Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалынды жастар – жарқын болашақ

Жалынды жастар – жарқын болашақ

12 тамыз – халықаралық жастар күні мерекесі. Ел жастары – қай мемлекетте болмасын негізгі күш, белсенді буын өкілдері. Білімді әрі дарынды жастар қай елде де асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Болашақ – бүгінгі жастардың қолында. Олардың бүгін білім алуы, жан-жақты дамуы маңызды. Осы ретте әр аймақта жастар саясатын іске асыру бойынша арнайы орталықтар жұмыс жасайды. Мереке қарсаңында Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ғани Ораловпен сұхбат құрып, соңғы алты ай көлемінде атқарылған жұмыстар жайын талқылаған едік.

– Ғани Мүзапбарұлы, жастар мемле­кеттің негізгі қозғаушы күші дейміз. Біздің ауданымызда жастар саясаты мәселелері негізінде қандай іс-шаралар өткізілуде?

– Иә, 2022 жылғы есеп бойынша Сырдария ауданындағы халықтың 27 пайызын 14-29 жас аралығындағы жастар құрап отыр. Санға шақсақ, 8144 жастар санатындағы тұрғын бар. Жастар ұйымдары іске асырған жобалардың қаржыландырылу көлемі де жыл сайын артып келеді. Бұл көңіл қуантарлық жайт.

2022 жылы ауданымызда жастар сая­са­тын жүзеге асыру бойынша және аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің іс-шаралар жоспары аудан әкімі М.Ергешбаевпен бекітіліп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріліп, жұмыстар жасалуда. Аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің іс-шарлар жоспарына сәйкес, 1 рет кеңес отырысы өткізіліп, 3 мәсе­ле хаттамаланды.

Нақтырақ айтсақ, аудан көлемінде қаңтар-сәуір айларында 52 іс-шара ұйымдастырылып, оған 1050 жас қамтылды. Мақсатымыз аудан жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау. Сондай-ақ оларды түрлі игі­лікті іс-шараларға ұйыстырып, аудан жас­тарының жақсы қарым-қатынаста болуын қамтамасыз ету. Осы ретте, жастар арасында діни ағымдардың алдын алу бойынша және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша пробация есебіндегі жастармен арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Және жастарды саламатты өмір салтына насихаттау бағытында спорттық іс-шаралар, аудан жастарымен кездесу, қайырымдылық шаралары, сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында түнгі рейд, өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша арнайы кездесулер, ауқымды мерекелік іс-шаралар, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қоса, әртүрлі бағыт бойынша 90 жасқа кеңес беру жұмыстары атқарылды.

– Жастарға арналған, орталық ұйым­дастырған іс-шараларға қатысып, біз де куә болып жүрміз. Солардың ішінше қайырымдылық іс-шаралары туралы ай­тып қалдыңыз. Нақтырақ тоқталып өтсеңіз?

– Аудан жастарын қайырымдылыққа насихаттап, мейірімділікке тәрбиелеу мақсатында түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдас­тырылады. Жастар аудандық мешітпен бірлесе отырып та, жеке тұлғаларға көмек көрсетіп жүр. Сонымен қатар, «Еріктілер штабы» жанынан азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және тұрмыстық техниканы қабылдайтын «Қайырымды жандар бұрышы» тұрғындардан жиналған заттарды қажет еткен жандарға таратады. Осы ретте, тұрғындарға тұрмысқа қажетті заттарды аудандық жастар ресурстық орталығына әкеліп өткізуге болатынын айта кеткіміз келеді. Жарамды заттар мұқтаж отбасыларға таратылатын болады. Сондай-ақ, Аманкелді ауылының жастарынан құрылған «Жалын» еріктілер штабын айта кеткеніміз жөн. Арнайы жасақталған жастар қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ұдайы қол ұшын созып, тұрмыстық жағынан да, материалдық жағынан да көмек көрсетіп келеді.

– Ел іші болған соң, бұзығы да, түзуі де болады деген. Осы ретте аудандық пробация есебінде тұрған жастар туралы айта кетсеңіз?

– Қазіргі күні аудандық пробация қызметі есебіне 14-29 жас аралығындағы 13 жас тір­келіп отыр. Аталған жастарды оңалту, психо­логиялық кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық 67,1%-ға төмендеген.

– Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Әкелер мектебі» мен «Ерке Zhan» қыздар клубының негізгі мақсаты қандай?

– Аталған клубтардың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы рөлін арттыру. «Әкелер мектебінің» төрағасы – аудан, облысқа белгілі спорт ардагері, тоғызқұмалақтан ҚР чемпионы, өнегелі отбасы иесі Мектепхан Елеусінов. «Әкелер мектебі» аудан жастарымен түрлі тақырыптағы кездесулер өткізіп келеді. Оның барысында отбасындағы әкенің рөлі туралы танымдық іс-шаралар ұйымдастырады. Ал «Ерке Zhan» қыздар клубының бұлай аталу себебі «Ерке» қыз баласына тән қылықты көрсетсе, «Zhan» «жанұя» сөзінен деп түсіндіріледі. Клубтың мақсаты – нәзік жандыларды әдеп пен сыпайылыққа, инабаттылық пен адамгершілікке, мейірімділік пен қамқорлыққа баулу, тәрбиелеу. Жас жеткіншектерге қыз баланың алдында қоғамның, елдің, ұлттың болашағы мен үлкен жауапкершілік тұрғанын ұғындыру. Сонымен қатар бұл ұйым қазақ қызына сұлулық пен денсаулықты, саламатты өмір салтының басты қағидаларын, өмірлік қажеттіліктерді үйретуді көздейді. Клуб негізінде әр саладан әйел-аналар, қыздарымыз басқосу өткізіп тұрады. Соның негізінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

– Жастар ісіне қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жөнінде айтып өтсеңіз.

– Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығы арқылы 134 жас тұрақты жұмысқа орналасты. «Жастар тәжірибесіне» респуб­ликалық бюджеттен 192 млн 969 мың теңге қаржы бөлініп, 132 жас бағдарлама арқылы алғашқы жұмыс орындарына жолданды. «Қоғамдық жұмыстарға» республикалық, жер­гі­лікті бюджет және «Ұлттық қор» арқылы 523 млн 443 мың теңге қаржы қаралып, 81 жас қоғамдық жұмыстарға жіберілді. «Ұрпақтар сабақтастығы» бойынша алғашқы жұ­мыс орнына 11 жас жұмысқа жолданды. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарына 6 жас, кәсіби оқуға 2 жас жолданып, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 231 жас кәсіпкерлік оқулардан өткізілді. Және «Жасыл ел» бағдарламасы негізінде биылғы мау­­сымда 220 жас жұмыспен қамтылды. Ал «Дип­ломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылға қаржы қаралып, құжаттар қабылдануда.

– Аудандық жастар ресурстық орта­лығында қанша маман жастар саясатын тиімді жүзеге асыру барысында жұмыс жасап отыр?

– Қазіргі таңда, «Сырдария аудандық жас­тар ресурстық орталығы» КММ-де бар­лығы 7 маман, кент және ауылдық округтер бойынша 14 маман жұмыс жасайды. Орталықтың ұйытқы болуымен өткізілген іс-шаралар ұдайы әлеуметтік желілерде жария­ланады. Орталықтың ресми парақшалары үздіксіз жұмыс жасап, халықты барынша ақпараттандырып отырады. Сондай-ақ жаңалықтар жаршысы атанған, аудан айнасына айналған «Тіршілік тынысы» газеті әркез ақпараттық қолдау көрсетіп келеді.

– Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби «Жас жеткіншектеріңізді көр­­­сетіңіз, мен сіздердің болашақ­тарың­ызды айтып берейін» дейді екен. Сол айтпақшы, ел болашағының жар­қын көрінісі жастар болса, жастар саясаты мәселесі де ауқымды тақырып. Осы салада жүргізіп келе жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын деп тілек білдіреміз. Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
13 тамыз 2022 ж. 325 0