Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарапайымдылық – көрегенділік көрсеткіші

Қарапайымдылық – көрегенділік көрсеткіші

Адам өмірлік ұстанымы ар­қы­лы көпшілік ортада танылатыны мәлім. Сон­дықтан кез келген кісі мақсатты түрде өзіне тән қасиет­терді қалыптастыра біледі. Қоғамның кемшін тұсын түзеу үшін ең алдымен адами құндылықтың байыбына бара білген абзал. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі өзегінде осыған аса мән берілген. Бұл ретте, қоғамдағы адамның рөлі, рухани құндылық жөнінде «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жантемір Айсинмен пруст сауалнамасын жүргізген болатынбыз.

– Адамның басты қасиеті не деп ойлай­сыз?

– Расында, адамның өн бойында сан түрлі қасиет бір-бірімен ұштасып жатады. Ең алдымен, кез келген кісінің шыншыл, әділ болғаны өзіне пайдалы. Әділетті азамат қашанда абы­ройға кенеледі. «Сүтпен кірген мінез, сүйек­пен кетеді» деген тәмсіл бар. Бүгінде адамға әділдік пен жауапкершілік жетіспей жатыр.

– Ер азаматтың басты қа­сиеті не?

– Әрбір ер азамат өзін ер ре­тінде тани білгені дұрыс. Отбасы мен Отанды қорғай бі­летін ер­кек кін­діктінің барлығында өжет­­тілік, батырлық, қайсарлық бол­ғаны абзал.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Өнер адамы болғандықтан кітапты үнемі жанымызға серік етеміз. Әлемдік дәрежеде аты шыққан Артур Конан деген жазушы бар. Соның «Шерлок Холмс» деген кітабының басты кейіп­керіне тәнтімін. Кейіпкерді аңғарымпаз, барлық дүниені елеп-екшеп жүретін, айналасына аса мән беретін жан ретінде суреттеген. Сонымен бірге ержүрек батыр Бауыржан Момышұлының шығар­маларындағы кейіпкерлер жаныма жа­қын.

– Ең басты кемшілігіңіз?

– Өмірде адамға сенгенім үшін біршама қа­телік жібердім. Не­гізінен, барлығы өзіңдей адал көру­ге болмайды екен. «Бес саусақ бірдей емес» екенін өткен күндер маған дәлелдей түс­кендей. Адамның жақсысы өзгеге шапа­ғатын тигізуге асығады. Бірақ қай кез­де де кісі аласы ішінде.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Өнерде жүргеніме біршама уақыт болды. Сондықтан көбіне бос уақытымды музыка тыңдауға арнаймын. Бала тәрбиесіне де жіті көңіл бөлемін. Өнер мен спорт – қашанда егіз ұғым. Әрбір немеремді спортпен шұғылдануға, өнерлі болуға баулыдым. Қазіргі таңда жоғарғы білім алып, азамат атанған олар екеуінде тас­тамайды. «Жігітке жеті өнер де аз» деген ма­қалды балаларға үнемі айтып отырамын.

– Егер өнертапқыш бол­саңыз, қазіргі уақытта нені ойлап табар едің­із?

– Осы уақытқа дейін орын ал­маған дүние алдағы уақытта да, жалғасын таппайтыны рас. Ал мен өнертапқыш болсам, адам ағзасын тү­гелдей зерттей алатын, баламасы жоқ кез келген дертті анықтайтын аппарат ойлап табушы едім. Адамның бас­ты байлығы – денсаулық. «Дерт көп, денсаулық біреу» екендігін ұмыт­паған жөн.

– Не нәрседен жиіркенесіз?

– Айлакерлік, өтірік айту, жа­ғым­паздық, даңға­залықтан жиір­­­­­­кенемін. Қазіргі уақытта көп­ші­лік бір-бірімен жарысуға тым әуес. Белгілі бір дең­­гейде байыған адам өзін са­бырлыққа, байсалдылыққа, адал­­дыққа бейім­деуі керек. Әйт­песе, даңғазалықтың жете­гінде кетеді. Қа­рапайым бола білу – сенің көрегенділігіңді көр­сетеді.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– «Өмірінің соңына дейін адам ізденумен болу керек». Уақыт бір орнында тұрмайды. Заман үнемі өзгеріп, жаңарып, сан алуан бағытқа түрленіп отырады. Көштен қалмау үшін көп оқу керек. Өзіне керектіні зердеге тоқыған абзал.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Сыр топырағы – ақын-жазушы­лардың киелі мекені. Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Әбірәш Жәмішов, Балашбек Шағыров, Мұхтар Сақтапов, Зейнолла Шүкіров, Жадыра Дәрібаева, Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова, Әбіш Кекілбаев, Қадір Мырза Әлі, Мейрамбек Оразбеков, Әбдіжәміл Нұрпейісов­тердің мен үшін шоқ­тығы биік. Жас буындардың ішінде Толқын Қабылшаны ерек­ше айтар едім. Сонымен бірге жазушы Сәбит Досановтың мықтылығы, қайсарлығы бар­шылық.

– Өмірге екінші рет кел­сеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Өмірге екінші рет келген жағдайда дәрігер болуды қалар едім. Бала кезімде дәрігер болуды армандадым. Ақ халатты абзал жандарға құр­метім ерекше.

– Мүмкіндік берілсе, қандай ерекше қабілетке ие бол­ғыңыз келеді?

– Жылдам шешім қабылдайтын жан болған­ды қалаймын. Тез ойлап, тез әрекет ете білген жақсы. Ісің өнімді болуы үшін адам шап­шаң­дыққа бейімделгені дұрыс.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Өз Отанымнан артық басқа ел­­де тұрғым келмейді. Туған жер топы­­рағы мен үшін ыстық.

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Иә. Өнер адамы үнемі сезімге берілетіні жасырын емес. Кейде дүние­ден өткен перзент­терімді ойлағанда еріксіз көзіме жас келеді.

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай тү­сіне­сіз?

– Еш уақытта сенбеймін. Барлығы бір Алла Тағалаға аян.

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Қолыңнан келмейтін нәрседе осалдық танытамыз. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген қазақтың нақылы бекер айтылмаса керек-ті.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

– Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деген хәкім Абайдың өлең жолдары үнемі ойымда жү­реді.

– Сырдария ауданы сізге несімен қым­бат?

– Сырдария ауданы мен үшін барлық жағы­нан қымбат. Адамдары – бауырмал. Бір-біріне жақ­ын тартып тұрады. Бір ауданда тұрып, аралас-құралас болады. Мәселен, басқа аудан­да бір адамды сұрасаңыз мүлдем танымайды. Бізде ағайын-туысты, құда-жекжатты та­ныған көпшілік түпкі тарихына дейін айтып береді. Сондықтан маған жергілікті ха­лық­тың ба­уырмалдығы, ұйым­шылдығы, еңбексүйгіштігі, ауыз­біршілігі ұнайды.

Сұқбатты жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ

13 қыркүйек 2022 ж. 412 0