Салық жүйесі оң болса, түсім де мол болады
14 тамыз – Мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күні, яғни салықшылардың төл мерекесі. Аталған саланың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында алатын орны ерекше. Осы ретте, Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ашраф Жусуповпен сұхбаттасып, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы әңгімелескен едік.
– Ашраф Шағдатұлы, ең алдымен өзіңізді және ауданның салықшыларын кәсіби мерекемен құттықтаймын. Бүгінгі сұхбатымызды еліміздегі салық органдарының құрылу тарихынан бастасақ.
– Рақмет, Сізге! Бұл – елдің экономикалық дамуына елеулі еңбек етіп жүргендердің ортақ мерекесі. Елімізде салық органдарының құрылуы мемлекеттің егемендік жылдарынан бастау алады. 1991 жылға дейін елде көбінесе экономиканы басқарудың әміршіл-әкімшіл жүйесіне, бағаларға қатаң мемлекеттік реттеуге сәйкес келетін салық жүйесі қызмет етті. Бюджеттің басты кіріс көздерінің бірі болған айналым салығы тіркелген бөлшек сауда және көтерме сатып алу бағаларын қолдануға және мемлекетті реттеп отыруға бағытталды. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін республикада жаңа салық жүйесі қалыптасты. Атап айтқанда, 1991 жылғы желтоқсанның 25-інен бастап біздің елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңға негізделді. Бұл заң салық жүйесін құрудың қағидаттарын, салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін белгіленген алғашқы құжат еді. Осы заңға сәйкес Қазақстанда 1992 жылға қаңтардың 1-нен бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді. Қазақстан Республикасының Үкіметі 1995 жылдың басында салық реформасының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын қабылдап, онда еліміздің салық жүйесі мен салық заңнамасын бірте-бірте халықаралық салық салу қағидаттарына сәйкестендіру көзделді. Осыған байланысты «Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы» 1995 жылғы сәуірдің 24-інде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды. Ал еліміздің мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі 14 тамызда атап өтіледі. Себебі, 2014 жылдың дәл осы күні салық, кеден комитеттері және қаржы полициясы экономикалық-қаржы бойынша тергеу саласымен біріктіріліп, Мемлекеттік кірістер комитеті болып өзгерді.
– Кәсіби мереке қарсаңында Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысына тоқталып өтсеңіз.
– Біз биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жоспарлы жұмыстарды артығымен атқарып келеміз. Мәселен, басқармамен алғашқы 6 айда мемлекеттік бюджетке 3 084 004,5 мың теңге салықтар мен түсімдер түсіріліп, 2 561 810,0 мың теңге болжамы 120,4 пайызға орындалды. Яғни, бекітілген болжам 522 194,5 мың теңгеге артық орындалды. Оның ішінде, республикалық бюджетке 250 809,4 мың теңге түсім түсіріліп, болжам 246 852,0 мың теңге, яғни 101,6 пайызға орындалып отыр. Ал жергілікті бюджетке 2 833 195,1 мың теңге түсім түсіп, болжам 122,4 пайызға артық түсті. Өткен жылмен салыстырғанда жергілікті бюджеттің түсім қарқыны 102,6 пайызды құрады. Осы тұста, артық төлемдер мәліметін де айта кеткен жөн. Жыл басына артық төленген сома 595 773,9 мың теңгені құраса, жартыжылдықта 505 918,4 мың теңгені құрап, атқарылған жұмыстар нәтижесі 84,9 пайызға азайған. Ал жекелеген салық түрлері бойынша «БСК 104101» артық төлем сомасы 2055,7 мың теңгеге көбейіп отыр. Артық төлемнің өсу себебі ірі мұнай компаниялары өткен жыл үшін декларацияларын шегерімге тапсырған есебінен болған.
– Саладағы тәуекелдерді басқару жүйесінің бірі болып камералдық бақылау жүргізу қағидасы белгіленген. Осының нәтижелерімен бөліссеңіз.
– Басқармаға келген хабарламаларды өңдеу барысында камералдық бақылау қорытындысымен нақты ақшаны өндірілу деңгейі тұрақты бақыланып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы хабарламаларды шығару режимі арқылы жыл басынан 193 хабарлама қалыптастырылып, мерзімінде өңделді. Бұл ретте, индикаторлар көрсеткіштерінің 4.2 тармағы есепті кезеңде төлем тапсырмасымен өндіріп алудың үлес салмағы 50 пайыздан кем емес қамтамасыз ету бойынша нәтиже 89,7 пайызды құрап отыр. Бұдан бөлек, қосылған құн салығы бойынша тіркеуде тұрған салық төлеушілердің салық есептілігіне камералдық бақылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар шаруашылықтардан 12 815,1 мың теңге ақшалай түсім түсірілді. Басқа салық төлеушілердің анықталған бұзушылық айырма сомасы бет есептегі артық сома негізінен жойылды. Ауылшаруашылық өнімін өңдіруші, яғни күріш дақылдарын егетін салық төлеушілерді әкімшіліктендіру мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіндегі егілген егіс көлемін, бөлінген қаржы сомасын, суға берілетін нормативтік есептерін «Казсушар» РМК-нің мәліметімен талдау жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерден қосылған кұн салығы бойынша 2021 жылдың 4 тоқсаны үшін қосымша салық есептілігін тапсыру арқылы 4,8 млн теңге есептеліп, ақшалай өңдірілді. Сонымен қатар күріш көлемін анықтау мақсатында шаруашылықтар деңгейінде күрішке бөлінген және егіліп отырған жер телімдерін нақтылау үшін әр шаруашылық бойынша егіс алқабының көлемін зерделеуге аудан әкімінің өкімімен жұмысшы топ құрылды.
– Салық қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі төлемдер мен түсімдерді уақытылы орындау екені айқын. Осы төлемдер мен түсімдерде кейде берешек қалыптасады. Оларды қайтару бағытында атқарылған жұмыстарды айтып өтсеңіз?
– Әрине, басқарма тарапынан салық төлеушілердің қалыптасқан берешек сомаларын азайтуға байланысты және салық пен бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша түсімдерінің мерзімінде, толық төленуі тұрақты бақылауымызда. Мәселен, жыл басында салық төлеушілердің берешегі 1 373,9 млн теңге болған. Бірінші тоқсанда бұл берешекті 989,0 мың теңгеге, ал алғашқы жартыжылдықта 886,2 мың теңге болып қалыптасты. Яғни, жыл басымен салыстырғанда берешек 64,5 пайызға азайды. Сондай-ақ есепті мерзімде міндетті зейнетақы жарнасы бойынша «1 СТ»-ден 12,0 мың теңге берешек қалыптасты. Одан бөлек, әлеуметтік аударымдар мен міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры бойынша да берешек бар.
Бүгінгі таңда өндірістік емес төлемдер бойынша берешек көбейіп отыр. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша алты айлықта 352 салық төлеушіден сомасы 8 484,6 мың теңге берешек қалыптасқан. Осыған орай, басқарма тарапынан берешектерді өндіру мақсатында 320 көлік иелерінің іс құжаттары жеке сот орындаушыларына жолданды. Одан бөлек, ауданға қарасты кент және ауыл округтерінің әкімдіктеріне көлік салығы бойынша берешегі бар салық төлеушілердің тізімі жасақталып, апта сайын берілуде. Бұл жұмысты басқарма қызметкерлері бақылауға алып, күнделікті есебі алынуда.
– Кей жағдайда акцизделетін тауарлармен заңсыз айналысатындар кездесіп жатады. Биылғы жартыжылдықта сондай жағдайлар орын алды ма?
– Біз ауданға қарасты кент және ауылдық округтерге заңсыз акцизделетін өнімдерді сату фактілерін анықтау бойынша рейдтік тексеру жұмыстарын тұрақты жүргіземіз. Биыл да рейдтік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Айдарлы және Іңкәрдария елді мекендерінде заңсыз бензин өнімдерін сату фактісі анықталды. Бұған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 463 бабы, 1-тармағымен әкімшілік бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 108 литр бензин өнімдері тәркіленді. Және де аудандық сотқа іс материалдары жолданып, 64324 теңге айыппұл салынды. Ескерте кетейін, акцизделетін тауарларды заңсыз айналымға шығаруға рұқсат етілмейді.
– Жасыратыны жоқ, біздегі салықтық түсімнің бір бөлігі мұнай компанияларына тиесілі. Десе де соңғы кездері мұнай компанияларының жағдайы мәз емес. Олардың мүлік салығын орындау көрсеткіші қандай?
– Иә, жергілікті бюджетке түсетін салықтық түсімнің 17 пайызын мүлік салығы құрайды. Басым көпшілігі мұнай-газ компанияларына тиесілі. Өкінішке қарай, мұнай компанияларының мүліктерінің құны бастапқы құнынан 80-90 пайызға амортизациялық тозығы шығарылған. Ол мүлік салығының күрт төмендеуіне әсерін тигізіп отыр. Сол себепті басқарма тарапынан ірі мұнай компанияларының мүлік салығына талдау жүргізілді. Нәтижесінде, ірі көлемде мүлік салығын азайтқан кейбір мұнай компаниялары, мұнай өндіру лицензиясы мерзімінің аяқталатыны белгілі болып, «Үлкен төрттікке» жататын аудиторлық компаниялар тәуелсіз аудит жүргізіп, тіркелген активтерге жедел өсу амортизациясын қолдануды ұсынған. Яғни, мүлік салығының 2019 жылмен салыстырғанда, 2024 жылдан бастап 1,7 млрд теңге түсім түспейіндіндігі белгілі болып отыр. Осыған қарамастан, басқарма тарапынан мұнай компанияларының тапсырған салықтың декларацияларына камералдық бақылау жүргізу барысында аудандық бюджетке қосымша резерв 80 000,0 мың теңге мүлік салығы есептеліп, толық өндірілді. Бұл ретте, бізге мұнай көлемінің азаюы мен компаниялардың келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты басқа түсім көздерін іздестіруіміз қажет.
– Бүгінде Мемлекеттік кірістер органдарында жаңашылдықтар мен өзгерістер жетерлік. Оларды тұрғындарға дер уақытында ақпараттандырып отыру керек. Оның бір жағынан сала жұмысының беделін көрсететіні белгілі. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Біз Мемлекеттік кірістер органдарының беделін көтеру мақсатында аудан әкімдігімен бірлесе отырып, жылдық жоспарды бекітеміз. Сол бойынша басқарма қызметкерлері мен салық төлеушілерге түсіндірме жұмыстары жыл бойы жүргізіліп келеді. Аудандық газет пен әлеуметтік желілерде ақпараттық хабарламалар жарияланады. Сондай-ақ саладағы жаңалықтарға байланысты семинар-кеңестер және дөңгелек үстелдер тұрақты өткізілуде. Алғашқы жартыжылдықта 8 ашық есік күні, 25 дөңгелек үстел, 1 рет телеарнаға сұхбат және баспа басылымдарына 3 мақала жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаты бойынша да тиісті іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай жоспарлы жұмыстар уақытылы атқарылуда. Ең бастысы, салық жүйесі оң болса, түсім де мол болатыны белгілі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ердос БЕРКІНБАЕВ