Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа міндеттер жүктеді

Жаңа міндеттер жүктеді

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Көпшілік асы­ға күткен құжатта ел дамуына қажетті барлық өзекті тақырыптар кеңінен қамтылды.

Жолдауда көтерілген ең өзекті тақырып­тың бірі – елдегі сайлау жүйесі­не қатысты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы биыл Президент сайлауын, келер жылы Парламент сайлауын өткізуді ұсынды. Жалпы, Прези­дент­тің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс бо­латын. Алайда Қ.Тоқаев қазіргі геосаяси жағ­дайды ескере оты­рып, мемлекет­тігі­мізді нығайту жо­лында осындай бастама көтер­генін айта кеткен жөн.

Сондай-ақ Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет екенін мәлімдеді. Осы­лайша, Президент мандатын ұзақ­тығы 7 жылдық бір мерзіммен шек­теуді ұсын­ды. Мұндай бастаманың бірқатар артық­шылығы бар. Біріншіден, 7 жыл кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға қажет. Сондықтан мандатты осындай мерзім етіп бел­гілеу бас­та­ған істі аяғына дейін жеткізіп, жоспарды толық орын­дауға молынан жетеді.

Осы орайда, кейінгі кезде Парла­мент­тің жұмысына қатыс­ты көптеген өз­герістер болғанын айта кеткен орынды. Ен­деше, елімізде саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша жүзеге асып жатқаны анық. Жаңарған Ата Заңымыз әділ әрі ашық ере­желері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стан­дарттарын енгізеді. Келесі жылы өткізілетін Парламент және мәслихат сайлауы көпшіліктің мүддесін біл­діретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтауға жол ашады. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз.

Алдағы бір жылда елімізді үлкен сая­си өзгеріс күтіп тұр. Биыл Президент сай­лауы, келесі жылы Мәжіліс және мәсли­хат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақ­­талады. Соның нәтижесінде, 2023 жыл­дың ортасында Президент, Парла­мент, Үкімет сияқты негізгі саяси инсти­тут­тардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады. Қорыта айтқанда, биылғы Жолдауда ел дамуына, демократияның даңғыл жо­лына түсуге қажетті бағдар айтылды. Жолдауда айтылған мәсе­лелерді жүзеге асыруға Үкімет пен Пар­ламент те, қоғам да атсалысуға тиіс.


Расул ЕСЕНОВ,
Қызылорда облыстық
мәслихатының депутаты
06 қыркүйек 2022 ж. 280 0