Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көркем мінезді асыл аға

Көркем мінезді асыл аға

«Әр адамның бағасы оның ой-ниетінің құндылығымен анықталады»
 
                                                                            Марк Аврелий

Басшыға да, қосшыға да, қатардағы еңбек­шіге де туған халқына қызмет етіп, ұлтыңды сүюден артық үлкен міндеттің болуы мүмкін емес. Кімге болса да бұл – ең бақытты, ең үлкен ізгілікті міндет. Бұл – ұлт рухын шыңдап, ұрпақтың уақыт көшінен қалмауы, ой-сананың дамуына, заман талабына сай алға өрлеуіне елдік мақсат-мұраттардың өрісін кеңейтіп, ке­ле­шекті қамтамасыз етуге жұмылдыратын ең киелі, ең қасиетті парыз.

Осы міндет пен парызды еңсеру, өмір талабынан шығу, уақыт салмағы мен аманатын арқалау – оңай шаруа емес. Жаратушы өзі жаратқан пендесінің тура жолмен жүріп, адал еңбек етіп, төңірегіне шуағын төге жүріп, көркем мінезбен өмір кешуін қалаған. Осы орайда әр кезеңнің көкжиегін кеңейтіп, ұрпақ қамын ойлап, оның келешегіне аянбай тер төгіп, өзінің абыройлы ісімен, үлгі-өнегесімен көпшіліктің есінде сақталатын ұлдарын ха­лық әдетте – тұлға деп таныған. Олай болса, әңгімемізге арқау болып отырған Хайрулла ағамыз сол тұлғалардың қатарынан орын алуға лайықты жан деп ойлаймын.

Біздің туған жеріміз Жалағаш ауданы, Ақсу елді мекені Сырдария ауданымен шекарада орналасқан. Қалжан ахун ауылымен жайылым, шабындық, егістіктері араласып жататын. Сондықтан қойы-қоралас, елі аралас ау­дандарының аптал азаматтары туралы да жас кезімізден хабардар болатынмын. Себебі, әкем Ұлы Отан соғысының ардагері, 20 жылдай жылқы малын өсірумен шұғылданды. Аяғы ұзын мал кейде Тереңөзек шекарасынан өтіп кететін уақыттары болатын. Әкеміздің қасында көмекші бола жүріп, Тереңөзектегі елдің абзал ағалары Сейіткамал, Сейіткерей, Жылгелді, Қасымбек, Ұлтанбек, Тәтихан, Тәңірберген, Шәріпжан, Өмірзақ, Сарбас, Хамит, Сұлтанбек, Әбләзи, Тыным, Сейдел, Қосан, Әбдібек, Орынтай, Хайрулла, Бәку, Қарсақбай, Әли аға, т.б. кісілердің есімдерін естіп, кейбірінің үйлерінен әкеммен бірге дәм татуға да тура келетін. Тәтихан аға, Сейіткамал әкеміздің үйінде болғанымыз есімде.

Міне, бізге Хайрулла ағамыздың және Әли, Қосан, Тәтихан ағаларымыздың есімі сол кезден таныс болатын. Оның бер жағында Айып, Арыстан, Жалғас сынды біздің нағашы әкелеріміз, Қойған әжеміз, Ізбасқан ағамыз осы Тереңөзекте тұрды.

2005 жылдың аяғында дәм-тұз бұйырып, Сырдария ауданына қызметке келдім. Етене араласу сол кезде басталды. Ауданның аумақ­тық басқармасының басшылығына келген күні Хайрулла ағам бастаған Әли аға, Сақтапов Мұхтар, Марат аға, Сергей Тоқсанбаев, Мұса Келдібаев, Қонысбек, Бақытжан Сауытбаев, Сайполла, Шахмұрат, Жомарт көкелеріміз келіп, арнайы құттықтап, жұмысыма сәттілік тілеп, баталарын бергені әлі есімде. Осындай кісілердің тілегі, аудан халқының кең пейілі, таза көңілдерінің арқасында 10 жылдың үстінде еңбек етіп, зейнеткерлікке осы ауданнан абыройлы шығу бақыты маған бұйырған екен.

Бір жолы аудан әкімінің орынбасарлығына кел­геннен 3-4 ай өткесін, ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасына лайықты кісі іздеп жатыр екен. Аудан әкімі Ибрагим Сражаддинұлы кабинетке шақырды. Барсам, әкімнің орынбасары Балшекер Өтегенова, музей директоры Алма Бақтиярова үшеуі отыр екен. Алма Бақтияроваға ұсыныс жасалып, ол кісі «ер адам дұрыс қой» деп, келісімге келе алмай отырғанын байқап, мен: «Хайрулла Әбенов ағайдың мүмкіндігі бар ғой» деп айтып қалдым. Ибекең: «Ал ағаңды көндіріп бер ендеше» деп бірден кесіп айтты. «Өй, мен айтсам келеді» деп өзіме сенімді болдым.

Сол жерде далаға шығып бара жатып, Ұмытпас Байдаулетовке (жалпы бөлім бастығы) «Машина бар ма» дедім. Ол бірден келісіп, екеуміз Хайрулла ағаның үйіне бардық. Жолай «тағы қалай болар екен, ағаны бір бейнетке итермелеп келе жатқан жоқпын ба» деген сауал көкейімде тұрды. Үйде Алтын жеңешем («Алтын» десе алтын адам еді) бар еді. Ағайға бұйымтайымды айтып едім, «Ой, басыма бәле сатып алып қайтемін. Одан да еркін демалайын, оған бара алмаймын, ренжіме» деп жауап берді. Сосын «Аға, мен де осы ауданға енді келдім. Ой-шұңқырын біле бермеймін. Сіздің бізге көмегіңіз болар, біз де сізге қамқорлық, қолдау жасармыз» деп өтіндім. Сонда иманды болғыр Алтын жеңешем: «Хайрош, мына інің келіп отырғанда сенікі не?! Барасың!» деді. Сөйтіп жеңгеміз екеуміз жабылып, Хайрекеңді көндіріп едік.

Иә, содан біз де абыройлы, Хайрекең аға­­мыз­дың да мерейі өсіп, қолынан келге­нінше аудан халқына қызмет етіп, 15 жылдай аянбай барын салып, ардагерлер кеңесінің төрағасы болып абыройлы еңбек етті. Ау­данға келген басшылардың барлығын да, ел халқын да ешкімді алаламай, адал ниетпен, тіл көмегімен, елдің бірлігін сақтап, елдің кейбір қиындықтарынан тыс қалмай, үлкен жауапкершілікпен жұмыс атқарды. Әрбір Жол­дауларға, елге келген министр, аймақ басшы­­­­­ларымен өткен келелі жиындарда өзіне Алланың берген тума таланты, сөз байлығы мен ой-өрісінің кеңдігінен шыққан ыстық ықыласын мәнді де, мағыналы етіп жеткізуші еді. Мінезге бай, орнықты парасаттылығымен елді тыңдата, ұйыстыра білді, елді қам-қор­лығына бөлеп, ауданның бірінші басшыларымен тең дәрежеде абыройлы еңбек етті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, жаны жай­саң Сейілбек Шаухаманов ағамыздың басшы­лығымен аймақтағы бүкіл ардагерлердің өмір­баяны, істеген қызметі, тұрғылықты жері жөніндегі есептер нақтыланып, компьютерлік базаға енгізуді қамтамасыз етті. Ардагерлердің географиясы немесе бедел, лауазымына қарамай, тең дәрежеде бәріне бірдей кезегімен түрлі іс-шараларға қатысуы, мадақталуы, демалуы, Астана, Түркістан сияқты қалаларға жолдамалар берілуі жолға қойылды. Ауданның ардагерлерін еліміздің түрлі демалыс орындарына жіберуді Хайрулла аға реттеп отыратын. Оның бергі жағында аудан территориясында орналасқан «Амангелді» (Шопан ата) шипажайын іске қостыртып, қаншама адамдардың демалуына, сауығуына жағдайлар жасалды. Ардагерлер осы жұмыстарға аудан басшыларымен бірге Хайрулла ағамызға риза­шылықтарын білдіретін. Осындай жұмыс­тардың басы-қасында ағамыз ақылшы, қам­қоршы бола білді.

Жалпы, менің қырық жылғы қызметтік өмірімде аса бір үлкен лауазымда болмаса да, тек қана партком хатшысы бола жүріп, өзде-рінің бір сөзді, өз позициясын берік, бір қалыпты ұстаған, елдің аса құрметіне бөлінген үш ауданда үш кісіні білемін. Біріншісі – Жалағаш ауданында Күзенов Жадырасын аға. Ол кісі отыз жылдай партком хатшысы болды. Екіншісі – Сырдария ауданында Дүйсебеков Төлеген көкеміз. Үшіншісі – біздің Хайрулла аға деп ойлаймын. Осы аталған ағаларымыздың аты да, істеген әділ қызметі де, елге, ағайынға жасаған қамқорлығы да ол кісілерді білетін адамдардың жүрегіңде ұзақ сақталары сөзсіз.

Хайрекең: «Біздің аудан бірінші басшыға қай кезде де «жарыған аудан». Көбейсіннен кейін ауданда ондай идеологтар болмады» деп, өз ойын бүкпесіз айтушы еді. Ауданды басқарған қайсы бір әкім болсын, Хайрекеңе қамқорлық та­нытып, қолдау көрсе­тті. Әсіресе, Ибрагим Әбибуллаев пен Ғанибек Қазантаевтың іл­типаты ерекше еке­нін байқайтынбыз. Ардагер­лер ортасында айтылған сын-ескертулерді әкім­дердің алдында дәлелдеп, талай жұмыс­тарға қозғаушы болды.

2006 жылдарда аудан тұрғындарын толған­дырып жүрген мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатты. «Сырдарияда коммунизм орнады» деуден аулақпыз, десе де салыстырмалы түрде тұрғындардың әл-ауқаты, тыныс-тіршілігі, мәдениеті мен елдің саяси ахуалы бірқатар аудандардан көш ілгері екендігі жасырын емес. Әрбір елді мекенге тегіс жолмен барып, көркейіп келе жатқан ауылдарды көргенде, осы ауданда жұмыс жасаған әр адамның жүрегінде мақтаныш сезімі пайда болып, осы жұмыстардағы елдің бірлігі, тір­лігіне Хайрулла ағаның қосқан үлесі орасан зор болғандығын айту – бізге парыз. Елдің барлық тілектерін бір-екі жылда орындап шығу, әрине мүмкін емес еді. Сол кездерде Хайрекеңді ортаға алып, ардагерлердің талай талқысынан шаршап шыққан уақыттарының да куәсі болдық. Дегенмен, сырбаз, үлкен парасат иесі, жер қозғалса да, қозғала қоймайтын орнықты, бірқалыпты мінезбен абзал ағамыз кімді де, неге де болса мойындататын.

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер аман болсын» дейді атам қазақ. Олай болса, Хайрулла ағаның тұстас, замандастарының қатары, білімді, абыз ағаларымыздың қатары сиремесін. Еліміз өсіп-өркендеп, халқымыз аман, тыныш болғай деп сыртта болсақ та, тілеулес болып жүреміз. Ағалығы мен абыз­дығын қатар алып келген Хайрекең ағаның жатқан жері жайлы, алды пейіш бол­ғай! Ұрпақтарына Алла амандық, саулық, мол несібе, береке-бірлік беріп, өсіп-өркендей берсін деген ниетімізді білдіремін.




Батырбек МӘНШӘРІПҰЛЫ,
Сырдария және Жалағаш
аудандарының Құрметті азаматы

20 тамыз 2022 ж. 276 0