Орысша жазады, қазақша айтады
Депутаттық қызметтің редакторлық жұмыспен ұқсастығы өте көп. Екі қызметте де халықпен тығыз байланыс орнатып, қоғам мүшелерімен бірге түрлі салада ел игілігі үшін жұмыс істейсің. Осыны ескерген жергілікті атқарушы билік жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар беру бойынша аудандық комиссияға мүше болуға ұсыныс айтып, келісім берген болатынбыз.
Аптаның сәрсенбісінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар беру бойынша аудандық комиссия отырысы өтті. Комиссия құрамындағы аудандық мәслихаттың жалғыз депутаты ретінде кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтардың бизнес жоспарларын атқарушы билік және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірге мұқият зерделеп, лайықты жобаларға қолдау білдіруге тырыстық. Грант алуға Тереңөзек кентінен бөлек Аманкелді, Бесарық, Шаған, Нағи Ілиясов ауылдарынан ең көп үміткер құжат тапсырыпты. Қалған ауылдардан шамамен 7-10 азаматтан келіп, өздерінің қолға алған жұмыстарын баяндап, сұрақтарға жауап берді. Сондықтан комиссия отырысы таңғы сағат 09.00-ден өте басталып, түскі үзіліссіз кеш қарайғанша және келесі күні де жалғасты.
Айтайын дегенім, қазақ мектебінде оқыған, қазақы ортада өскен кейбір азаматтар, оның ішінде Тәуелсіздік жылдарында туған өрімдей жастар өздерінің бизнес жоспарларын орыс тілінде әзірлепті. «Бизнес жоспарды қай тілде әзірледіңіз, сол тілде қорғаңыз» десек, «Орысша білмеймін, түсінбеймін, өз ойымды жеткізе алмаймын» дейді. Бұдан не ұғуға болады. Әрине, ол азаматтар бизнес жоспарды өзі жазбаған, біреуге ақы төлеп жазғызып алған болып тұрғаны ғой. Қалай ойласақ та, бұл ұят. Осындайда санамызға әншейінде мемлекеттік тілдің мәртебесіне мән бермейді деп Үкіметке сын айтып, мін тағуға бейім азаматтар неге өзгерісті өзінен бастамайды деген ой келеді.
Өз бизнес жобасын арқалап, кәсіптен нәсіп теремін деп Шаған ауылдық округінен Ольга Николаевна есімді азаматша келді. Ол ұлты орыс болса да жобасын қазақ тілінде әзірлеп, қазақша өте сауатты қорғап шықты. «Бизнес жоспарды неге орысша жазбадыңыз?» деп сұрасақ, «Болашақ тұтынушыларымның бәрі қазақтар, өзім де қазақпын ғой» дейді жылы жымиып кәсіпкерлікке ынтасы зор Ольга. Еріксіз риза болып, біз кәсіпкерлікке ден қойған ауыл тұрғынына қолдау білдірдік.
Қорыта айтқанда, орысша жазып, қазақша айтып, өз білім деңгейі мен пайым-парасатын көрсетіп жүргендер мемлекеттік тілдің мерей-мәртебесін көтеру барша азаматқа байланысты екенін ұғуы керек. Өз ана тілімізді өзіміз құрметтеп, төрге шығармасақ, мемлекеттік тіл саясатының дамуына ешкім көмектесіп, қолдау білдірмейтіні анық. Бұл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грантты иеленуге үміткерлерге ой салады деп сенеміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ