Еңбек дүбірі қызған шақ
Ырзық-несібесін Жер-Анадан терген шағандық диқандар үшін қазір қауырт шақ. Ала жаздай еңбек етіп, егін екті. Енді міне сарала күз келгенде егін жинау маусымын бастады.
«Шаған Жер» ЖШС-де сегіз өндірістік бригада бар. Шаруашылықта 360-тан астам адам еңбек етеді. Біз беталған №6 өндірістік бридагада бірнеше күрішші өз өнімдерін жинап үлгерген. Әзірге ең жоғары өнім жинаған күрішші – Кенжетай Омаров екен.
Бала күнінен егіннің жайын жақсы білетін ауыл азаматының қарапайым сөзінен-ақ ол нағыз еңбектің адамы екенін ұғынуға болады. Егіннің жайын білмекке шаруалықтың бас агрономы Сабыр Оспановпен бірге атыздың ішіне түстік.
Ширек ғасырдан бері егін еңбек етіп жүрген Кенжетай Қадірұлы биыл 37 гектар алқаптан 73 центнерден өнім алып, көш басында тұр. Өткен жылы да дәл осындай көрсеткішпен жылды жемісті аяқтаған болатын. Биыл серіктестік тәжірбиелі мамандармен толықса, еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз – әр жылдары күріштің гектарынан 65-73 центнердің арасында өнім алып, табыс төрінен көрініп келе жатқан озат күрішші. Бүгінде майталман маманның еңбегі жастарға үлгі. Саналы өмірінің көп жылын егін шаруашылығына арнап келе жатқан дала қыраны биыл да өзіне бекітілген жерден мол астық жинады.
– Күрішті егіп болған соң көктемде суға бастырамыз. Егінжайға орақ түскенше оны балаша күтіп-баптаймыз. Суын қоямын. Оның өз әдіс-тәсілі бар. Күріш бітік шығуы үшін суын дұрыс қоя білу керек. Себебі, мол өнімге қол жеткізуде судың маңызы зор. Яғни, күріштің шығымы берілген суына байланысты болады. Ал, биылға келсем, егін шығымы жақсы. Халқымызда «Балапанды күзде санайды» деген тәмсіл бар. Қазіргі көңіл-күй керемет. Ұйымдастыру жұмыстары да, еңбеккерлердің ауызбіршілігі де ойдағыдай, – дейді еңбек озаты.
«Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанға баласындай иеді» демекші, биыл шағандық ағайынның егіні бітік. Алты ай бойы дала төсінде тер төккен азаматтардың бейнеті мол. Осындай мехнатты шаруаның шырайын кіргізіп, күріштен өнім алуда озат шыққандардың қатарында Сейітбек Әбдіреевте бар. Ол биыл 37 гектар алқапқа дән сеуіп, 63 центнерден жоғары өнім жинады.
Жастайынан дала диқанына айналған майталман күрішші биыл 28 жыл қатарынан егінге кіріскен. Алтын дән егуге өзінің тың тәсілі бар маманның былтырғы жылғы өніме де аз болған жоқ. Өткен жылы дәл осындай алқаптан 60 центнер өнім алса, биыл бұл көрсеткіш артқан.
–Ең алдымен жоспарым жылдағы өнімнің шығымын шарықтату. Өзім Шағанда туылып, қаршадайымнан қырмандағы қызу шаруаны көріп өстім. Сондықтан болар, егін ісіне табиғатымнан жақын келемін. «Көсегең жермен көгереді» демекші, 28 жылдан астам арпамен алысып, күрішпен көгеріп келемін. Осы жыл ішінде түсінгенім, күрішпен тілдесе білсең ғана табысқа жетесің. Яғни, бабын тапса Жер-Ана несібесін аямайды. Әрбір күрішші жер мен дақылдың жайын жетік меңгерсе, жомарт жер өнімді мол береді. Ең маңыздысы, тоқсан күн су астында тұратын дәнге суды сағаның басынан үйлестіріп отырамын. Кейбір күрішші азаматтар атыздан реттейді. Меніңше бұл дұрыс емес. Неғұрлым бір жерден реттесе сонда ғана мол өнім алуға болады, – деді Сейітбек Кеңесбайұлы.
Атап өту керек, биыл шаруашылыққа жаңадан басшы тағайындалды. Еңбек майталмандарымен тілдесіп жатқанда «Биыл бізге жақсы жағдай жасалды, тегін ыстық тамақпен қамтыды. Барлық қажетті құралдарымыз бар. Жалақымызда былтырмен салыстырғанда өскен» деген өз ризашылық пікірлерін білдірді. «Жас келсе іске» демекші Жеңісбек Шәкімбайұлы бастаған серіктестік ұжымында расында да тың жаңалықтар көп.
Күз – береке мен мерекенің, ырыс пен несібенің маусымы. Егінжай мен қырман басында қызу қарбаластың қайнайтын кезі, тау-тау астықтың ел қамбасына құйылар шағы. Еңбек майталмандарының күн-түн демей тіршілік қылатын уақыты. Бір сөзбен айтқанда, бұл – еліміз үшін жауапты да шешуші кезең. Осынау кезеңде ақ күріштен шашау шығармай жинап алып, жауапты науқанға белсенділік таныту – әрбір азаматтың парызы.
Сонау ерте көктемнен еңбек көрігін қыздырып келе жатқан басқа да күрішшілердің осы жылды да табысты аяқтары анық. «Астық – Отан байлығы» десек, сол байлықты төкпей-шашпай жинап алған диқан қауымы зор қуанышқа кенелетін сәт те алыс емес.
Майя ҚОЖАБАЙ