Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдағы мәселелердің нақты шешімі қамтылған

Қоғамдағы мәселелердің нақты шешімі қамтылған

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауында да көпшіліктің күткен түйткілді мәселелер қозғалды. Жолдаудың өн бойынан мемлекетті дамытуда ашықтық, жариялылық ұстанымы айқындалғаны анық байқалады. Сондай-ақ қоғамдағы шиеленісіп тұрған көптеген мәселелердің нақты шешімі бағдарланған.

Жолдауда елді елең еткен жаңалықтың бірі – биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауынын өтетіндігі туралы ұсынысы. Бұл құптарлық жағдай. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құру жолында жаңа сенім мандатына ие болу қажет. Сондықтан алдағы сайлауда өз кандидатурасын ұсынатынын, Президент сайлауына баруға дайын екенін мәлімдеді.

Жалпы Жолдауда айтылған әрбір жолдың астарында елге деген жанашырлық пен қамқорлық жатыр. Әсіресе балалардың болашағы үшін жасалған қадамға қуанбаған жан кем де кем деп ойлаймын. Енді жас жеткіншектердің болашағы үшін қаржы жиналып, мемлекеттің қамқорлығын әрбір отбасы сезінетін болады. Бұл Балалар жылы аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуы аса маңызды болмақ. Яғни, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Шын мәнінде, бұл қаражат өскелең ұрпаққа кәмелеттік өмірге нағыз жолдама болары сөзсіз.

Одан бөлек, мемлекеттік қызметкерлердің қарапайым халықпен санаса, бірлесе отырып жұмыс жасау, яғни «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын жандандыруға қатысты нақты міндеттерді атап өтуі де өте құптарлық. Себебі, қандай да бір мәселеде ел-халықтың пікірі мен көзқарасымен санасу өркениетті мемлекеттің негізгі қағидасы болмақ. Айта кетейін, Президенттің шетелден жеткізілген келген көліктерге қатысты да оң шешім шығаруы ел тұрғындары үшін жағымды жаңалық болды.

Сот жүйесі, құқық қорғау саласына енгізілуі тиіс реформалардың да өзекті екені түсінікті. Олардың сапасын арттыру ел тұрақтылығының беріктігін қамтамасыз етпек. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауы да негізгі қордаланған мәселерді дөп басып айқындап, нақты шешімін көрсетті. Сол себепті де жұртшылықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Енді тек Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға еңбектенуіміз керек.


Марат ЕСПЕНБЕТОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы
01 қыркүйек 2022 ж. 273 0