Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 23 жоба жүзеге асырылуда

23 жоба жүзеге асырылуда

Жол салу мәселесі қашан да өзекті. Көше жолы асфальттанып, жарықпен қамтамасыз етілсе, халыққа қолайлы болмақ. Осы ретте, жыл сайын ауданда көше жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тегіс жолдардың көлемі артуда.

Жалпы, ауданда биылға 31,4 ша­қырым автомобиль жолдарын жөн­деу жоспарланған. Тиісінше, осыған бюджет көздерінен 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 23 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда оның 17 жобасы бойынша жұмыстар атқарылып жатса, қалған 6 жобасына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Тереңөзек кентінде 7 көше, Бесарық елді мекенінде 6 көше, Қоғалыкөл елді мекенінде 2 көше және «Ауыл – Ел бесігі» бағ­дарламасы аясында Ақжарма ел­ді мекенінде 5 көше, Н.Ілиясов ел­ді мекенінде 11 көшенің жөндеу жұ­мыстары жүргізілу үстінде. Сонымен қатар аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 146,5 млн теңге қаржыға «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының 9 шақырымына орташа жөндеу жұ­мыстары аяқталуда. Оған қоса, осы жылы «Қызылорда-Жалағаш-Тереңөзек (0-3 шақырым)» автомобиль жолына орташа жөндеу» жобасы бойынша да жұмыстар атқарылуда.

– Биыл 2021 жылдан өтпелі бол­­ған жергілікті маңызы бар «Қы­­­зылорда-Жалағаш-Тереңөзек (0-3 шақырым)» автомобиль жолы­на орташа жөндеу» жобасы бар. Бұл жобаға 2021 жылы жөн­деу жұмыстары басталып, 1,5 ша­қы­ры­мына асфальт жабындысы­ төсел­ді. Бүгінгі күнде жобаның қал­ған қаржысы облыстық бюджет­тен бөлініп, мердігер мекеме 2022 жылға жоспарланған 1,5 ша­қырым асфальт жабындысын төсеу жұмыстарын бастады. Қазір­гі таңда бөлім мамандарымен жөндеу жұмыстары тұрақты қада­ғалауға алынған. Сонымен бірге ав­томобиль жолына төселген асфальт жабындысы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиа­­лымен тексерілетін болады жә­не қорытындысы бойынша тапсырыс берушімен қабылданатын болады, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңіс­бек­ Файзуллаев.

Биылғы жоспарланған 23 жоба толығымен аяқталып, жол сапа­лы салынса, оның аудан хал­қы үшін тигізер септігі мол. «Жол қа­дірін жүрген білер» демек­ші, асфальттанған тегіс жол жол­ға шық­қан әрбір тұрғын үшін тиімді болары сөзсіз. Сондықтан қазіргі төселіп жатқан жол жабынды­ла­ры­ның сапасы үнемі бақылауда бол­ғаны дұрыс.

Айта кетейік, 2023 жылға рес­публикалық бюджеттен қаржы­лан­дыруға Тереңөзек кенті және елді мекендердің көшелерін орташа жөн­деу бойынша жалпы 41 жоба облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған.


Ердос БЕРКІНБАЕВ
30 шілде 2022 ж. 490 0