Ұстаздар мен оқушылар залға қойылған микрофон арқылы өне­гелі өмір иелеріне сұрақтарын жолдады. Алмагүл Божанқызына қойылған сұ­рақ­тардың негізгі тақырыбы ел бас­қару ісіне қатысты болса, Рамазан Сағын­дықұлына шығармашылық бағыт­тағы, әнде­рінің тарихына қатысты сұрақтар көп қойылды.

Руханиятымызды жандандырып, ұлт­тық мәдениетімізді дамыту және келе­шек ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған кеш, әрине, әсем әнсіз өтуі мүмкін емес. Осы ретте, жас әнші Ақбота Талғатқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Құрмет» орденінің иегері Ділдахан Торғаеваның әні мен сөзіне жазылған «Алмагүл» әнін нақышына келтіріп орындаса, Динара Жакешова ақын Исраил Сапарбайдың сөзі мен Рамазан Таймановтың әніне жазылған «Қазақ қызы» әнін орындап, көрермен көзайы­мына айналды.

Рухани басқосуды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев пен «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төра­йымы Ұлмекен Жанәлиева сөз алып, еңбегімен елеулі болған қос тұлғаға арнайы уақыт бөліп, жас ұрпақ­пен кездесіп, тәлім мен тәрбие көзі болар әңгіме өрбіткендері үшін алғысын біл­дірді. Сондай-ақ, дара жолы кейінгіге үлгі-өнеге болған қос тұлғаға қазақы танымға сай сый-сияпат табыстап, құр­мет көрсетті. Мемлекет және қоғам қайраткері, «Қызылорда облы­сы­ның және Сырдария ауданының Құр­метті азаматы», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері А.Божанова кез­де­суге құр қол келмегенін айтып, «Ұр­пақ­тан-ұрпаққа» деп аталатын туын­дысын кітап мазмұнына арқау болған тұлғалардың ұрпақтары мен кітапхана қыз­меткерлеріне тарту етті.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

17 қыркүйек 2022 ж. 529 0