Жұмыстардың сапалы орындалуы тұрақты бақылауда
Әні-міне дегенше жыл ортасына да жақындап қалдық. Ауданды көркейтуге қатысты жұмыстар жоспарланып, соларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы жартыжылдық қорытындысымен тиісті нәтижелер де байқала бастайды. Осы тұста халық тұрмысының жақсаруына инфрақұрылымдық жұмыстарды іске асырудың маңызы зор. Өйткені, жол жөнделіп, көше жарықтандырылып, баспана жайы да шешеліп жатса, әлеуметтің әл-ауқаты арта түсетіні анық. Осы орайда ауданда жол салу, көшелердің жөнделуі, үй кезектілігі және газдандыру жұмыстарына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты. Бүгін бөлім басшысы Ж.Файзуллаевпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстарды сұрап білдік.
– Жеңісбек Исламұлы, алдымен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тізгінін ұстап, жаңа қызметке келуіңізбен құттықтаймыз! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз! Енді алғашқы сауалымызды қойсақ. Көпшілік елді мекендердегі көше жолдарын жөндеуге байланысты ұсыныстарын айтып жатады. Соған орай биылғы жол жөндеуге қатысты жоспарға тоқталып өтсеңіз?
– Тілектестіктеріңізге рахмет! Сырдария ауданының дамуы жолында еңбек ететін боламыз! Бұл жолда аудандық редакция ұжымымын бірлесе жұмыс жасап, жетістіктерімізді ақпараттандырады деген сенімдемін!
Енді негізгі жұмысымыздың бір бағыты жол салуға қатысты жоспарға тоқталсам. Жалпы аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 499 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жол 44 шақырымды, облыстық маңызы бар жол 115,5 шақырымды және аудандық маңызы бар жол 105,7 шақырымды құрайды. Ал елді мекендердің ішкі көше жолдарының жалпы ұзындығы – 227,4 шақырым. Осы жерде атап өту керек, биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 98 пайызды қамтиды. Сонымен бірге ауылдардағы ішкі көше жолдарының 96 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайды көрсетіп отыр. Осыған қарап аудандағы автомобиль жолдарының өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда жақсы екенін аңғаруға болады. Десе де жол сапасы жыл өткен сайын нашарлай береді. Сондықтан бөлім тарапынан сапасы төмендеген жолдарды жөндеуден өткізуге жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұста тұрғындар тарапынан түскен өтініштер назардан тыс қалмайды. Жалпы 2022 жылға аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеуге барлық бюджет көздерінен 1 млрд 163,7 млн теңге қаржы бөлінді. Сол бойынша елді мекендердегі жолдарды қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары атқарылады. Бүгінде бірқатар елді мекенде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Өткен жылы ауданда жол жөндеуге байланысты қарқынды жұмыстар толастаған жоқ. Биыл да көптеген көшелер жөндеуден өтетін секілді. «Бірқатар елді мекенде» деп атадыңыз. Тарқатып айтып берсеңіз?
– Биыл «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолын, Бесарық ауылындағы 6 көше, ұзындығы 8,4 шақырым, Ақжарма елді мекенінде 5 көше, ұзындығы 6,2 шақырым, Қоғалыкөл ауылында 2 көше, ұзындығы 1,1 шақырым жол орташа жөнделеді. Ал Н.Ілиясов елді мекеніндегі 11 көше, жалпы ұзындығы 3,6 шақырым, қайта жаңғыртылатын болады. Яғни көше жолдары жөнделіп, аяқ су жүретін лоток, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы салынып, ауыл халқына жақсы жағдай жасалады. Бүгінде Бесарық және Ақжарма ауылдарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бөлім тарапынан олардың сапалы салынуы тұрақты бақылауда. Оған қоса, «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолының 11 шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланса, бүгінгі таңда 6 шақырымының құрылыс жұмыстары жүруде. Ал қалған 5 шақырым жол 2023 жылы жөнделеді. Алдағы уақытта Қоғалыкөл мен Н.Ілиясов ауылдарында жол жөндеу жұмыстары бастау алады. Одан бөлек аудан орталығы – Тереңөзек кентіндегі Б.Момышұлы көшесін орташа жөндеуге 38 млн теңге қаржы қаралды. Аталған көшені жөндеу де осы жылы жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз.
– Ауданға қарасты басқа да елді мекендердің көше жолдарын жөндеуге қатысты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біз барлық елді мекен көшелерінің сапасын қадағалап отырамыз. Бұл жерде ауыл халқының ұсыныстарын да ескереміз. Биылға Тереңөзек кенті, Айдарлы, Аманкелді, Шіркейлі, Шаған, А.Тоқмағамбетов, Қоғалыкөл ауылдарының ішкі жолдарын жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша тиісті қаражат бөлуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Сонымен қатар облыстық бюджеттен қаржыландырылатын Бесарық елді мекеніндегі 6 көшенің автомобиль жолынан үнемделетін 58,2 млн теңге қаржыны басқа да жобаларды іске асыру үшін кері бағыттау сұралады.
– Халықты баспанамен қамту – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселенің бірі. Бұл жұмыстарға да бөлім тарапынан арнайы мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бүгінгі таңда тұрғын үй кезектілігінде қанша адам бар?
– Бізде аудан халқына «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың есебін жүргізу және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру» мемлекеттік қызметі көрсетіледі. Соның негізінде қазіргі таңда аудан бойынша барлығы 559 азамат тұрғын үй кезектілігіне алынған. Олардың ішінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша 221, «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша 152, «Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша 41, «Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері» санаты бойынша 100 және «Жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған азаматтар» санаты бойынша 45 сырдариялық үй алуға өтініш берген. Ауданда тұрғын үй құрылыстары жүргізілгенде аталған санаттар бойынша тиісті кезектілікпен тұрғын үй беріледі.
Айта кету керек, аудан орталығын абаттандыру бойынша биыл бір жоба қаржыландырылып отыр. Тереңөзек кентіндегі А.Әлиакбаров көшесіндегі тұрғын үйлер аулаларын абаттандыруға 111 млн теңге қаржы қаралып, бұл жердегі 12 тұрғын үйдің ішкі абаттандыру жұмыстарын жақын арада бастау жоспарда бар. Мұның тұрғындар үшін маңызы зор.
– Бүгінде тереңөзектік тұрғындар көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өткен жылы берілген табиғи газдың халыққа септігі тиді. Осы тұста жобаға енбей қалған жаңа аймақ және жаңадан салынған тұрғын үйлерге газ құбырларын жеткізу жұмыстары қолға алынған еді. Соның нәтижесін айтып өтсеңіз?
– Әрине, табиғи газдың тұрғындарға қолайлы болғаны анық. Бүгінде Тереңөзек кенті бойынша 2162 үйдің 1476 жеке тұрғын үй, 40 көпқабатты тұрғын үй ішіндегі 185 пәтер, 13 әлеуметтік нысан, 48 кәсіпкерлік нысан мен 21 мекеме көгілдір отынға қосылып, барлығы 75 пайызды құрап отыр. Ал жобаға енбей қалған тұрғын үйлерге қатысты «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында «Тереңөзек кентінде орамішілік газ тарату (ақ дақтар) желілерінің құрылысы» жобасына республикалық бюджеттен 2021-2022 жылдарға 143,8 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар осы жылы аяқталып, жыл қорытындысымен кент тұрғындары толығымен табиғи газбен қамтылады.
Аудан орталығы газбен қамтылған соң елді мекендерді газдандыруға жұмыс жасалуда. Қазіргі таңда ауданға қарасты Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Соның нәтижесімен қажетті 2,8 млрд теңге қаржы бөлінсе, аталған ауылдарға да табиғи газ жеткізіледі. Осы жұмыстарды кезең-кезеңімен сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз ететін боламыз.
– Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан электрмен жабдықтауға қатысты мәселелер көп көтерілуде. Электр желілерінің тозуы салдарынан желді, жаңбырлы күндері жарықтың болмай қалу сәттері де жиілеп кетті. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды да тарқатып өтсеңіз?
– Иә, электрмен жабдықтауға қатысты тұрғындардың талап-тілектері жеткілікті. Осыны ескеріп бірінші кезекте әуе желісін жаңартуды қажет ететін Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Құжаттарды сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 22,1 млн теңге қаржы бөлінді. Осыған орай биыл аталған ауылдардың электр желілері толығымен жаңартылып, мәселе туындамайтын болады. Сонымен бірге аудандағы үлкен ауыл – Шағанда да бұл мәселе кезек күттірмейді. Сондықтан «Шаған елді мекенінің электр желілерін дамыту» жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаға қолдау көрсетілсе, Шаған ауылының да әуе желілері толығымен жаңаратын болады.
Жалпы аудан әкімінің қолдауымен салаға қатысты барлық жұмыстар жоспарлы ұйымдастырылып, олардың сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болады.
– Маңызды сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ
Ердос БЕРКІНБАЕВ